ДЕПАРТАМЕНТТЕ – ЖАҢА БАСШЫ

ҚР Инвестиция және даму министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығымен осы комитеттің Атырау облысы бойынша департаментінің басшылығына Диас Жәнібеков тағайындалды.

Диас Асқарұлы 1986 жылы Орал қаласында туған. Білімі жоғары: Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Заң институтын экономист, құқықтану мамандықтары бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Рим қаласындағы «Ла Сапиенца» университетінде оқыған, әлеуметтік ғылымдар және гуманитарлық қатынастар магистрі. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі активтерді басқару департаменті директорының орынбасары, Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы, Индустрия және сауда министрлігі жергілікті мазмұнды және техникалық саясатты дамыту департаментінің бас сарапшысы, т.б. мемлекеттік құрылымдарда жауапты қызметтер атқарған. Соңғы үш жылдан бері Атырау облысы әкімі аппаратының индустриалды-инновациялық даму бөлімінің басшысы.

Қызмет атқарған мезгілінде Дияс Асқарұлы өзін білікті маман, талапшыл басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсеткен. Еңбегі лайықты бағаланып, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары әкімдерінің Алғыс хаттарымен, «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. Отбасылы, жанұясында бір ұл мен бір қыз тәрбиеленуде.

Департаменттің жаңа басшысын таныстыруға арналған жиынды Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев кіріспе сөзбен ашты. Одан соң сөз кезегін Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Дугалов алды. Ол өз кезегінде департамент басшысын тағайындау туралы бұйрығын оқып, қысқаша өмірдеректерімен таныстырып өтті.

 

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз