Қиын жағдайда қалған көп балалы ана Асылзат Мұхамбетова қайырымды жандардан көмек сұрайды (+ ВИДЕО)

IMG 20190329 WA0011 Жаңалықтар
https://www.youtube.com/watch?v=9XvGr7RtePg&feature=youtu.be

Atr.kz/ 29 наурыз, 2019 жыл.  Қиын жағдайда қалған кейіпкеріміз – төрт баланың анасы. Қазіргі таңда Атырау қаласы маңындағы Геолог селосынан пәтер жалдап отырған Асылзат Мұхамбетова асыраушысыз қалып отыр.

Болатбек Қоңырбаев бастаған «Нұр ай» қайырымдылық қорына хабарласқан Асылзат кеше балаларының ассыз отырғанын айтып, көмек сұраған болатын. Атырау қаласы Жұлдыз елдімекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттің, қайырымды жандардың көмегімен Асылзатқа кеше біраз азық қоры жеткізілді. «Балаларым тамақ сұрағанда, жанымды қоярға жер таппаймын. Арасында екі көршім көмектесіп тұратын. Баршаңызға Алла разы болсын» деп көз жасын төккен жас ана енді құжаттарын қайтарып алуға көмек сұрап отыр.


«Мектеп жасындағы үш қызым бар. Сегіз айлық сәбиім бар. Жолдасым істі болып, шатылып кетті. Кенжемді көтергелі бері ауырып, жұмыс та істей алмадым. Қарайласатын жолдасымның ата-анасы  жоқ. Ол кісілер қайтыс болып кеткен. Енді, тоғыз айдан бері пәтер ақысын төлей алмай қиын жағдайда қалған жайым бар. Бұдан бес ай бұрын басқа «времянкада» тұрған едім. Пәтерақысын төлей алмағаннан кейін, үй иесі жеке куәлігімді кепілдікке алып қойды. Енді, балаларыңды жетімдер үйіне өткіземін» деп қоқан-лоққы көрсетіп отыр. Қазіргі пәтер иесіне де ай сайын 50 мың теңге беруім қажет. Бұл кісіге ақша төлей алмай келе жатқаныма бес ай болды» дейді Асылзат.

Тағы бір мәселе, Асылзаттың балаларының құжаттары да түгел емес. Айтуынша, бұған дейін «Дина» базарынан азық-түлікті қарызға алып, кепілге балаларының құжатын қалдырып келген. «Бірінші тұрған пәтеріме 180 мың теңге, қазіргі пәтеріме 250 мың теңге, азық-түлікке біраз қарызым бар. Күн сайын қоқан-лоққы көрсеткен хабарламалар аламын. Менің қазіргі жағдайым кішкене қыздарымды ерте есейтіп жібергендей. Сәбиім аурушаң. Туа бітті дертке шалдықты. Жағдайына қарайлап, жұмысқа да шыға алмай келемін. Көмек қолын созып жіберсеңіздер, құжаттарымды қайтарып алып, жәрдемақымен күн көремін деген ойым бар» деген Асылзаттың ендігі үміті қайырымды жандарда.

Асылзат Мұхамбетова:  8778 983 7265

Forte Bank картасы: 5132 2304 3238 0197

ЖСН (ИИН): 9107 0340 0325

Болатбек Қоңырбаев: 8701 727 10 70

Сіз не дейсіз?

Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:

Әр балаға 21 мың теңге ала алады

Асылзат Мұхамбетова «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалының қоғамдық қабылдауына келді. Жағдайынан толық хабардармыз. Әлеуметтік жағдайы төмен, әрі көп балалы ана ретінде сәуір айынан бастап берілетін әлеуметтік жәрдемақы ала алады. Ол үшін тиісті орынға өзінің және балалардың құжаттарын реттеп, тапсыруы қажет.

Болатбек ҚОҢЫРБАЕВ, «Нұр ай» қайырымдылық қорының жетекшісі:

Асылзаттың өзі де, сәбиі де айықпас дертке шалдыққан

Асылзатқа азық-түлікпен көмек көрсетілді. Ендігі жерде, қаржылай демеп жіберуіміз қажет. Жастайынан ауыр сынаққа ұшыраған Асылзатқа қазір құжаттары ауадай қажет. Егер, көп балалы анаға берілетін әлеуметтік жәрдемақыға ілігуіне мүмкіндік жасап жіберсек, жағдайы да түзеліп кетер еді. Оның үстіне, Асылзат пен кішкентай сәбиі айықпас дертке шалдыққан. Алынуы тиіс ем-домды да қолдың қысқалығынан қабылдай алмай отыр. Қарындасымыздың қазіргі жағдайы мүшкіл.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз