ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕР – «ӘҢГІМЕ АЛАҢЫНДА»

53535353Облыстық ардагерлер кеңесі ай сайын  «Әңгіме алаңында» атты басқосу  өткізуді қолға алды. Бұл шара қарияларды мазалаған сан түрлі сауалдың жауабын тауып, мәселелерін шешуді мақсат қылған. «Әңгіме алаңының»  биылғы алғашқы отырысы зейнеткерлерді әлеуметтік қорғау мәселелеріне арналды. Облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов өздеріне келіп  түскен хаттар мен сұрақтар легімен таныстырып өтті.

Бұл басқосудың бір ерекшелігі, қариялар шешімін таппай жүрген қандайма бір  жайттарға лауазымды тұлғалар тарапынан түсінік пен кеңес ала алады. Және оның әр ай  сайын әр бөлек тақырыпқа арналуы да маңызын арттырып тұрғандай. Әлеуметтік мәселелер, соның ішінде зейнетақы мен жеңілдіктер жайы сөз болған бұл басқосуға табиғи монополияларды реттеу агенттігі бастығының орынбасары Райхан Мизамғалиева, «Мемлекеттік төлем» орталығының бастығы Алмагүл Шатекова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Түркпенбай Нұржігітов, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Серік Сапанов, «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаевтар қатысты.

Облыстық ардагерлер Кеңесінің поштасына келіп түскен Күләш Сабырғалиева есімді азаматшаның  сауалы «Тыл еңбеккері» санатына кімдер енетіні туралы болыпты. Ол «1936 жылы дүниеге келгендердің кейбірі бұл санатқа кіреді, кейбірі енбей қалады, осының ара-жігін ажыратып берсеңіздер» деген өтінішін жолдапты. Бұл жайтқа түсінік берген  облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Серік Сапанов 1941-45 жылдардағы соғыс уақытында тылда еңбек еткендердің бұл санатқа жатуын анықтау заңдылығы жайлы баяндады, яғни, соғыс кезіндегі еңбегі үшін арнайы ордень, медальдармен марапатталған азаматтар және марапатқа қол жеткізбесе де, сол кездерде жұмыс жасағандарын растайтын құжаттары бар, құжаттары жоқ жағдайда, екі куәгері растай алатын азаматтар «Тыл еңбеккері» атанып, әлеуметтік көмекке қол жеткізе алады. Осы орайда «Мемлекеттік төлем» орталығының басшысы Алмагүл Шатекова «Бұл мәселе бойынша шағымданушылар көп. Мысалы, жақында 1938 жылы туған азамат өзін «Тыл еңбеккері» санатына қосуды сұрап келді. Төрт жастағы бала тылда еңбек етті дегенге кім сенеді?», – деген базынасын да айтып қалды.

Сондай-ақ, басқосу  барысында ардагерлердің зейнетақы  жүйесіндегі өзгерістер, тұрғын үймен  қамту, әлеуметтік қызметкерлер жөніндегі  сауалдарына да тиісті жауаптар берілді.

Бақытгүл БАБАШ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз