Аtr.kz/26 сәуір, 2019 жыл. Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.

«Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол – Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады», – деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті осыған орай, алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы қажет екендігін айтты. «Жас ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге болатын істі мен әрқашан қолдаймын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз, шын мәнінде, осындай сабақтастық дәстүріне жол ашатын бірегей бастамаларды қолға алуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын Семей қаласынан басталғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.
