Аққыстауда көшесі бар Шапхаттың…

Аққыстауда Жаңалықтар

Бұл журналистке көрсетілген айрықша құрмет болды

Кеше Исатай ауданының орталығы – Аққыстаудағы №6 көшеге  белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,  қоғам қайраткері, аудандық «Нарын таңы» газетінің бас редакторы қызметін 17 жыл бойы атқарған,  Шапхат Хұсыновтың есімі берілді.

%d0%b0%d2%9b%d2%9b%d1%8b%d1%81%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0

Облыстық ономастика комиссиясының 2016 жылғы 2 тамыздағы қорытындысына сәйкес, селолық округ әкімінің «Аққыстау ауылындағы көшелерге атау беру туралы» шешімі негізінде Өркен ықшамауданындағы орта мектеп алдындағы жаңа көше енді әріптесіміздің есімімен аталатын болады. Мерекелік шараға Шәкеңнің ағайын-туыстары, қызметтестері, жолдастары, қаламгер әріптестері қатысты.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Мұхамбетәлиев Шапхат Хұсыновқа көше атауын беру жөніндегі Аққыстау ауылдық округі әкімінің шешімін естелік ретінде Шәкеңнің жары Гүлнәр Бостановаға табыс етті.

%d0%b0%d2%9b%d2%9b%d1%8b%d1%81%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b02

Шапхат Хұсынов 1949 жылы  Нарын құмының Бегайдар ауылында дүниеге келді. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік институтының филология факультетін бітіріп, еңбек жолын орта мектептің мұғалімдігінен бастады.  Кейін аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің жауапты хатшысы, Новобогат  аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, ал, 1990 жылдан өмірінің соңына дейін Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің бас редакторы қызметін абыройлы атқарды.

Әріптесіміз ауданның, аймақтың қоғамдық өміріне де белсене қатысты. Облыстық мәслихаттың бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты болып сайланды. Шәкең сессияларда тың ойларымен, жаңа идеяларымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кезек күтпейтін мәселелерін ашық айтып, депутат әріптестерінің шынайы құрметіне бөленген жан.

Салтанатты рәсімде аудан әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев пен «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ерболат Қаменов  жаңа көшеге керілген лентаны қиды.

%d0%b0%d0%ba%d0%ba%d1%8b%d1%81%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b03

Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов әріптес інісі ретінде Шәкеңнің адами асыл қасиеттері, журналистік, депутаттық қызметі туралы  тебірене әңгімеледі.

– Шәкең облыстық мәслихаттың депутаты бола жүріп, көкейіндегі мұрат-мақсаттарын Исатай ауданының өркендеуіне арнаған асыл азамат еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар, әлеуметтік әлсіз топтардың жағдайы, халықты жұмыспен қамтудың жайы ағамызды бейжай қалдырмайтын. Әр сессияға үлкен дайындықпен келіп, облыс басшылығы алдына қадау-қадау мәселелерді қойып, оны аяғына дейін жеткізуге бар күш-жігерін жұмсай білді. Шәкеңнің атына көше атауының берілуі қазақ журналистикасына көрсетілген үлкен құрмет деп ойлаймын, – деді Таңатар Дәрелұлы.

Бұдан соң сөз алған Шәкеңнің жары Гүлнәр Бостанова көше атауының берілуіне орай жергілікті атқарушы органға отбасы атынан шынайы ризашылық сезімін білдірді.

Сондай-ақ, бұл күні Аққыстауда «Құрмет белгісі» орденді мұнайшы Ислаш Молдағалиевке, Ұлы Отан соғысының ардагері, өнер байқауларының жүлдегері, күйші Қисмет Меңдіғалиевке жаңа көше атаулары берілді.

Бақытжан Жұмат

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз