«Тісті ағарту бүлдіруге жеткізеді»

201305 kazakhstan fdi oms congress b070 Жаңалықтар

Республикамыздың бас стоматологы, профессор, медицина ғылымдарының докторы Сәуле Есембаева Атырауға келіп, тіс дәрігерлері арасында семинар өткізді.

201305-kazakhstan-fdi-oms-congress-b070

Стоматологиялық қызметті дамытудың тұжырымдамасы қабылданғаннан кейін аталған салада не өзгерді? Қандай ілгері жылжулар бар? Осы және өзге де мәселелер туралы бізге еліміздің бас стоматологы Сәуле Серікқызы айтып берді.

– Соңғы бес жылда еліміздің бас стоматология лауазымында қызмет етіп келемін. Ал, Атырауда 2000 жылы жұмыс сапарыммен болдым.  Мұнайлы өлкеге келмес бұрын көптеген облыстарды араладым. Негізгі мақсатым – жаңадан бекітілген стоматология саласындағы құқық нормаларын, пациенттің құқықтары мен міндеттерін, олардың арасындағы даулы мәселелерді шешу жолдарын, ережелерін түсіндіру. Осы кезге дейін тіс дәрігерлерінің заң жүзінде бекітілген құқық нормалары, стандарттары болмады. Емделушілер мен стоматологтардың арасында қандайда бір түсініспеушілік болып, заң аясында шара қолдану керек кезде заң саласының мамандары қандай талапқа сүйенерін білмейтін. Осы күйде 2015 жылға дейін келдік. Қазір ережесі бекітілді. Сол себепті, атыраулық тіс дәрігерлерімен кездесіп, жаңа заңнамаларды сауатты қолдану, құжатты жасақтау аясында түсінік жұмыстарын жүргізудемін.

– Тұжырымдамада негізінен ауыл тұрғындарын, балаларды емдеуге баса назар аударылған екен. Бұл бағытта қазір қандай нақты шаралар жүзеге асуда?

– Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстанның Стоматологтар қауымдастығы бірлесіп жасаған «Өмір бойына арналған ғажайып күлкі» ұлттық жобасы 2014 жылдың қараша айынан бастап жүзеге асуда.   Бұл – ауылдық жерде оқитын 1-3 сынып оқушыларына арналған (әсіресе, жеті, сегіз жасар балаларға) тағылымдық стоматологиялық бағдарлама. Жоба аясында тіс дәрігерлерінен құрылған жылжымалы топ биылғы жылы  Атыраудың әр ауылында тұратын балалардың тісіне күтім жасайтын болады. Осы кезге дейін өзге облыстар бойынша қырық мыңға жуық баланың тісі тегін емделді. Сондай-ақ, тіске қалай күтім жасау керектігін де үйретеді. Аталмыш бағдарлама аясында қазірдің өзінде елімізде 150000-нан астам бүлдіршіннің тістері сауықтырылды. Мұндай бағдарлама бізде ғана емес, әлемнің барлық елінде  ұйымдастырылғанын ескерте кетейін.

Бұл жас аралығындағы балалардың сүт тістері тұрақты тістерге ауыса бастайды. Алдын ала тексеру тәжірибелеріне сәйкес, алты  жастағы балалардың 84 пайызында тісжегі ауруы анықталды. Сондықтан осы жастағы балаларға ауыз қуысының тазалығын сақтау аса маңызды, құрамында фторы бар тіс пасталарын, тіс жіптерін қолдануы керек. Тіс дәрігеріне жүйелі түрде қаралғаны дұрыс. Тағы бір маңыздысы, ауыз қуысының саулығын күтуді өз жауапкершілігіне алуға балаларды үйрету керек.

– Ауыз қуысының, тістің тазалығы қазір бала түгілі үлкендердің арасында да басты мәселеге айналған. Тістің нашарлауы дұрыс күтім жасамаудан ба, әлде сыртқы фактордан, ауаның ластануынан орын ала ма?

