Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Тізе бүккенің қалай, ҚАЗАҚ ЖІГІТІ?

Соңғы кезде сәнге айналып барады. Махаббатқа мас болған жас жігіт сүйіктісіне ұсыныс жасап, үйлену туралы ойын білдіреді. Тосын жайтқа тосырқаса да, жас қыз сәл үзілістен соң, «иә» деп, үн қатып, екі ғашық бақыттан басы айнала жөнеледі.

thinkstockphotos 175734056

«Оның несі айып?» «Жастардың шынайы бақытты болуына неге тілектестік білдірмеске?» «Не үшін осы мәселені көтеріп отырсыз?» Сіздің осылай деуіңіз әбден мүмкін. Алайда, айтпағымыз – сол ұсыныс жасар сәттегі жігіттің ерсі қылығы. Ерсі демеске, амалымыз жоқ. Ар-намысын бәрінен жоғары қоятын қазақ жігіті қашан біреудің алдында тізе бүгіп еді?

Интернет, әлеуметтік желі осы бағыттағы видео, суреттерге лық толы. Тіпті, оған пікір қалдырғандар да «осы қадамға барған жігіттер – нағыз джентльмен», «міне, махаббат», «шынайы сезім осындай болуы керек» дегеннен өзге сөз жазбапты. Бағамдап қарасақ, бұл пікірлердің авторлары – өрімдей ғана жас қыздар. Тіпті, күндердің күнінде өз қалауындағы жас жігітті кезіктіріп, одан ұсыныс басқа формада түсетін болса, қабылдамайтын да сыңайлы. «Расында да, бұл өте тамаша емес пе! Нағыз романтика! Әрине, мен де осындай ұсынысты күтемін». Бұл – Гүлайым Бисенованың пікірі. Студент қыз бұдан өзгені күтпейтін де секілді. «Бірақ, барлығы жігітке байланысты. Мен осы күннен бастап, оның құлағына сіңіріп, осындай видео-суреттерді үнемі көрсетіп отырамын. Кім білген? Өзге қыздар секілді мен де бақытты сәтімнің суреттерін желіге салып, мақтанғым келеді» деді ол. Тізерлеп тұрып, сақина берудің – қазақы қалыбымызға жат екенін түсіндіруге тырыссақ та, әңгімелесушіміз «Ең қызығы сол емес пе!» деп, сөзімді тиып тастады.

Қазақ жігіті өлімнен ұяттың күштілігін баяғыдан бағамдап, өз сезімін намыс алдында төмендетуді қанына сіңірген. Қолына қару алып, жауға шапқан кезде өлер сәтін сезсе де, басын иіп, тізерлемек тұрмақ, жауырынын жерге тигізуді ар санаған. Ал, қылығы келісті, ибалы бола білген қазақ қызы ер-азаматқа қарсы сөйлемек былай тұрсын, бетіне тіктеп қарамаған. Оларды өзінен бір саты жоғары қойып, қырық жандының бақа бастыдан төмен тұру керектігін ана сүтімен бойына дарыта білген.

«Мен үш қыз, үш ұл тәрбиелеп отырған анамын. Ұлдарымның бәрі аяқтанған, өз алдына отау иелері. Ал, ең кенжемнен басқа қыздарым өзге шаңырақтың шырағын жағып отыр. Еркелігі ме, әлде заманның ағымына ілескені ме, кіші қызым осындай тақырыпқа құмар-ақ. «Маған тұрмысқа шықшы» деп тізерлеу – қазақ жігітіне үлкен сын. Өз жарыңның ел алдында тізерлеп тұрып, саған жалынғанын, өз намысын аяққа басқанын қаламаймын. Болашақ азаматың – саған дегенін жасата білетін ер мінезді, тік сөзді болуы тиіс» деп құлағына «құйып» келемін. Жалпы, ынтық сезім, шынайы махаббат бертін келе пайда болған жоқ, баяғыдан бар. Тек соны тасалау, сырт көзден жасырын ұстау кейінгі кезде кемшін түсіп жататыны қынжылтады. Бұл – еліктеудің әсері»,-дейді көп балалы ана, ардагер ұстаз Айсұлу Тәжбентаева.

Ерінің айтқанын екі етпеу, құлақ асу – дәстүріміздің бір бөлшегі, шариғатта айтылған амалдардың бірі. «Тіпті, әйеліңе аманат ретінде қара» деген бұйрық қасиетті кітапта да жазылған. Бір-біріне мейіріммен қарау – сүннет амалдар қатарынан. Алайда, көптің көзінше, жігітін жер қылып, тізерлетіп, сақина дәмету – соңғы уақытта қыздар арасында сәнге айналған заманауи тірліктің бірі.

ТҮЙІН: Қалай десек те, бұл қылық – қазақы қалыбымызға жат, ұлттық ұстанымымызға қайшы. Еліктеу дедік, жоғарыда. Расында да, сырға тағып, шаш бояған, қыз алдында тізе бүгіп, ұсыныс жасаған жігіттер – өзгенің қаңсығына таңдай қағып, бойымызға сіңіріп алуға бейім тұратын еліктегіштігіміздің жемісі. Әйтпесе, ата-бабаларымыз, әке-ағаларымыз еңкейместен-ақ  жарына қадірлі де ардақты болып келді емес пе!..

Венера МУТАҒАЛИҚЫЗЫ, отбасылық психолог: Өзінің болашақ жарын кезіктірген жас жігіт қыз алдында тізерлесе, алдағы уақытта да оның сөзін сөйлейтін болуы әбден мүмкін. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Десек те, қазіргі уақытта кейбір отбасылар тізгіні әйелдің қолында екені – өмір шындығы. Осы уақытқа дейін бір рет болса да анасына гүл сыйлап көрмеген бозбала сәннен қалып, сөзге ілікпеу, өмір көшінен кейін қалған болып көрінбеу үшін қызға гүл беріп, тізерлеп ұсыныс жасап, демде-ақ романтик болып шыға келеді. Әуелгі баста-ақ өтірікпен басталған жұбайлық өмірге алданып, ертегідей сезімдерді күтіп, кейіннен отбасылық кикілжің, кедергілерге тап болған сәтте-ақ одан шығудың амалы – ажырасу деп білетін жастардың кездесуінің бір шеті осы мәселеден бастау алады.

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button