Тіл – ұлттың жаны
«Білімділіктің ең басты факторы туған тіліңде
сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады»
В.Ф.Гегель.
«Адам қай тілде сөйлесе,
сол ұлттың өкіліне жатады»
Владимир Даль.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі ұлы даламызды мекен еткен байырғы қазақ халқы мен қазақстандық басқа да ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын біріктірген, теңдік пен татулық мұраттарын ұстана отырып, бейбітшіл азаматтық қоғамды қалыптастыруға қол жеткізіп отырған бірден-бір ұлт рәмізі. Оған ешкім дау айта алмайды.
Қандай мемлекет болмасын оның, ең әуелі, мән беріп, ұлықтайтын тілі – әрине, мемлекеттік тіл. Өйткені, мемлекеттік тіл әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің сипатты белгілерінің бірі, ұлттық саясатының көрсеткіші. Міне, осы бағытта еліміз мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға күш салып отыр. Бұл мәселе – тек қазақ халқының ғана емес, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің де алдында тұрған міндет. Еліміздегі ең жоғарғы лауазым – Президенттікке үміткер тұлғаға қойылатын талаптың бірі – мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін тексеретін сынақтан өту. Осындай қатаң талап неге мемлекеттік құрылымның басқа да лауазымды тұлғаларының алдына қойылмайды?! Мемлекеттік тілге деген шынайы құрмет жоғарыдан бастау алып, қарапайым халыққа үлгі болса, қазақ тілінің тұғыры беки түсер еді. Әрбір маманның, қызметкердің өз қызметі шегінде, кәсіби біліктілігі аясында мемлекеттік тілді меңгеру межесі нақты айқындалып, жаңа міндеттер жүктелуі қажет.
Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қазіргі уақытта жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Оны қайталап айтудың қажеті жоқ шығар. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері Конституция алдында тең құқылы. Ал, мемлекеттік тілді меңгеру еліміздің әрбір азаматы үшін парыз болып табылады. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгеру үшін Отанына деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім керек.
Қазақ тілін мемлекеттік басқару құрылымдарына жедел енгізудің ең басты ықпалды жолдарының бірі материалдық ынталандыру болып табылады. Бұл «тәсіл» Кеңес үкіметі кезінде-ақ сынақтан өткен. 1930 жылы «Қазақ тілін білетін мамандарға жеңілдіктер жасау туралы» қаулы қабылданып, соған сәйкес қазақ тілін білу дәрежесіне байланысты мамандарға көтеріңкі еңбекақы төлеуді енгізу қарастырылды. Ауызша сөйлей білген және іс-қағаздарын оқи алғандарға – 10 пайыз, тілді толық меңгергендерге 15 пайыз үстеме қосылды.
Біздің еліміз ертеден бері Ресей мемлекетімен көршілік ынтымақтастықта, тығыз қарым-қатынаста ғұмыр кешіп келеді. Тіпті, бүтіндей бір дәуірде тарих беттерінде Кеңестер одағының қол астында, бір жүйеде өмір сүрді. Осы жылдар аралығында Қазақ жеріне қоныс аударған түрлі ұлттар мен ұлыстар осы елдің мәдениетімен біте қайнасып, жаңа қазақстандық қоғам құрудың белсенді мүшелеріне айналды. Ұлтаралық қарым-қатынасты реттеуде, қоғамдық татулық пен келісімді тұрақты ұстауда, халықаралық маңызды мәселелерде ортақ шешімге келуде, жаңа инновациялық технологияларды, заманауи көзқарастар мен идеяларды енгізіп, кеңінен таратуда орыс тілінің рөлі айрықша екендігі баршаға мәлім.
Елімізде орысша ақпарат алу көздері жеткілікті. Театрлар мен мәдениет ошақтары орыс тіліндегі бағдарламаға зәру емес, кітап дүкендерінің сөресі орысша кітаптарға толы, ақпарат құралдарының 70 пайызға жуығы орыс тілінде таратылады. Бұл біздің қаракөздердің орыс тілін өз ана тіліндей меңгеріп алғандығын айғақтайды. «Орыс тілін білме» деп ешкім айтпайды. Бірақ, көп тілді меңгере отырып, өз ана тіліңді білмеу – бұл азаматтыққа, отаншылдыққа жатпайды.
