Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу үшін құжаттар қабылдау басталды

200706173820265e Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы осы жылдың 3 сәуірінен бастап оқуға түсу үшін құжаттар қабылдауды бастады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Азамат Бекіш баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Академияның стратегиясы кәсіби мемлекеттік аппараттың өзгермелі қажеттілігіне жедел ден қоюға бағытталған. Сол арқылы ел мен әлемнің игілігі үшін білімді қалыптастыруға, сондай-ақ, сақтауға және таратуға қабілетті ұлттық кәсіби оқыту жүйесін жаңғыртуға негізделген.

Мемлекеттік басқару академиясына 2023-2024 оқу жылына грантқа түсу үшін мемлекеттік басқару мамандығы бойынша мемлекеттік қызметте басшы лауазымында екі жыл еңбек өтілі болуы керек.

– Осы жылдың 3 сәуірінен бастап Академияға оқуға қабылдау науқанын бастаған болатынбыз. Үміткерлерден құжаттарды қабылдау онлайн форматта өтеді. Жаңа оқу жылына 8 магистрлік және 3 докторлық бағдарлама әзірленген. Олардың екеуі өндірістен қол үзбей оқитын модульдік бағдарлама болып табылады. Академияның оқу бағдарламасы да қайта қаралып, жасақталды. Биыл оқуға қабылдау ережелері жаңартылды. Басты өзгерістерге тоқталып өтетін болсам, «Халықаралық қатынастар» бағдарламасы бойынша оқу мерзімі бір жылдан екі жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, докторантура бағдарламалары үшін жұмыс өтілі бойынша талап 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды. Осыған байланысты академияға оқуға түсу үшін дайындық курстары қарастырылып, олар сәуір айынан бастап маусым айына дейін жалғасатын болады, – деді А.Бекіш.

Оның айтуынша, биылдан бастап модульдік оқыту қағидаты бойынша магистратура мемлекеттік қызметші емес тұлғаларға, яғни квазимемлекеттік және жеке сектор өкілдеріне ғана арналады.

Айта кетейік, Академия жыл сайын мемлекеттік тапсырыс негізінде магистратураға 120 және докторантураға 12 грант аясында құжаттарды қабылдайды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз