Тіл білгеннің ұтары көп
Атырау облысы еліміздегі ең қазақы өңір саналады. Ресми мәліметке сүйенсек, мұнайлы өлке тұрғындарының 97 пайызы таза қазақ тілінде сөйлейді, ал, ісқағаздардың 100 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қазіргі уақытта Атырау облысы – қазақ тілін меңгеру дәрежесі бойынша республикада алғашқы орындардың бірінде. Аймақта 198 мектеп жұмыс істеуде. Олардың 138-і — қазақ, 5-і — орыс және 55 мектеп аралас тілдерде оқытады.
Көп тілді меңгерген Алтынай
Оған қоса аймақта орыс, ағылшын тілін меңгергендердің саны да көңіл толарлықтай. Сөзімізге дәлел ретінде айтатын болсақ, күні кеше облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен «Тіл шебері» облыстық байқауында да мемлекеттік қызметшілер өздерінің үш тілде еркін сөйлей алатындарын көрсетті. Әсіресе, бас жүлдені жеңіп алған Алтынай Бекованың гуманитарлық салаға қатысы жоқ, мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы болғаны қызықты жайт. Есеп-қисап деп отырмай, ол тіл білуге де құлшынысы зор екенін айтады. Есте сақтау қабілеті жақсы Алтынай бала кезден жаттап алудан алдына жан салмаған. Өзінің айтуынша, есейген сайын адамның білімділігі – қаншалықты көп тіл білгенімен өлшентінін ұққан. Қазір де Алтынай бос уақытында қытай, түрік, неміс тілдерін меңгеруге талаптанып жүр.
Полиглоттар құрметке ие
Расында, бірнеше тілде еркін сөйлей білетін адам өресі жоғары, білім иесі болып саналады. Полиглоттар әр қоғамда құнды құрмет пен ыстық ықыласқа ие. Тіпті жоғары жалақы төлейтін жұмысқа да шетелдің көп тіл білетін адамы бірінші алынады. Бірнеше шет тілін игеру ережелері жөнінде қалыптасқан пікірлер сан қилы. Кейбіреулер бір тілді толық меңгеріп алған соң ғана екіншісіне ауыз салуға болады деп есептейді. Туғалы сөйлеп келе жатқан ана тілін де толық білемін деп айта алмайтын адам шетелдің тілін түгелдей үйренемін дей алмас. Ал, біреулер бірнеше тілді бір мезгілде үйренген оңай болады деп санайды. Барлығы да адамның талпынысы мен құлшынысына, өресінің өлшеміне, қаншалықты уақыт бөлетініне байланысты.
Құлшыныс демекші, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жыл сайын тілді үйренуге мемлекеттік қызметшілердің арасында ғана емес, оқушылар мен қарапайым тұрғындарға да ынталандыру бағытында түрлі шаралар мен байқаулар ұйымдастырып жүр. Солардың қатарында оралымды, айшықты, көркем қазақ тілін терең меңгеруге бағытталып дәстүрлі түрде облыстық, республикалық Абай, Жұмекен, Оралхан оқуларын өткізіп келеді. Ақындар мен жазушылардың барлық өлеңдері мен шығармаларын жаттап алмағанымен, әрбір қатысушы белгілі бір деңгейде қазақ тілін тереңдетіп меңгерері анық. Бұрын жалаң сөйлейтін болса, жаттаған, есінде қалған сөз оралымдарын қосып, сауатты, әдемі әңгіме бастай алатын дәрежеге жетер еді. Оларды тыңдаған сайын да құлағымызда жатталып қалары анық. «Осындай оқулар балаға не береді, әсересе, мектеп оқушыларының сабағына кедергі» дейтіндердің пікіріне қарай айтқаным. Негізінен, алғанда, әр ұлт өзінің тіліне құрмет көрсетіп, сол тілде таза, әрі сауатты сөйлеп үйренсе, тілдің бастапқы нормасынан ауытқып, жойылып кетпеуіне алғышарт болар еді. Өйткені, қазіргі кезде бір уақытта халықтың қолданысында болып, кейінгі кезде жойылып бара жатқан тілдердің қатары да көп.
Қай тілдер жойылуы мүмкін?
ЮНЕСКО-ның ғылыми қызметі аясында Әлем тілдері атласы жүргізіледі екен. Сол бойынша жойылып кетуі мүмкін тілдер қатарында 2471 тіл бар. Тілдің жойылуын анықтайтын көрсеткіштер биологиялық түрдің жойылуы секілді есептеледі. Ғалымдар бұл тілдің қанша адам үшін ана тілі екенін, сөйлеушісінің санын анықтайды. 2013 жылы «Тілдердің сандық өлімі» атты ғылыми еңбек жарияланды. Ол мақалада венгерлік математик және лингвист Андраш Корнай интернетте және электронды құрылғыларда қай тілдер өлетіні туралы жазған. Ғалымның пікірінше тілдің жойылуына қауіптің үш сипаты бар. Біріншіден, функционалдықты жоғалту. Мысалы, электронды комерция немесе электронды сөйлесуде аталған тілдердің басқа тілмен ығыстырылуы. «Егер ол интернетте жоқ болса, онда ол жоқ». Екіншіден, жас ұрпақтың алдында тіл абыройының түсуі. Ол тілді пайдаланғысы келмейді, оның орнына мәртебесі жоғарырақ тіл қолданыста болады. Үшіншіден, тілдің кешенділіктен айырылуы. Жас және орта ұрпақ жасы үлкендерді түсінеді, бірақ өздері үшін тілдік грамматиканы жеңілдетіп алады.
Корнай зерттеу нәтижесі бойынша тілдерді бес категорияға бөлінген: дамып жатқандар, өміршең, шекаралас, мирасқа қалғандар (ғалымдардың зерттеуі негізінде интернетте пайда болған) және өлі (онлайнда, сандық құрылғылар мүлдем жоқ).
Латын қарпі — өміршең
Соңғы зерттеулерге сүйенсек, әлем бойынша латын қарпімен жазылған тілдер өміршең болады екен. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше Қазақстан халқына жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында мемлекттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін биікке көтеретін дәл осы латын әліпбиі деген болатын. Сондықтан, бұл мәселені уақыт созбай тез арада қолға алу қажеттігін де айтып берген еді.
Мемлекет басшысы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген болатын. «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды. Сондықтан, осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстары қазірден басталған дұрыс. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек»,- деді Елбасы.
Латыншаға көшу – қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты екенін жақсы білеміз.
Латыншаға көшу – қазақ елі ұландарының елі талай әлем елдерімен бірдей дәрежеде білім алып, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашары анық.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.