Біз республикамызды мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің тіліне, рухани құндылықтарына, оның ішінде орыс мәдениетіне де үнемі үлкен құрметпен қарап келдік. Сол құрметіміз жалғаса бермек. Бірақ, мемлекет құраушы ұлт ретінде өз халқымызды, ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды өз ішімізден шыққан, туған тілі мен рухына мұрнын шүйіре, менсінбей қарайтын өзіміздің шала қазақтарымыз бен космополиттерімізден қорғай алмасақ, ұлт болып сақталып қалуымыз қиындау.
Қазіргі уақытта шетелдің беделді жоғары оқу орындарын тәмамдаған көптеген қазақстандық түлектер Отанына оралып, мемлекеттік қызметке белсенді түрде кірісуде. Шетелде білім алғысы келетіндер өз елінің тілін ғана емес, сондай-ақ оның тарихын, салт-дәстүрін білулері керек. Өйткені, олар біздің мемлекетіміздің бүгіні мен болашағы емес пе?! Елбасының өзі «Болашақ» бағдарламасымен шетелге аттанатын Қазақстан азаматтарының ең бірінші кезекте мемлекеттік тілді жетік білуі – негізгі мақсат» деп шегелеп айтты. Елбасының бұл талапты атал-ған бағдарламаның ережесіне қосуды тапсыруы – елдігімізді ойлаудан туындаған сарабдал саясат.
Қазақ тілі мемлекетіміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында толық қолданылып отыр деп айта алмаймыз. «Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі неге өркендемейді, оны үйренуге өзге ұлт өкілдері неліктен жаппай ықылас танытпайды?» — деген сұраққа тіл саласын зерттеуші ғалымдар: «Бұл сауалдың жауабы біреу, ол – біздің қоғамымызда мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тіліне деген өмірлік қажеттіліктің әзір туындамай отырғандығы. Еш-қандай зорлықсыз, бұйрықсыз табиғи өмірлік қажеттілік туғызу керек», — деп тұжырымдайды. Тіл мәселесі күштеуді көтермейтіні белгілі. Салмақты саясат сабырлы жүзеге асырылғанда ғана ол жемісті болмақ.
Тіл туралы заңның шығуы, оған мемлекеттік мәртебе берілуі, оны дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы, «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы, «Ана тілі» газетінің өмірге келуі секілді іс-шаралар жүзеге асырылды. Осы аралықта қол жеткен біздің басты табысымыз – ұлттық сана-сезімнің күрт өсе бастағандығы. Тіл мәселесіне келгенде, халқымыз ұзақ жылдар бойы тұншығып келгені аян.
Тіл мұраты – халықтық мәселе, көптің қамқорлығы мен құрметі негізінде кең өріс алады. Оның тұғырын биікке көтеріп, жан-жақты дамыту үшін бірнеше бағытта жұмыстануымыз керек:
— Біріншіден, отбасы, мектеп, балабақша жұмған жұдырықтай бірлікте еңбек етуге тиісті. Еңбек, оқу, іс-әрекет – ұлттық мұратқа адалдықты көрсетуі қажет. Бұл, отбасы мен Отанға адалдықтан, тұрақтылықтан, перзенттік қарыз бен парыздан көрініс табады;
— Екіншіден, білім жүйесі, тәлім-тәрбие ісі, қарым-қатынас аясы қазақ тілі арқылы жүзеге асуы тиіс. Отбасындағы тәрбие ұстаз ұлағатымен ұштасып, бірін-бірі байытып, асқақ арманға, ұлы мұраттарға қанат қағуы қажет;
— Үшіншіден, қазақша ойлап, оқып, жазу әрбір ұлт өкілінің төл міндетіне айналуы керек;
— Төртіншіден, ауыл, қалаға талап-талғам, көзқарас бірдей болуы шарт. Тіл тұғыры мен тамыры ауылда, қала – өркениет өрісі екендігін ұмытпағанымыз жөн. Осындай келелі мәселелер шешімін тапқанша қазақ тілі – тәуелсіздік қаруы міндетін атқара береді деп сенемін!
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің доценті, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.