Зияткерлік мектептегі зиялы өнер

Вторая фотокамера 296 Жаңалықтар

Жаһандық аренаға ғылым мен техникадағы жетістіктерімен ғана емес, ұлттық бояуын сақтай ену – бүгінгі күннің талабы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы халық арасында үлкен сананың серпінін әкелгеніне күні кеше тағы бір куә болып қайттық. Ұлттың кодына саналатын ұлы өнерімізді Назарбаев зияткерлік мектебінен тамашаладық. Жақында аталмыш мектепте оқушылардың дүбірлі айтысы болып өтті. Ат шаптырым ауласына алтыбақан құрып, қазақша спорт түрлерін өткізіп жатқан білім ордасының салтанатты сахнасы «Мәңгілік ел» атты тамаша декорациямен жабдықталған екен.

Вторая фотокамера (296)

Республикада теңдесі жоқ үш бірдей театры , поэзия падишасы Ф.Оңғарсыноваға арнап жабдықталған кабинеті бар зияткерлік мектеп ұлттық құндылықты насихаттауды бірінші орынға қояды екен. Шәкірттері үш тілде химия-биология бағытында білім алатын білім мекемесі үшін мақтанарлық құбылыс. Жиында сөз алған мектеп директоры Айдарбек Төлепұлы рухани жаңғыру үшін ұлттық бастауыңды ұмытпаудың маңызын айтып өтті. Айтысқа мемлекет және қоғам қайраткері Р.Қ.Мүрсалиева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Рысқалиев, айтыскер ақын Ш.Ізбасаров және белгілі журналист Н.Мақым қазылық етті.

Вторая фотокамера (22)

Зал толы ата-аналар мен шара қонақтары оқушы мен оқушының, оқушы мен ұстаздың, ата-ана мен оқушының айтысы сынды бірнеше жұптың айтысын тамашалады. «Тарихтың, мәдениет пен тілдің біртұтастығы», «Индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім», «Жалпыға бірдей еңбек қоғамы», «Зайырлы қоғам және жоғары руханият», «Ұлттық бірлік, қоғамымыздағы бейбітшілік пен келісім», «Ұлттық қауіпсіздік және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысу», «Тәуелсіз Қазақстан және Астана» сынды мәселелердің айтысқа арқау болуы зияткерлік мектеп шәкірттері үшін аса қиындық тудырмаған секілді. Тапқыр қалжың, саналы оймен өрбіген айтыс азаттық, еңбек, білім секілді тақырыптарды қозғады.Үш тілде білім алатын мектеп оқушыларының ана тіліндегі сөз саптауы мен тіл өрнектері тәнті етті. Олар елімізде ғана емес, әлемде болып жатқан өзгерістерден хабардар екенін көрсетіп отырды. Қазылар алқасының шешімімен айтыста жүлдегер атанған Төлеген Мирас, Анел  Есбергенова, Ерсайын Нұрдәулет сертификаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Зияткерлік мектептің тұрақты серіктесі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университет. сөз додасына түскен үш ата-анаға домбыра тарту етті. Айтыстың барлық қатысушыларына ұлттық құндылық болып саналатын «Абай жолы» роман-эпопеясы тарту етілді.

Айтыс мектеп аруларының арасындағы «Сұлушаш» атты әдемі байқауға жалғасып жатты.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз