aza yi toy

ТОЙШЫЛ ХАЛЫҚ… Даңғазалықтан құтыла аламыз ба?

Жаңалықтар Рухани жаңғыру СарапTime Қоғам

Аtr.kz/15 маусым, 2020 жыл. Біз – тойшыл халықпыз. Титімдей ғана жетістікке төбесі көкке жетердей болып қуанып, той жасау да – қанымызда бар қасиет. Тілекті де «той тарқамасын» деп тәмамдау – үйреншікті қалыбымыз. Жиған-тергенін тек тойда шашуды тілек ететін қазақ халқы үшін елдегі төтенше жағдайға орай ауқымды шараларды өткізуге тыйым салынғаны елеулі әсерін тигізді.

Бүгін біз той тақырыбына қатысты түйінді тарқатып көрмекпіз…

ӘЗІЛ АСТАРЫНДАҒЫ АҚИҚАТ

«Мен үйлендім! Карантин жақсы бол­ды, той жасаған жоқпыз». Әлеуметтік желіде аталған тақырыпқа қатысты жолдаған сауалыма орай, жекеме келіп түскен құпия жігіттің жазбасы осылай басталды.

«Ата-анам «ағайын-туыстан, ай­наладан ұят болады, бас көтерген тұңғышының тойын жасап бермеді» деген сөзге қаламыз. Маусымда үйлендіреміз, сәуірде сырға саламыз деп жоспарлады. Мен үйдің үлкенімін. Мұнай саласында қызмет етемін. Әдетте, Атырау, соның ішінде мұнай саласы десе, көзге көп ақша елестейтіні сөзсіз. Ал, мен аз ақша алатын саладамын, күзетшімін. Ата-анам – қарапайым адамдар. Әкем – газель жүргізушісі, анам – балабақша қызметкері. Менен кейін 3 бауырым бар.

Той туралы әңгіме қозғалысымен-ақ, «қалай да той жасаймыз, ағайын-туыс, таныстың басын қосып, бата аламыз» деген жоспар құрылды. Қарсы болдым. Бірақ… «Ұят болады, ел-жұрт не дейді?» деген уәжден ата-анам аса алмады.

Наурыз айында карантиндік шектеулер енгізілді. Ал, сәуір айында сырға салынады деген жоспарлы күні мен үйге келін алып келдім. Тойға қомақты несие аламыз деген жоспарымыз жүзеге аспады. Жақын ағайындардың басын қосқан бата дастарханы карантиндік шектеулер ашылған соң, таяуда үйде болды. Ешкімге ауыр салмақ салмастан, бақытты күнге қадам бастық. Алғашында «тулаған» әкем мен анам келіннің қолынан шәй ішіп, карантинге рахмет айтуда».

23 жастағы авторға бақыт тілеп, ойын газетке жарияладық. Расында да, ел ішінде кең таралған «карантин кезінде үйленіп алсаңшы» деген жеңгелер әзілінің астарында ақиқат бар екен-ау?!

5 САҒАТТЫҚ ТОЙҒА 5 ЖЫЛ НЕСИЕ ТӨЛЕЙДІ

Сауалыма орай алған келесі жауабымның мәні осындай. «Бұл күндер бізге үлкен сабақ болды. Содан нәтиже шығаруымыз керек» деген зейнеткер Күләш Байғожина – үлкен әулеттің отанасы.

«Мәселен, ауылдың үлкені болғандықтан, бізді ай ішінде кем дегенде 6-7 тойға шақыратын күндер кездесетін. Оларға бармауға болмайды, ұят. Барсаң, шашу апаратынымыз анық. Шынымды айтсам, «жиғаныңды тойға шаш!» деп тілейтін халықпыз. Алайда, аңғарып қарасақ, біздің тойға баруға жұмсайтын қаржылық шығынымыз орасан екен. Ай сайын тойға шашу ретінде 100 мыңнан аса ақша үлестіреді екенбіз. Екеуміздің зейнетақымызды түгелге дерлік осындай жиындарға жоятынымызды байқадық.

Соңғы үш айға жуық уақыт аралығында сенсеңіз, қомақты қаражат үнемдеп, үй салып, отау үйден бөлек шыққалы отырған кіші ұлымыздың жаңа үйіне жиһаз сыйладық. Сірә, осы тойлардың шағын құраммен өткізіліп, тежеу салынғаны дұрыс па деген ойға қалдық…» дейді ол.

КӨКТЕМ БІТТІ… КҮЗДІ КҮТЕМІЗ!

Карантиндік шектеулер енгізілген сәтте той тақырыбына қатысты пікірлердің барлығы өзгеріп, «той болмасын» деген тілекке тірелді ме деген ойға қалғанымыз шын. Алайда… «Мен тойға тыйым мерзімінің қашанға дейін созылатынына қарамастан, күтуге дайынмын. Өйткені, бұл туралы жоспар құрып, барлық сән-салтанатымен ұзатылу туралы армандадым. Ақша жинап, той сарайын да таңдап қойдық. Енді міне, сәуір айындағы тойымызды қыркүйекке қалдырдық. Одан кейін шектеу ұзартылса, тағы да кейінге қалдырамыз. Көпке топырақ шашпаймын, алайда, той болмасын деп тілеуге болмайды. Тойханалар ашылып, қалыпты өмірімізге тезірек оралайық. Тойды әркім өз көрпесіне қарай көсіліп, өткізсе екен деймін».

Гүлайым Серік есімді бойжеткен өз ойын «Той көп болсын, ысырап бол­масын. Бәсекелестік болмасын» деген оймен аяқтапты.

«БІЗДЕ ТОЙДАН БАСҚА ТАБЫС АЗ»

Халық көп жиналатын орындарға, соның ішінде той-жиындарға да тыйым салынып, отбасылық басқосулардың шектелгені осы саладағы біраз адамның жұмыссыз қалуына себепші болды. Ол санатта ірі бизнес өкілдері, той­хана иелерімен қатар, ыдыс жуушы, еден жуушылар да бар. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған сән- салтанаты келіскен небір тойханалар қазір қаңырап, бос тұр. Қала аумағында жеңілдетілген карантин кезінде шағын кафе, мейрамханаларға үйге жеткізу қызметіне рұқсат берілсе, қазіргі уақытта санитарлық ереже талаптарын сақтай отырып, қонақтарды қабылдауға рұқсат етілген. Ал, аудандардағы ахуал қалай?

Осы сауалмен Мақат поселкесіндегі «Залина» кафе-тойханасының иесі Насихат Жиеналиеваға жолықтық. 1992 жылдан бері бизнес саласында жүрген кәсіпкердің иелігіндегі аталған нысанның 200, 400 адамға арналған залдары бар.

«Бұл тойхана 2015 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылды. «Даму» қоры арқылы 10 жылға несие алып, іс бастадым. Биылғы тамызда 5 жыл болады. Келісілген шарт талаптарына сай, мемлекеттік қолдау аяқталады. Яғни, ендігі жерде несиемді 100 пайыз өзім өтеймін. Аз сома емес. Жұмысымыз жүріп тұрса, қиналмас едім. Алайда, дәл қазір біз банкрот болудың аз-ақ алдында тұрмыз. Наурыз айынан бері кәсібіміз толық тоқтап, қиын жағдайға тап болдық. Бұл – біздің отбасылық бизнесіміз. Бар жиған-тергенімізді осы іске салдық. Наурыз айынан бері алдын-ала қабылданған тапсырыстарды қайтарудың өзі қиындық келтіруде. Банктен не күтерімізді білмейміз. Мемлекеттік қолдауға мұқтажбыз.

Бизнестің өрлеуі қызметкерлерге де байланысты. Менің қарамағымдағы 7 қызметкерім – өз білім-біліктерін ш ы ң д а ғ а н м а м а н д а р . О л а р ­дан айырылғым келмейді. Жалақы төленбегендіктен екі рет 42500 теңге жәрдемақы алды. Қолымнан келген­ше мен де жәрдемдестім. Бірақ, қазір жағдайым жоқ.

Жергілікті тиісті құрылымдар біздерге келушілер санына шектеу қойып, қызмет етуге мүмкіндік берсе. Қаладағыдай емес, біздің кафеге келушілер саны аз, күніне 10-15 адам ғана келеді» деді ол бізбен әңгімесінде.

АСТА-ТӨКТЕН АУЛАҚ БОЛСАҚ…

Той тақырыбына тікелей қатысы бар, аталған салада қызмет ететін бизнес иесінің бірі – Индер ауданындағы «Ақ отау» кафе-мейрамханасының иесі Әлия Қарашина. Қол астында қызмет еткендерді өзге жұмыстарға орналастырып, қашан да қолдау білдіріп жүретін оның да ісі тоқтағанына тура үш ай. Бүгінгі ахуалдың өз ісіне кеселін тигізіп, кәсібінің тоқтап қалғанына қарамастан, тілдесушіміз бізге карантин кезіндегі өзгерген ой-пікірлерін білдірді.