– Дұрыс айтасыз, әсіресе, атыраулық тұрғындарға тістерін сау, әрі әдемі ұстауы қиынға түседі. Өйткені, өңірдегі өндірістік фактор денсаулыққа қатты әсер етеді. Зауыттардан шығатын қалдық заттардың ауаға таралуы, бірінші тісімізді ауру етеді. Мәселен, судың құрамында бір элемент басым болса, біреуінде кемшін. Тепе-теңдік жоқ. Оның үстіне, экологиялық, метеорологиялық жағдай қиын. Тіс қана емес, бет, қол, ерін жарылулары жиі байқалады. Дененің жарығына ауадағы микробтар түседі, кейін жара шығады. Сол себепті, осы кезге дейінгі жүргізілген бақылау нәтижесінде, өңірде аллергиялық ауруларға шалдыққандар көп.

Көптеген халықаралық конгресстерде жүремін, байқағаным, елде тіс мәселесі бірінші кезекте айтылып келеді. Тістің саулығы бүкіл ағзамыздың саулығын көрсетеді. Әр ел тісті сау ұстаудың жаңа препараттарын ойлап табуда. Өзім Жапонияда шығарылған жақпамайына таң қалдым. Әсер ету фактісін қазір өз елінде тәжірибеден өткізіп, халық арасына сатып жатыр. Тісі жарып келетін сәбидің қызыл иегіне жағып қойса, жеті жасқа дейін балада тісжегі (кариес) болмайды. Яғни, сау тістер өсіп шығады. Қазір Жапония еліндегі алты жасар баланың көпшілігінде тісжегі байқалмайды. Шөптен жасалған осынау жақпамайды біздің елімізге де екі-үш жылда әкелсек, ұтылмаймыз.

– Біз күнделікті пайдаланып жүрген «Блендамед» пен «Колгейт» тіс пасталарының өзі шетелден келген ғой. Осылардың әсер етуі қалай?

– Елімізде сатылымда жүрген тіс пасталарының сапасы жақсы. Арнайы сараптаудан өткен. Алайда,  орнымен пайдалану керек. Тістің сезімталдығына қарай қолдану қажет. Мәселен, қазіргі жастардың көбі жылтыраған ақ тістерге әуес. Тіс ағартатын пасталарды жиі қолдануға болмайды. Емдеуге арналған пасталарды да алмастырып тұрған абзал. Осы жерде айтар едім, аппақ тістер – сау емес, флюорозды ауру болып есептеледі. Бұл дегеніміз, тіске түскен дақ. Кейін, кетіліп, мүжілуі мүмкін. Бор болып үгітілгелі   тұрған тісіңізді одан сайын ағартамын  деу – ауруға ауру жамау.  Сонымен қатар, қазір лазермен, Бор машинамен емдеу деген әдістер де қолданысқа енді. Бірақ, бұлар тісті тереңінен тазартпайды. Бетін ғана емдей алады. Тісті ағартатын жапсырма қағаздар, екпесіз емдейтін құралдардың да жарнамасы жүріп тұр. Бәріне бірдей сене беруге болмайды. Егер  әлемде сондай құралдар шықса, халық соған барар еді де, тіс дәрігерлеріне жұмыс қалмас еді. Қалай болғанда да әлем бойынша маманның көмегінсіз тіс ағарту әдістері әлі шықпағанын айтқым келеді.

– Ашық  әңгімеңізге рахмет!

Семинар «Астана» оқу және клиникалық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Жаңа тұжырымдама аясында атыраулық оқушылардың тістерін дәрігерлер көшпелі түрде барып, тексеріп тұратын болады.

Өткен жылы облыстық балалар стоматологиялық емханасында 25595 бала тісін емдетсе, оның 625-і тісін суыртқан. Аталмыш емдеу мекемесінің бас дәрігері Нұргүл Намазғалиеваның айтуынша, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда, 15 жасқа дейінгі балалардың арасында тісжегі азайғандығын көрсетеді.

Емханада 21 дәрігер, 29 мейірбике қызмет етеді.  Емдеу мекемесіне жас мамандар керек. Өкінішке қарай, қызметкерлердің 70 пайызы – жас ерекшелігіне байланысты зейнеткерлік жасқа келіп қалғандар. Өткен жылы небәрі үш жас маман жұмысқа орналасқан.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз