Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Тіс түзелмей іс өнбейді

Тіс туралы әңгіме қозғалғанда, әркімнің айтар ойы бар. Бірі қызмет сапасының нашарлығын сөз етсе, келесісі нағыз маманның тапшылығын айтады. Емдеудің қымбаттығы тағы бар. Балалардың тістерін емдейтін де маман аз. Мүмкін бұл олармен жұмыс істеудің қиындығынан болар… Одан кейін халықтың өз денсаулығын күтуге деген дұрыс сана-сезімінің болмауын қосыңыз. Біз ауруымыздың асқынғанын аяғына дейін күтіп, сосын ғана дәрігерге барамыз. Мұндай жағдайда көбіне дәрігерлер қауқарсыз болып жатады. Профилактика жасау, ауырудан әлдеқайда арзан екенін адамдар білмейді, білсе де назар аудармайды.

IMG_0006-03-04-17-04-29

Осы мәселелерді халық арасында кеңінен талқылау үшін облыстық балалар стоматологиясында тіс дәрігерлері бас қосты. Оның ішінде Алматыдан, облыс орталығынан және аудандардан келген мамандар бар.  Енді олар  қандай  пікірлер  айтты, назар аударайық.

IMG_0007-03-04-17-04-29

IMG_0010-03-04-17-04-29

Сіз не дейсіз?

Таласбай ОРАЗБАЕВ,

Атырау облысындағы алғашқы балалар тіс дәрігері:

            «Су құрамында фтор азайған»

Оқу орнын бітіріп, облыстық стоматологияға жұмысқа келгенімде төрт тіс дәрігері болды. Менен басқасының бәрі атақты, өз ісінің мамандары еді. Хирургиялық бөлімде  бір ғана кабинет болса, терапияда  үш кабинет жұмыс істеді. Жұмысты да, балалар арасындағы тіс ауруының себебін анықтауға да барынша үлгеруге тырыстық. Су сапасының құрамын анықтап, пікірімізді білдірдік. Сөйтіп, ұсыныс тастай отырып, құзырлы орындармен бірлесіп суға фтор шаштық. Судың құрамында бұл элемент өз мөлшерінде болса, тіс ауруы азаяды. Оның көптігі де зиян. Қазіргі кезде тағы да судың құрамында фтор азайып кеткенін айтып мамандар дабыл қағуда. Мұнымен бірінші кезекте облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қызметкерлері айналысуы керек.  Қазір Атырау облысында ғана емес, өзге облыстарда да балалардың ауыз қуысындағы тісжегі азаймай тұр.  Мұның салдары 1990 жылдан бастап 2000 жылға дейін стоматологияның жекешеленіп кеткенінен дер едім. Бүкіл Кеңес үкіметі кезеңінде ұйымдастырылған бағдарламаның бәрін жойып алдық.  Жиырма жылдың ішінде жалпы халықтың тісі нашарлап кетті.  Денсаулықтың негізі – ауыз қуысының гигиенасынада жатыр. Сондықтан, тістің саулығы біріншіден адамның өзіне тікелей байланысты.

 

Гүлжан ЕРМҰХАНОВА,

С.Д. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің балалар стоматологиясы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

«Педиатр стоматолог те болуы керек»

 Педиатр мен балалар стоматологы бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Сонда ғана нәтиже болады. Келесі жылдан бастап, педиатрия факультетін ашуды қолға алып жатырмыз. Педиатрды жалпы тәжірибелік дәрігерге айналдырғанымыз қате болды. Өйткені, жаңа туғаннан бастап, он бес жасқа дейін баланың ерекешелігі болады. Баланы нағыз маман болмаса, кез-келген  дәрігер қарай алмайды. Ал, педиатр мамандарының сабағына стоматологияны да  қосқан абзал. Бала дәрігері тістен де хабары болғаны дұрыс. Ұзақ уақыт жұмыстануымның арқасында, келесі жылдан бастап педиатрия мамандығына 45 минут стоматология бағыты оқылатын болды.

 

Нұргүл НАМАЗҒАЛИЕВА,

 облыстық балалар стоматологиясы емханасының бас дәрігері:

«Ауа ластанса тіс ауруы көбейеді»    

— Атырау облысының экологиясы жақсы деуге келмейді. Оның негізгі факторы – мұнай мен газ өнімдерін өндіруден алынатын шикізаттың жоғары агрессивтілігі атмосфераның, жер асты суларының ластануына әкеліп соқтырады. Салдарынан топырақ пен өсімдікке ауыр металдар, радионуклидтер және мұнай өнімдері жиналады. Оның үстіне бұрынғы әскери полигондар аумағы тағы бар. Осындай қолайсыз экология  денсаулыққа әсер етеді. Кейбір аурулардың жасаруының себебі де осында жатыр. Мәселен, Тайсойған  полигонының  жүздеген шақырым жері зымыранның жанар жағар майы қалдықтарымен ластанған. Күні бүгінге дейін ауыл тұрғындары зымыран қалдықтарынан шарбақтар мен мал қораларын жасап алған. Сырт көзге білінбегенмен, радиацисы зор.  Бұл аймақта өлім көрсеткіші, аурушаңдық жоғары деңгейде болып тұр. Бұл өңірдің балаларының көпшілігінің тістері ауру. Тексеріс кезінде байқағанымыз, бір отбасының 1,5 жастағы баласында Эдвардс синдромы бар. Проблемалық аймақтардан бөлек, өзге де елдімекендерде балалардың арасында тісжегілер көп. Өйткені, судың құрамында фтор қосындысы аз болып отыр. Сол себепті, профилактикалық шараларды қолға алудамыз. Басқосу өткізудегі негізгі мақсатымыз да – осы.

 Аурушаңдық деңгейі:

Атырауда 15 жасқа дейінгі балалар арасындағы орташа стоматологиялық аурушаңдық 2013 жылы 56 пайыз болса, 2014 жылы  58 пайызға өскен.  2015 жылы 57 пайызға төмендеп отыр.   

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button