Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Түйе палуан» – Руслан Әбдіразақов

Atr.kz/7 қазан, 2019 жыл. Исатай-Махамбет алаңында «Дарабоз — 2019» республикалық турнирі аясында қазақ күресінен Халықаралық турнир болып өтті. Қала күніне орай  ұйымдастырылған бұл дүбірлі додаға қазақстандық танымал боз кілем шеберлерінен бөлек Польша, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей елдерінен де палуандар келді.

Қос батырдың атына қойылған алаңның төріне төселген боз кілемнің екі қапталынан қос ақ шаңқан киіз үй тігіліп, белдесуге бел буған 19 жігіт жеребе бойынша екіге бөлінді. Жарыстың ашылуында Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы, Моңғолия елінің батыры, дзюдодан Афина Олимпиадасының жүлдегері, Әлем чемпионы Хашбаатар Цагаанбаатар сөз алып, қатысушыларға сәтілік тіледі.

 Алғашқы белдесуде алаңға биылғы «Халық барысы» турнирінің жеңімпазы Дәурен Нұралинов пен ресейлік Василий Гагичаев шығып, тартысты кездесуде алматылық палуан ұпай санымен жеңіске жетті. Одан кейін кілемге биылғы «Атырау барысы» Сұңғат Закарияев пен шымқалалық Нұрсұлтан Мыңғышев шығып, жерлесіміз «жартылай жеңіс» ұпайымен келесі айналымға өтті. Келесі кезекте қос атыраулық кездесіп, биылғы «Қазақ барысы» турнирінде аймағымыздың абыройын қорғаған Руслан Ізғалиев  Айболат Қанашевтан басым болды. Тағы бір өреніміз Дулат Дагенов 2014 жылы «Қазақ барысы» атанған Мұхит Тұрсыновпен тең дәрежеде белдесіп, атақты палуан ұпай алу жолында біраз тер төкті.

Екінші белдесуінде жерлесіміз Руслан Ізғалиев  қазақ күресінен Әлем чемпионы Ерсұлтан Мұзафаровпен күресіп, қызықты кездесу барысында шымкенттік шымыр жігіт таза жеңіске ие болды. Бұлардан соң, қырғызстандық Айбек Әкімов пен 2017 жылғы «Қазақ барысы» Еламан Ерғалиев ортаға шығып, «Әскер барысы» атағы да бар Еламан айыр қалпақты қонақты ұпай санымен жеңді. Жарыс жолында «соқыр» жеребе белді балуандарымыз Арман Қалиев пен Сұңғат Закарияевты белдестіріп, бұл кездесуде Арманның ұпайы сәл басымдау  болды. Ол одан арғы кездесуінде «Қазақ барысы» турнирінде талай мәрте жүлдегер атанған алматылық Руслан Әбдіразақовқа есе жіберді.

            Бұлардан бөлек, бұл турнирде Европа чемпионы, польяк Данил Москал, әлем чемпионы, өзбек Елхон Жораев, Әлем және Азия чемпионы, моңғол Серік Бердімұрат өнер көрсетті. 

            Қызыққа толы кездесулер іріктеуінде бірінші  жартылай финалда  Ерсұлтан Мұзафаров пен Дәурен Нұралинов күш сынасты. Салмағы бар жоғы 90 келі болса да өзінен едәуір салмақтырақ қарсыластарын қоғадай жапырып келген Ерсұлтанның  бұл жолы да жұлдызы жоғары болды. Ол «Халық барысын» қапыда қалдырып кетті.

Ақтық айқасқа шығар жолдағы екінші кездесуде Моңғол елінен келген қазақ жігіті Серік Бердімұрат пен Руслан Әбдіразақов жолықты. Белгіленген уақыт бітер тұста алматылық палуан тамаша әдіс арқылы қарсыласының жауырынын жерге тигізді.

Үшінші орын үшін болған бәсекеде Дәурен Нұралинов пен Серік Бердімұрат бақтарын сынап, ата жұртына аяқ басқан моңғолиялық қандасымыз белдесуәнде басымдық танытып, қанжығасына 1 млн. теңгелік байрақты байлады.

Ал, ақтық сында Руслан Әбдіразақов пен Ерсұлтан Мұзафаров кездесіп, біразға дейін тірескен Ерсұлтан белдесу соңында «таза әдіске» түсіп қалды. Осылайша, ол 2 млн. теңгелік сертификатқа ие болды. Ал, «Түйе палуан» атанған Руслан Әбдіразақовқа 3 млн. теңгелік сертификат табысталды.  

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

tb

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button