Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Туған жерін аялаған академик

Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың  өнегелі  өмір жолы туралы көптен жазылып келеді. Оның елу, алпыс, жетпіс, жетпіс бес  жасқа  толған мерейтойларында және сексен жылдығында  жарияланған ғылыми  мақалалар мен шәкірттерінің, замандастарының Зейнолла Қабдолұлының  жазушылық, ғалымдық, ұстаздық портреті және естеліктер том-том болып жарық  көруде. Бұл жазбалардың бәрінде оның проза жанрында, әдебиеттану  ғылымында, ұстаздық жолындағы қалдырған мұрасы мен әдебиеттегі,  әдебиеттану ғылымындағы орны, ұстаздық ұлағаты жан-жақты баяндалғанымен құнды.

%d1%82%d1%83%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d0%b5%d1%80%d1%96%d0%bd-%d0%b0%d1%8f%d0%bb%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d0%ba%d0%b0%d0%b4%d0%b5%d0%bc%d0%b8%d0%ba

Зейнолла ағамыздың жастық шағында асқаралы армандары болғаны сөзсіз. Басты мақсаты – қазақ әдебиетінде қолдан келгенше ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовше  еңбек етіп, іс тындыру. Сондай-ақ, оның алдында ұстазы сияқты үш салада еңбек  ету мақсаты тұрды: жазушылық, ғалымдық, ұстаздық. Шәкірт еш жалтақсыз осы үш бағытта толғанды. Зейнолла ағамыздың ғұмырының ондаған жылы легінде қанша архив қазынасын аударып, қағаз бетінде қаншама ұзақ жазу жазғанын, алдына қандай міндеттер қойып, қандай арман-мүдделеріне жеткенін бүгінгі күні анық біліп отырмыз. Бұлардың бәрі ғалым жазушыны ел алдында, халық алдында, әдебиет тарихында бедел-белгіге  жеткізіп, тарихта атын алтын әріппен жаздырды.

Оның ғұмырнамасынан жақсы білетініміз: ол – академик-жазушы, ғылым  докторы, профессор, бүкіл республика жасамыстары мен жастарының ұстазы, Қазақстан Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік және Пен-клуб, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтарының иегері, ұлан-ғайыр марапаттары қаншама! Бұл дәрежелердің бәрінің басы – он жеті-он сегіз жасында Алматыға  келіп, ҚазМУ-ге оқуға түсуден, ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовтен басталады. Оның содан кейінгі бүкіл өмірі еліміздің астанасында өтті. Бірақ, ол бір сәт те туған жерін ұмытқан жоқ. Туған топырағы көз алдында тұрды. Мұнайлы өлкеде балалық шағының белгісі, Доссордың майлы құмында оның жалаң аяғының ізі жатқанын кім білмейді?

Атырау үлкен бір облыс болса да, елдің шетінде екендігі әркез сезіліп  отырады. Ол Кеңес үкіметі кезінде қалай болса, егемендік алған кезімізде де  солай жалғасты. Мәселен, газет-журналдар мен хаттар бұрын қалай кеш жететін болса, бүгінгі күні де солай. Астанада басылған кітаптар мен көптомдықтардың  жұрнақтары ғана жетеді. Зейнолла  Қабдолұлы  бұрынғы институт, қазіргі университеттің тағдырына біте қайнасып, оның өміріне араласуын тоқтатқан жоқ. Ең алдымен, институтқа университет дәрежесін алып берді және оның аты ұлы ғалым, Атырау елінің біртуар перзенті Халел Досмұхамедұлының атымен аталуына күш салды. Атыраудың маңдайалды тумалары академик, заң ғылымының докторы, профессор Салық Зиманұлы  мен академик, филология ғылымдарының  докторы, профессор Зейнолла Қабдолұлының туған жерге деген перзенттік жұмыстарының нәтижесінде  қазір Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті кәрі Каспий жағасында білімнің қара шаңырағы деген атқа ие болып, ғылыми  еңсесін биіктетуде. Зейнолла Қабдолұлы Атырау және көрші облыстардағы журналист кадрлардың жетпестігін жіті ескеріп, өзі бас болып, 2001 жылы журналистика мамандығын ашып берді.

%d1%82%d1%83%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d0%b5%d1%80%d1%96%d0%bd-%d0%b0%d1%8f%d0%bb%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d0%ba%d0%b0%d0%b4%d0%b5%d0%bc%d0%b8%d0%ba-2

Филолог кадрлардың ғылыми дәрежесін көтеруді жалғастыруды ешқашан есінен шығармаған академик ҚазМУ-дің республика бойынша филолог-ғалымдар дайындайтын ұстаханасы болып есептелетін өзі басқарып отырған Қазақ әдебиеті кафедрасынан Атырау университетінің әдебиетші оқытушылары Айсұлу  Садықова, Гүлнар Жұмабаева, Айкүміс Қыдырбаева, Жайлы Балтоғаева, Маржан Ершуова, Гүлзира Аяпова, Баязи Әбдешов, Бибігүл Қайыржанова, Сәуле Дүтбаева  және басқалардың кандидаттық диссертацияларын қорғап, филология ғылымдарының кандидаттары ғылыми дәрежелерін алуларына көмектесті. Сөйтіп, университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының ғылыми ахуалы артты.

1999 жылы Атырау облысының әкімі болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетов облыс мәдениетін, ғылымын өрге бастыру мақсатында 2000-шы жылдан бастап, Атырауға көшіп келіп, еңбек етуге академик Зейнолла Қабдоловты, жазушы-композитор Ілия Жақановты, домбыра оркестрінің дирижері Шамғон Қажығалиевті, дүлдүл күйшілер Әзидолла Есқалиевті, Қаршыға Ахмедияровты, күміс көмей әншілер Сәуле Жанпейісованы, Ғафиз Есімовті шақырып, әрбіреуін баспанамен қамтамасыз етіп, барлық жағдайларын жасаған еді. Солардың ішінде Зейнолла Қабдолов, Қаршыға Ахмедияров, Ілия Жақанов Атырау университетіне жұмысқа келді. Зейнолла аға өзінің «Прометей алауы» – ҚазМУ-інен қол үзбей жүріп филология бөліміне «Әдебиет теориясы», «Сөз өнері: зерттеу мен зерделеудің методологиясы» пәндерінен 2004 жылға дейін дәріс оқып, университеттің барлық  қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Профессор-оқытушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тәсілдерінің құпия сырларына қанықтырды, көптеген насихат-кеңестер беруге бағытталған кездесулер өткізді. Университетішілік ашық лекциялар ұйымдастырып, жоғары мектепте дәріс оқып, тәжірибе сабақтарын жүргізудің әдіс-тәсілдерін үйретті.

Академиктің университет студенттерінің алдына талай рет шығып сөйлеп, ел егемендігі, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі, отансүйгіштік, адамгершілік, ұстаздық жайында сөйлеген сөздері әлі күнге жадымызда. Университетте төрт  жыл бойына еңбек еткен академик Зейнолла Қабдоловты университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері ұлы Мұхтар Әуезовтің шәкірті деп, ғұлама ғалым, зергер жазушы, кемеңгер ұстаз деп бағалайды. Оның өзінің туған жеріне, соның ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне тигізген шапағатын ешқашан ұмытпайды және оның рухына бас иеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button