Жарнама
Жаңалықтар

Тиімді жұмсалған қаржы өңір экономикасының өрісін кеңейтеді

  Бұған дейінгі нөмірлерде хабарлағанымыздай, Президент тапсырмасына сай мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде брифингтер өткізу дәстүрге енді. Осы жолы облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА баспасөз конференциясын өткізіп, экономика және бюджет мәселелері бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысын баяндады.

     tyimdyzhumsalgankarzhyАймақ басшысының орынбасары баяндамасын бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар 16 бағдарламаны жүзеге асырып жатқандығынан бастады. Оның ішінде сегізі – мемлекеттік, жетеуі – үкіметтік, ал, біреуі өңірлік – 2016-2020 жылдарға арналған облыстың аумақтық даму бағдарламасы.

   — Елбасының тапсырмаларын орындай отырып, ел экономикасын дамыту, халықтың ахуалын жақсарту мақсатында өңірімізде бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Облыс экономикасының даму қарқынын айқындайтын негізгі көрсеткіш – жалпы өңірлік өнім. Бұл бағыттағы көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға өсті. Бірінші тоқсанның қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі біраз төмендеді. Бұл Атырау мұнай өңдеу зауытына жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан жеткізілетін мұнайдың өткен жылға қарағанда кеміп кетуінен туындап отыр, — деді аймақ басшысының орынбасары Айгүл Теміртасқызы. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, облысқа тартылған инвестиция көлемі де өсуде. Ауыл шаруашылығы саласының өнім көрсеткішінде де өсім байқалады. Облыс бюджетінің кіріс түсімдерінің болжамды көрсеткіштері тұрақты орындалып келеді. Ағымдағы жылдың бес айына жоспарланған 56,1 миллард теңгенің 98 пайыздан астамы игерілген.

   — Мұнай бағасының түсуіне байланысты, — деп атап өтті Айгүл Әжіғалиева, — бізде Ұлттық қорға аударылған қаржы көлемі азайып кетіп отыр. Биыл аталмыш қорға 299 миллиард теңге аударылса, бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 175 миллиард теңгеге аз. Еліміздің осыдан екі жыл бұрын қабылданған Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік кірістер департаменті мүлікті жария ету бойынша құжаттарды қабылдап жатқаны белгілі. Осы орайда жергілікті атқарушы органдарға жалпы құны 12,1 миллиард теңгені құрайтын 1436 өтініш түсті. 2606 нысанның 74-і кері қайтарылды, ал, 47-сін комиссия қарауда. Брифинг барысында аймақ басшысының орынбасары өткен екі жылда саттыққа 11 ұйым шығарылғанын хабарлады.

   — Оның ішінде тек екі ұйым ғана 50,1 миллион теңгеге сатылды. Олар – «Жылыой Тазалық» ЖШС мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы. Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына 13 ұйым енгізілді, — деді Айгүл Теміртасқызы. Осы жерде журналистерді толғандырған бір ғана сұрақ болды. Ол – жекешелендіруге нақты қай нысандар енгізілгендігі.

   — Биыл Атырау облыстық геотехникалық орталығын саттыққа шығарғалы отырмыз. Бұл нысан бұған дейін бір рет 111 миллионға ұсынылды. Алайда, ешкім алмады. Енді қазіргі уақытта жері мен ғимаратын коммуналдық меншікке алып, тек жұмысын сатуға шығаруды қолға алғалы отырмыз.

    Айта кететін жайт, саттыққа ұсынылып отырған 13 нысанның сегізі – спорттық нысандар. Олар – «Атырау», «Мұнайшы» спорт кешендері, «Су түрлері бойынша спорттық клуб», облыстық футбол, баскетбол мен волейбол командалары және тағы басқа ұйымдар. Бұл ұйымдар қызметіне, нысандарды ұстауға, спортшылардың сырт алаңдағы ойындарын ұйымдастыруға облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отыр. Олар екі-үш рет саттыққа шығарылды. Бірақ, қызығушылық жоқ. Ал, оны ұстап отыру өте көп қаржыны қажет етеді.

    Жекешелендірудің жаңа қағидасы бойынша нысан саттыққа ең көп дегенде үш рет шығарылуы, ал, ешкім алмаса, жабылуы тиіс. «Сондықтан, мәселені шешу жолдарын іздестірудеміз. Кейбірін жауып, қалғанын сенімгерлік басқаруға беруді де қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, «Атырау бас жоспары», «Құрманғазы жолдары», Махамбеттегі «Тұрмыстық қызмет», Атыраудағы «Арнаулы автобаза» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де саттыққа шығарылды», — деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button