Жер телімдері жайлы ақпарат цифрландырылады
Мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін де арттыру қажет. Былтырғы жылы мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемі 4,4 трлн теңгені құраған. Оның 75% конкурстан тыс, бір көзден сатып алу арқылы өткен.
Atr.kz/5-наурыз, 2019 жыл.
Тимур ҚҰЛЫБАЕВ,
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының
төралқа төрағасы:
- Біздің Мониторинг орталығының мәліметі бойынша, кейбір тауар позициялары бойынша бір қызмет ұсынушыны таңдау әдісі арқылы жүргізілетін сатып алулар мен конкурс бойынша өткізілген сатып алу арасындағы баға айырмашылығы 30%-ға дейін жеткен. Мемлекеттік сатып алулар соммасын 10% оңтайландыруды ұсынамыз, бұл 300 млрд. теңгеге дейінгі қаржыны үнемдер еді. Квазимемлекеттік секторлардың сатып алуына да осы жұмысты жүргізуге болады. Осы жұмыстың аясында сатып алулар саласын цифр-ландыру арқылы барынша ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғамдық бақылауды күшейту маңызды іс екенін атап өткім келеді.
Жерге қатысты салада бас-ты мәселе жер телімі жайлы ақпараттың жоқтығында. Бүгінгі күні бұл сала өте бұлыңғыр және жемқорлық әрекеттерге толы.
Мысалы, былтыр елді мекендерде 17 мың жер телімі жеке меншікке берілген. Оның тек бір мыңы аукцион әдісі арқылы өткізілген. Өңірлерде жүргізілген сауалнама нәтижесіне көз салсақ, әрбір үшінші кәсіпкер жемқорлықпен кезігетінін атаған.
Әкімдіктер жер телімі жайлы ақпаратты интернет ресурстарына жариялап отыруға міндетті. Бірақ, бұл талаптарды сақтайтындар аз.
«Атамекен» әкімдіктермен бірлесе отырып 2019 жылдың соңына дейін жер телімдері жайлы ақпараттарды цифрландыруды ұсынады.
Бизнеске ауыл шаруашылығына тиісті жер телімдерінің түсінікті әрі ашық жоспары қажет. Қай жер шабындық, қай жер жайылым, қай жер алқап дегендей. Әр ауданның бос жатқан жер телімдеріне қатысты және осы жер телімдерін бөлуді қарастыратын жер комиссиясының қызметі жайлы цифрлық ақпарат болуы тиіс. Қай жер кімдікі, қай жер телімі бос екендігі осы арқылы ашық көрініп тұруы тиіс. Осылайша кәсіпкерлер әкімдіктердің табалдырығын тоздырмай, шешімді онлайн түрде қабылдай алады.
Жақсы мысал келтірейін, Қызылорда облысында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы кәсіпкер жер телімдері жайлы мәліметті, инженерлік желілерге қосылуға қатысты барлық техникалық талаптар жөніндегі ақпаратты үш күн ішінде алады. Бұл оң тәжірибені барлық өңірлерде де енгізген жөн.
Сонымен қатар, институ-цияналдық және құрылымдық реформалар басты басымдықта болуы тиіс.
- Сондықтан да сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюдағы келесі қадам – барлық мемлекеттік қызметтерді цифрлық жүйеге көшіру. Оған қоса өз ісін жетік білетін, кәсіби мамандардан құралған, кәсібилігіне сай тиісті еңбекақысы қарастырылған ықшамдалған мемлекет аппараты болуы тиіс. Кәсіпкерлер салық төлеуші ретінде сапалы қызмет алғанды қалайды.
2018 жылы көлемді реформалау аясында бизнеске қатысты мемлекеттік 540 бақылау-қадағалау функциясының 137-сі алынып тасталды, бизнесті тексеруге қатысты 17 мың талап, яғни 56% қысқарды, тексерушілер штатының бір мыңға жуығы қысқарды.
Бұл саладағы ендігі қадам – бақылауды автоматтандыру, яғни бұл жүйені тек заң бұзушыларға бағыттау. Сондай-ақ мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру жолында да жұмыс жүргізілуде.
Нәтижесінде мемлекеттік органдардағы штат саны әлі де қысқармақ. Мысалы, дәл қазір 14 министрлікке қарасты 45 комитет бар болса, әрбір әкімдікте 26 басқармадан бар.
Бұл қанша ауыр болса да нәтиже беретін қажетті қадам. Осының арқасында министрліктер мен әкімдіктердегі нағыз кәсіби мамандарға еңбегіне лайықты жалақы тағайындалып, қағазбастылықтан арылуға болады. Бұл көптеген дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде дәлелденген. Мысалы, Швеция мен Сингапурде жемқорлықпен күрес мемлекеттік қызметкерлердің айлығын нарықтағы мамандар еңбекақысынан айтарлықтай көтеруден бастаған.
Жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясында көрсетілгендей, заңсыз жолмен байыған мемлекеттік қызметкерлерді қылмыстық жазаға тарту мәселесін де қарастырған жөн. Егер мемлекеттік қызметкер немесе оның отбасы мүшелері табыстарын растай алмаса – бұл заңсыз табыс ретінде саналады.
Ықшамдалған мемлекеттік аппараттан бөлек, экономикаға мемлекеттің қатысуын барынша төмендетуді ұмытпаған жөн.
- Жекешелендіру жарияланғанымен, алға қойған міндеттер қажетті деңгейде орындалмауда. Жекешелендірудің екінші қарқыны аясында 321 млрд. теңгеге нысандар сатылған, бірақ, тек «Самұрық-Қазынаның» активтері 25 трлн. теңгені құрайды. Мемлекеттік компаниялардың иелігінің шағын ғана бөлігін жеке инвесторларға сату соңы олардың экономикадағы рөлінің төмендеуіне әкелмейтіні анық. Себебі, бақылау пакеті мемлекет қарамағында қала береді.
Қазір мемлекеттік компаниялардың 348 бағытта жұмыс істеуге рұқсаты бар. Көбінесе мемлекеттік кәсіпорындар экономиканың бәсекеге қабілетті саларында, айтар болсақ логистика, тасымалдау, сауда саласы секілді бағыттарда болып отыр.
Сондықтан да жекешелендіру жүргізілгенімен мемлекеттік сектордың тиімсіз активтері өсуде. Қаржы министрлігінің ақпаратына қарасақ, 6,6 мың квазимемлекеттік субъекті (АҚ, ЖШС, мемлекеттік мекемелер) кәсіпкерлікпен айналысуда.
- Мемлекетке заңнама арқылы рұқсат етілген бағыттар тізімдерінің санын кемінде 2 есеге қысқарту керек.
Осыларды есепке ала отырып 2019 жылдың шілдесіне дейін мемлекет иелігінде қалатын республикалық коммуналдық, квазимемлекеттік ұйымдардың шекті тізімі жасалуы керек. Жеке бизнес айналыса алатын барлық бағыт, бәсекеге қабілетті ортаға түсуі тиіс. Ал, қалған ұйымдарға қатысты әр нысанның мерзімін көрсете отырып, жекешелендіру жоспарын жасау керек.
***
Съезд барысында Мемлекет басшысы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге тиімді асуын және Ұлттық қор мен бюджетті қадағалайтын мемлекеттік және қоғамдық институттардың жан-жақты бақылауының қажет екеніне аса назар аударды.
Осы мақсатта жұмыс тиімділігін бағалау және мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды бақылайтын орталық құруға тапсырма берді.
«Атамекен» мемлекеттік емес ұйым ретінде аталмыш орталықтың жұмысына атсалысуға дайын.
Біз Үкіметпен, барлық деңгейдегі әкімдіктермен бірлесе отырып, бұл шараларды жүзеге асыруға әзірміз. Біздің алдымызда тұрған мақсат ортақ. Бұл мақсат – халықтың тұрақты табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру мен шағын және орта бизнесті дамыту.
Бірлесіп атқарар жұмыс ел экономикасына, халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне оң әсерін тигізетініне сенімім мол!
«Атамекен» ҚР ҰКП қоғаммен байланыс департаменті.