«Заңдылықтарға қарсы шықпаймыз, елмен біргеміз. Бұл күндер көп адамдарға қиын тиюде. Алайда, той өткізу барысындағы түрлі ысырапшылықтарды көріп жүргендіктен, қазір соның бәрін саралап қарауға мүмкіндік беріліп отыр. Той өткіземін деп, несие алып, жасап отырған адамдардың ақшалары қоқысқа кетіп жататынын көріп қынжыламын. Бұрын жұмыс бабы, ағыммен жүріп аңғармаппыз. Мәселен, той дастарханы жиналған кезде даяшылар тәрелкедегі тағам қалғанын түгелдей қоқысқа тастайды. Сұрыпталмағандықтан малға беруге болмайды. Сонда қараңызшы, миллиондарға алынған тағамдар санаулы сағаттарда қоқысқа айналады.

Карантин бізге қарапайым құндылықтардың бағасын арттырды. Бұрын «уақыт жоқ» деген сылтаумен жұмыста жүре беріппіз. Отыз жыл бойы кітап оқымаппын. Бүгінгі сәтті ата-енем мен балаларыма қарайтын кезең ретінде қабылдадым. Тіпті, қалыпты өмірге оралған соң, кәсібімізді ауыстыру туралы да ой жоқ емес» деді сұхбаттасушымыз.

АСАБАЛАРДЫҢ ДА АЙТАРЫ БАР…

Той тізгінін ұстаушы асабалар да қазір жұмыссыз. Қаңтар-ақпан айларында бірен-саран болмаса, жаппай той маусымы емес. Наурыздан бастап, қара күзге дейінгі уақыт – нағыз қызатын шақ. Алайда, әлемді әуреге салған қауіпті дерт наурыз айынан бері бар жоспарланған жұмыстарды кейінге ысыруға мәжбүр етті.

Қуандық Досболов – мұнайлы өлкедегі азулы асабаның бірі. Бірнеше танымал тамадалардың арасынан әңгімелесуге таңдаған себебіміз, бұл сала – олардың отбасылық бизнесі. «Салтанат» ансамблі, «Тұмар» театрына басшылық жасайтын отбасы қазір «қиналып қалдық» дейді.

«1-2 ай болса, шыдауға болар еді. Тоқтағанына 4 ай болды. Бұрын алдын-ала тапсырыс алып, солар арқылы қаражатты бір-б ірі не жалғап, жұмысымызды дамытып, отбасымызды да асырап отыр едік. Ал, қазір бар жиғанымыз таусылды. Несие төлеуіміз де қажет. Тоқтаттық деп банктер айтса да, үстіне пайыздық үстеме қосылып отыр. 6 баламызды асырауымыз керек. Қарызға баттым. Базар, супермаркеттерде адамдар толып жүр. Қатаң талаптарды сақтап, 100-150 адаммен жиындар өткізуге рұқсат берсе, мұндай қиындықтар болмас еді» дейді ол бізбен әңгімесінде.

Карантин кезіндегі қол жетпеген табысты өндіріп алу мақсатында «асабалық қызметтің бағасы аспандап кетпей ме?» деп сұрадық. «Керісінше. Бұрын 300 мың деп тұрған гонорарымды «антикризисті баға» 100-150 мың теңгеге түсірдім» дейді ол.

ТҮЙІН:

Несие беруші бюроның мәліметінше, қазір 5 миллион қазақстандықтың банк алдында берешегі бар. Яғни, бұл елдегі әр төртінші адам қарыздар дегенді білдіреді. Қызығы сол, қарыз алудың негізгі себебі, баспаналы болу не әлемді шарлау емес, той-томалақ өткізу секілді ұсақ-түйектерге қомақты қаражат жұмсау екен.

Миллиондап шашылатын осынау мол қаржы «жұрттан ұят», «елден қалмайық» деген мақсатқа жеткізе ме? Мәселе сонда. Бірнеше сағаттық ойын-күлкі, басқосу үшін жылдар бойы қарыз төлеу – отбасылардың беріктігін сынайтын мәселе екені анық. Бастысы, той өткізуде даңғазалықтан құтыла аламыз ба? Бізді толғандырған сауал осы.

Гүлжан ӘМІРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған