Тіл – ұлттың Жаны
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың барлығы да іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп отыр. Мұндай үдеріс ішкі құжатайналымына да тән. Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Баязи Әбдешев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
100 пайыз мемлекеттік тілде
Оның айтуынша, бұндай жағдай бірден қалыптасқан жоқ. Жылдар бойғы жұмыстың нәтижесі. Тіл басқармасының 2005 жылы құрылғанын ескерсек, сол уақыттарда облыс әкімдігінен орталық мемлекеттік органдарға жолданған құжаттардағы мемлекеттік тілдің үлесі мардымсыз болған екен. Цифрларға көз жүгіртсек, былайша өрбиді: Президент-әкімшілігіне – 25%, Премьер-министрдің кеңсесіне – 41,4%, министрліктерге, агенттіктерге, комитеттерге – 27%. Қазір бұл көрсеткіш 100 % құрап отыр. Қажырлы еңбектің, түсінік беру, талап қоюдың арқасында осындай көрсеткішке қол жеткізіліпті.
Бүгінде тексеру жүргізу тәртібін реттейтін заңнамаға тиісті өзгерістер, толықтырулар енгізілуде. Осыған байланысты ресми түрде сараптау жұмыстары өткізілмейді. Дегенмен, облыстық басқарма ағымдағы жылы мұнай-газ саласындағы және халыққа коммуналдық қызмет көрсететін – барлығы тоғыз ірі кәсіпорында ҚР «Тіл туралы» Заңының орындалуын зерттеп, оларға іс жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану бойынша әдістемелік көмек көрсетті.
Тәжірибеде бар жүйе
Брифинг барысында қазақстандықтардың қазақ тілін білуін бағалайтын «ҚАЗТЕСТ» жүйесінің тиімділігі, «тіл үйренемін» дегендерге оның ықпалы туралы да айтылды. Баязи Мәдешұлы айтып өткеніндей, жүйенің негізгі міндеті – күнделікті әлеуметтік ортада азаматтардың қазақ тілін қолдана білу дәрежесін анықтау.
Негізгі бағыт – тіл үйренушінің сол тілдегі ақпараттарды тыңдап немесе естіп түсіну, оқи білу мен жаза білу қабілеттерін бағалау. Басқарма басшысынан білгеніміздей, алдағы уақытта қоғаммен байланыс жасайтын шаштараз, дүкеншілер, тіпті шетелдік азаматтар да «Қазтест» жүйесінің төменгі деңгейі бойынша оқып, қолдарына сертификат алуы міндеттелуі мүмкін. Бұл жоспар бойынша жұмыстар жүруде. Расымен, түрік, қытай, т.б. шет елдің азаматтары келіп бизнес жасайды, қазақ қыздарын тілмаш етіп алады және ол тек қана түрік-орыс тілдерінде ғана сөйлеседі. Бұған неге жол берілуі керек? Неге ол қызметте екі-үш тіл білетін қазақ тілді маман отырмайды? Осы кемшіліктерді жоюға болады, сол тетік әзірлену үстінде екен.
Атаулар қазақшаланады
Ағымдағы жылы облыстық ономастикалық комиссияда 84 көшеге атау беру, қайта атау, 354 көшенің бұрыннан қалыптасқан атауларын заңдастыру бойынша комиссияның оң қорытындысы қабылданды. Қазіргі кезде мақұлданған атауларды ресми заңдастыру бойынша қала, аудандар әкімдіктері тиісті шараларын алуда.
Айта кетелік, бұған дейін ат қою, қайта атауларға шектеу қойылуына байланысты өткен жылы тек Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Қазақ хандығының қалыптасып, дамуына үлес қосқан тарихи тұлғаларға қатысты мәселелер қаралған болатын. Қазір қоғам дамуына еңбегі сіңген басқа да жандардың есімдерін көшелерге, нысандарға беруге қатысты комиссияға түскен ұсыныстар қаралуда.
— Үлкен бір жаңалық, Индер ауданындағы Кулагин орта мектебін Қалам Есқалиев атындағы орта мектебі және Құрманғазы ауданындағы Ганюшкин мектеп-интернатын «Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернат» деп қайта атау туралы ұсыныстар барлық сатыдан өтіп, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Сонымен қатар, он тоғыз білім беру мекемесіне ат беру, қайта атау туралы ұсыныстар таяуда облыстық мәслихаттың сеcсиясында мақұлданды, енді республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданады, — дейді Баязи Әбдешев.
Мәселен, Атырау қаласының №2 орта мектебіне Жұмекен Нәжімеденовтің, №33 орта мектепке Қасым Қайсеновтің есімін беру, Атырау қаласының В.И.Ленин атындағы №1 орта мектебін Мағжан Жұмабаевтың, Н.К.Крупская атындағы №18 орта мектебін Хиуаз Доспанованың есімдерімен, Абай Құнанбаев атындағы орта мектебін (Балықшы) Мақаш Бекмұхамбетовтің атымен қайта атау ұсынылып отыр.
Осы мәселеге қатысты айтылар жайт, облыс бойынша Абай атындағы бірнеше мектеп пен 40-қа жуық көше атауы бар екен. Баязи Мәдешұлының айтуынша, халық арасында «Абай есімі көптік етпейді» деген түсіністікпен кезінде беріліп қалған көрінеді. Ал, қазіргі заң бойынша бір атау бір елді мекенде бірнеше рет қайталанбауы керек.
«Жалпы, тәуелсіздік жылдары облыстың ономастикалық кеңістігінің ұлттық құндылықтарға бейімделу кезеңі болды» дейді басқарма басшысы.
Көрнекі ақпарат саласын реттеу – маңызды міндет
Облыстық тіл басқармасы, қалалық, аудандық мәдениет және тіл бөлімдері қоғамдық бірлестіктерді тарта отырып, халыққа қызмет көрсететін нысандардың көрнекі ақпаратында ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын түсіндіру акцияларын тұрақты жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың басынан бері 508 көрнекі ақпарат құралы қамтылды. Тіл заңнамасына қайшы ресімделген көрнекіліктер бойынша меншік иелеріне ескертулер беріліп, түзету жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі кезде облыс бойынша 1190 сыртқы жарнама құралы бар. Оның 962-сі әлеуметтік жарнама, соның ішінде, тіл саясатын насихаттайтын 33 билборд, қалқандар орнатылған. Соның ішінде қыркүйек айында тіл мерекесіне орай және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырып, Атырау қалалық әкімдігінің қолдауымен облыс орталығының көрнекі жерлерінде Елбасының, халқымыздың ұлы тұлғаларының тіл туралы ойлары жазылып, арнайы билбордтар орнатылған.
Брифинг соңынан журналистер сұрақтарын қойып, толғандырған мәселелер бойынша ой бөлісті.