«Тілдарын» олимпиадасында үздіктер анықталды
Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қазақ, орыс, ағылшын тілін меңгерген жастардың арасында дәстүрлі облыстық «Тілдарын» олимпиадасы болып өтті. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған сайыста үміткерлерге мемлекеттік тілде шебер әрі көркем сөйлеу жөнінде қатаң талап қойылды.
Үш кезеңнен тұратын жарысқа 18 бен 22 жас аралығындағы атыраулықтар қатысты. Мақсат – үш тілді меңгеруді насихаттау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.
Байқауға қатысушылардың білім деңгейін арнайы құрылған комиссия мүшелері бағалады. Олар тілдерді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен сөздердің дұрыс дыбысталуына, жауаптың оралымдылығына, сапасы мен мазмұнына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, үміткерлердің өзін-өзі көпшілік алдында ұстауы мен берілген уақытты тиімді пайдалануын, тілдік шеберлігі мен шешендік қабілетін ескеріп, баға берді.
Өкінішке қарай, қатысушылардың қай-қайсысы да берілген тақырыптың мәнін толықтай түсіндіре алмады. Ал, екінші кезеңде олар олимпиада ережесіне сәйкес, эссе жазып, мәтінге ілеспе аударма жасаудан сынға түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенті Әйнел Қожахметова иеленді. Енді ол Республикалық жарысқа қатысатын болады. Ал, 1-орынға өңірдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Жауһардария Ерсайынова лайық деп танылды.
Олимпиадаға қатысып, белсенділік танытқандар арнайы дипломдармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
Гүлдана Ерланқызы