Жарнама
Жаңалықтар

ТРАКТОРДЫ ТІЗГІНДЕГЕН ҚЫЗДАР

Кәмшаттың жолын жалғастырушы сіңлілері мен құрбылары біздің облыста да кездеспей қалған жоқ. Исатай ауданының сол кездегі Чапаев атындағы, Забурын кеңшарларында бұл бастамаға үн қосушылар көп болған еді. Алпысыншы жылдардың басында Чапаев (қазіргі Тұщықұдық) селосында орта мектепті қатар бітірген қос құрбы Маруся Мұғиева мен Мақпаш Абдолова екеуі ешқайда бас бұрмастан, өндірісте қалып , еңбек жолын бастауға бел буады. Және бір таңғаларлығы – олар қыз балалар үшін тосын іс, бір жағынан қиындау сала автокөлік жүргізушілігін таңдайды.

Бастапқыда олардың бұл бастамасы біраз кедергілерге де тап болады. Әсіресе, ағайындары мен ата-аналары қыздарының бұл мамандықты таңдауына қарсылық білдіріп, қапелімде келісімдерін бере қоймаса керек.

— Менің артымдағы арқа сүйер бауырым сенсің. Сондықтан, сенің май-май болып, машина рулінде жүргеніңді қаламаймын. Бағыңнан көрерсің, оқуға тапсырып қара, болмаса басқа мамандықты еншілегенің дұрыс, — дейді Марусяның ағасы Ғ.Рамазанов ағамыз бірде қарындасына. Сол сияқты Мақпаштың отбасы да бірден келісім бере қойған жоқ. Ақыры қос құрбы, айтқандарынан қайтпады, шоферлік курста оқып, жүргізуші куәлігін алып шығады. Кеңшар басшылары жас қыздардың жарқын бастамаларын құп алып, екеуіне де «Газ-51» автокөлігін сеніп тапсырады. Сөйтіп, Маруся мен Мақпаштың жүргізуші мамандығында еңбек жолы басталыпты. Бастапқыда қиындау болғанымен, екеуі де жүргізушілікті тез игеріп, ұжым арасында өздерінің батылдығымен қоса пысықтығын да таныта білген.

Осылайша, қос құрбы 2-3 жылдай қызмет істеген соң кеңшар жолдамасымен оқуға аттанады. Бірі Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына жол тартты да, екіншісі Алматыға бағыт алды. Маруся Мұғиева Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтының экономика факультетін тәмамдап, сол жақта қызметте қалды. Ал, Мақпаш Абдолова Алматыдан оқу бітіріп елге келген соң ұзақ жылдар мемлекеттік банк саласында қызмет істеп, зейнет демалысына шықты. Жасы ұлғайса да апамыз қажет болған кезде әлі де жеңіл автокөлік руліне отырып, жүйткітіп жүре береді.

Нарын өңірінде Маруся мен Мақпаштың жолын жалғастырушы сіңлілері де табылмай қалмады. Бұлардан кейін іле-шала мектеп бітірген чапаевтық Жұмағаным Зейінова мен жанбайлық Қалимаш Оразовалар да қысқа мерзімді курста оқып, тракторшы мамандығын алып шығады. Тракторды тізгіндеген қыздар жастық жалын, жігерлерін танытып, аға-інілерімен бір сапта жұмыс жасайды. Олардың ел үшін жасаған еңбегі ескерілмей де қалған жоқ. Сол жылдары екеуі де Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған еді.

Забурын кеңшарындағы Дос-қали қарттың қызы Өсила да мектеп бітірген бойда жоғарыда аталған апаларының жолын жалғастыру мақсатында автокөлік жүргізушісі мамандығын игеріп, шаруашылықта қызмет істеуге қалды. Оның «Газ-51» маркалы су таситын автокөлікті еркін меңгеріп, малшы қыстақтарына су тасымалдап жүргенін талай рет көргенбіз. Ал, Өсиланың ауылдас сіңлісі, одан сәл кейінірек мектеп бітірген Мүгілсін Ғабдуллина да өз тағдырын техникамен байланыстырды. Ол бұрынғы Забурын кеңшарында ұзақ жылдар бойы тракторшы мамандығында жұмыс істеп, қатарластары арасында өзінің алғырлығымен қоса, жүрек қалаған ісіне адалдығын да көрсете білді. Мүгілсін нәзікжанды бола тұра тал бойынан қайтпас қайсарлық пен өжеттік, еңбекке шын берілгендік танытты.Абыройлы еңбегі үшін кезінде оған П.Ангелина атындағы Бүкілодақтық сыйлық беріліп, бірнеше рет селолық, аудандық кеңестерге депутат болып сайланды. Жас қыз омырауына бірнеше медальдар тақты.

Міне, содан бері қаншама жылдар өтті. Өмір ағысы ілгері жылжып, қоғамда қаншама өзгерістер болмады десеңізші?! Бірақ та кейінгі ұрпақтар ел дамуының cол бір жылдарында ерлермен бірдей еңбек етіп,қиындыққа толы мамандықты еншілеген осындай абзал апаларының үлгі аларлық ісін ұмытпай, еске алып отырса, сөз жоқ, бұл оларға көрсетілген құрмет болары сөзсіз.

Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button