«Туған жер» этно-мәдени жобасы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында жалғасты (ФОТО)
«Атырау-Ақпарат» ЖШС ұйымдастырған «Туған жер» этно-мәдени жобасы Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында жалғасты. Бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай ұйымдастырылып отыр.
Алдымен, медиасеріктестік тобы Сағыз ауылдық округіндегі Былқылдақты елді мекеніне барып, оның табиғатына көзайым болды. Сондай-ақ, белгілі ақын, саяси қуғын-сүргін құрбаны Закария Сағындықұлының атындағы саябаққа келді. Бұл саябақ жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған. Бүгінде жеке бизнес өкілдері Мұрат Көптілеуов пен Сағызбай Тастеміров, халықтың сүйікті демалыс орнына айналған саябақтың айналасына қоршау тұрғызып, 150 түп ағаш көшеттерін отырғызып, аса қажетті су желісін жүргізіпті. Келер жылы ақын Закария Сағындықұлының 125 жылдығы атап өтілмекші. Сол себепті, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары басталғаны айтылды.
Сонымен қатар насихаттық топ талай адамның дертіне дауа болған, қасиетті Балбұлақ су көзіне барып, оның киелі қырымен танысты.
Кейін, «Атырау-Ақпарат» ұжымы Сағыз ауылындағы Кенбай және №9 орта мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесті. Жиында Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласына байланысты ашық әңгіме өрбіп, жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатудағы «Туған жер» этно-мәдени жобасының маңыздылығы баяндалды. Сондай-ақ, Мұқыр, Сағыз ауылдық округтеріне қарасты мекеме, кәсіпорын, теміржол стансасының басшылары және қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды.
«Туған жер» этно-мәдени жобасының қорытынды кеші «Шұғыла» мәдениет үйінде өтті. «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Р.Сәбитов, Мемлекет басшысының концепциялық тұжырымдамасына қатысты пікір білдіріп, мақаладан туындаған бағыт-бағдарлардың мәні мен маңызын зерделеді.
Шара аясында облыстық, аудандық басылымдарға белсенді қолдау көрсетушілер, тілші-авторлар, жас қалам иелері мақтау-марапаттарға ие болды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Туған жер» этно-мәдени жобасы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылында жалғасын тапқан.
Бақытжан Жұмат
Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев