Жұмыс ауыр, жалақы төмен: теміржол төңірегінде мәселе көп

1 24 Жаңалықтар

Пойыздың жыры – сонау тәуелсіздік алғалы жырланып, бір жүйеге түспей келе жатқан тақырып. Баяғы ескі вагон, лас төсек-жабдық, пойыздардың көрінген стансада сағаттап тұруы. Жақында бір танысым «әуе билеттерін қолжетімді ету тетігін қарастыру керек.

Сонда ғана әуе компаниялары мен шойын жол мен жолаушы тасымалдаушылар арасында бәсеке туып, сервистік жағдай оңалар еді. Әйтпесе, «бәрібір халық билеті арзан теміржолды таңдайды» деген психология жойылмайды» деп еді. Бәлкім, бұл да орынды ма деп ойлайсың?

Іс тетігі – орталықта

Теміржолдың төңірегінде түйіні шешілмей келе жатқан мəселелер шаш-етектен. Бұған жолаушылардың шағым-базыналарын қосыңыз. Жиі сынға ұшырап жүрген теміржол қызметіндегі келеңсіздіктер туралы газетіміздің бұрынғы сандарында халық пікірін назарға ұсынғанбыз. Бұған себеп те жоқ емес еді.


Жергілікті жолаушылар тасымалына жауап беретін мекеме өкілдері біздің сұрағымызға тікелей жауап бере  алмайтынын, ол үшін орталықтың нұсқауы керектігін айтқан болатын. Ал, біз мұны түсіне алмадық. Теміржолдағы жолаушы тасымалы қызметінің сапасы, жөндеуді қажет ететін теміржол желілері туралы сұрағымызға жауапты «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының бас менеджері Жанна
Ойшыбаевадан алдық.

Бұл мəселелерге  жауапты – «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы «Атырау
магистралдық желі бөлімшесінің» филиалы екен. Магистралдық желінің пайдалану ұзындығы – 855,5 км. Негізгі жолдардың кеңейтілген ұзындығы – 851,8 км, станциялық жолдардың кеңейтілген ұзындығы – 373,1 км.
Теміржол бойында 56 көпір, 200 құбыр жəне 56 өткел бар. Компания өкілі Жанна Бақтығұлқызының мəліметінше, барлық жолдар мен құрылыстар техникалық пайдалану қағидаларының талаптарына сай. Десек те, жөндеуді қажет ететін жолдың жалпы ұзындығы 313 км (36,7%) екен. Жоспар бойынша биыл 55,5 км
жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.


Халықтың үнін естімей…

32 жылдан бері теміржол саласында жол жөндеуші болып қызмет еткен Исатай ауданының тұрғыны, зейнеткер Əбила Сəлиеваның саладағы қазіргі жұмысқа көңілі толмайды. Тіпті, сеніп тапсырылған жұмысқа жас мамандар немқұрайлылық танытатын көрінеді.
– Жол жөндеуші болып, 1978 жыл-дан бері еңбек еттім. Біздің міндетіміз – жүк жəне жолаушылар тасымалының кідіріссіз қызмет етуіне жағдай туғызу.


Əр жұмысшыға бекітілген жұмыс учаскесі бар. Сол телімге мығым болу керек. Рельстің жоғары-төмен шығып кетпеуін қадағалап, тапсырылған материалдарды үнемдеп ұстап, бұрандалар (болт) мен қаптамаларды (облицовка) керек жерінде пайдаланып, түгендеп отырған жөн. Өзім қызмет еткен Исатай стансасының теміржолы 1968 жылдары салынған, – дейді байырғы теміржолшы. Зейнеткер қазір ағаш шпалдың
темірбетон шпалдармен ауыстырылып жатқанын да айтты.


– Бұрын ағаш шпалдар аз болатын.  Жол құрылысына алдымен шпалды нығайтуға арналған ұсақ тас, топырақ үйіндісі (балласт), қиыршықтас, шпал, рельс қағылады. Мұның барлығы да қолмен жасалды, зейнетке шыққанша қиыршықтасты қолмен жаятынбыз.  Материалдар, тіпті рельс те жетпей жататын. 11-12 жол айырықтарында
көп жылдар бойы қарды да қолмен тазаладық.

Түсіп қалған бір бұранданы да тезірек бекітіп тастауға тырысатынбыз. Қазір заманауи техникалар бар. Исатай станциясында теміржол желілері ауыстырылып жатқанын
көріп жүрмін.

 Біздің тұсымызда теміржол бойында жұмыс жасайтын қызметкерлерге қамқорлық танытып, түскі астар ұйымдастырылатын.


Естуімше, қазір ондай жағдай жоқ. Теміржолдың сапасы жақсы бол-са, пойыздың кідіріссіз өтуіне де жақсы жағдай жасалады. Жол бойында қоқыстың бей-берекет жататыны да рас. Жекеменшік компания болған соң əркім бас-басына би болып жүр, – дейді ардагер теміржолшы.

Жекеменшік дегеннен шығады, «Теңізшевройл» компаниясының теміржол желісіне қызмет көрсетуші мердігердің ұжымға көрсетер қызметі əлдеқайда жақсы. Өйткені, олардың сапалы қызмет етуі үшін «Теңізшевройлдың» өзі жақсы мүмкіндік туғызып отыр.

 «Мако» ЖШС-нің жол жөндеушісі Батыр Ризуановтың пікірінше, компанияда
айтарлықтай күрделі мəселе жоқ.

– «Теңізшевройлға» қызмет ететін теміржолдың жағдайы жақсы. Қай жерде де жұмыс сапасын жақсарту басшылықтың талабына байланысты. Жолдағы ағаш шпалды темірбетонға ауыстырса, жұмыс күші неғұрлым аз жұмсалатыны рас. Əрине, жалақымыз онша көп емес. Бірақ барына қанағат деп жүріп жатырмыз, – дейді жол жөндеуші.


Рас, «Қазақстан темір жолында» тер төгіп жүрген жұмысшылардың жалақысы шетелдік компания қызметкерлерінен əлдеқайда төмен. Есесіне жұмыс ауыр. Сондықтан, білікті мамандар табысты жоғары төлейтін жерге ауысуға мəжбүр. Мысалы, ұлттық компанияда шебер, өндіріс бастығы лауазымынан жекеменшік компаниялардағы қарапайым жол жұмысшысы қызметіне баруға келісім береді. Өйткені, мұндағы жалақы жоғары. Ең сорақысы, теміржол саласындағы қызмет көрсетуші компаниялардың көпшілігі жекеменшіктің қолында.


Ал, оларға көрсетілетін қызмет сапасынан гөрі өз қалтасының тезірек толғаны тиімді. Əнебір жылдары «ҚТЖ» компаниясының қызметкерлері жұмыстың ауырлығына байланысты зейнет жасына ерте шығу мəселесін көтеріп, тиісті орындардан талап еткені есте.


Өкінішке қарай, «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегеннің əлегі қаншалықты боларын көзіқарақты оқырман жақсы түсінсе керек.


Жауаптылар жалтармасын…

«ҚТЖ» Ұлттық компаниясының бас менеджері Жанна Бақтығұлқызы Атырау вокзалында мүгедектер үшін  барлық жағдай жасалғанын айтты. Ғимаратқа кіреберісте вокзал бойынша кезекшілерді шақыру батырмасы орнатылып, нашар көретін адамдар үшін арнайы тактильді жолақтар төселген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған креслолар, күту залдарында арнаулы орындар, оның ішінде Брайль қарпін қолдана отырып, арнайы пиктограммалармен белгіленген, тактильді-дыбыстық мнемосхема, анықтама бюросында нашар еститіндерге арналған индукциялық панель орнатылыпты.

Билет кассасы мен дəретхана мүгедектерге ыңғайлы болу үшін белгіленген нормаға сəйкес қайта жабдықталған. Вокзалда үстел, кресло, диван, телефон жəне шақыру батырмасымен жабдықталған күту бөлмесі бар. Вокзал өткен ғасырда сол кездегі типтік жобалар бойынша салынған. Сондықтан, қазіргі талап негізінде еңіс бұрышы бойынша пандус салу мүмкіндігі жоқ. Атырау вокзалында қоларбамен жүретін мүгедектердің кедергісіз жүріп-тұруы үшін электрлі шынжыр табанды көтергіш түріндегі мобильді құрылғы бар.


Жанна Ойшыбаеваның растауынша, жолаушылар пойызына техникалық қызмет көрсету нормативтік-техникалық құжаттамаға сəйкес жүргізіледі. 2019 жылдан бері «Тұлпар» вагон жасау зауыты» ЖШС құрастырған 209 жаңа жолаушы вагоны сатып алынып, Атырау учаскесі бойынша нақты 42 жолаушы вагоны жаңартылған.
– No41/42 «Атырау-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызына жаңадан 24 жəне «Маңғыстау-Атырау» бағытындағы No313/314 жолаушылар пойызына 18 плацкарт вагон берілген.


Биыл жыл соңына дейін «Тұлпар» зауытынан тағы да 32 жаңа вагон сатып алып, оның 10-ын No41/42 «Атырау-Алматы» пойызының купе вагондары үшін беру көзделіп отыр. Барлық жолаушы вагондары ауаны баптау жəне желдету жүйесімен, экологиялық таза дəретхана кешендері, ауаны залал-сыздандыру жүйесі жəне 220 Ваттық электр розеткалары, ақпараттық табло жəне тоңазытқыштар, қысқа толқынды
пештермен, ауыз суға арналған диспенсерлермен, басқа да қажетті дүниелермен жабдықталған, – дейді Жанна Бақтығұлқызы.

Бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше мәрте көтерілді. Алайда, одан өзгеріс аз. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес мүдделі тұлғалар мұндайға жедел әрі нақты жауап беріп, проблеманың оң шешімін табуын қадағалауы тиіс.
Әлбетте, ел-жұрт компаниядан жағымды жаңалықтар күтеді. Қалай болғанда да, жолаушылар мүддесі ескеріліп, қызмет көрсету сапасы жақсарса қандай ғанибет. Сонда бәлкім, жолаушылардың жанайқайы да толастар ма еді, шіркін!..


Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз