ТІГІН ЦЕХЫНА АЙНАЛҒАН ТОЙХАНА
Atr.kz/20 қазан, 2020 жыл. Қазір әлемдегі ахуалға байланысты хан сарайындай небір зәулім мейрамханалар қаңырап бос тұр. Бұған дейін жалға беріп қана пайда тауып келген қожайындар да әп-сәтте не істерін білмей, аңтарылып қалғаны аян. Бірі жедел тағам дайындап, тапсырыспен жеткізетін қызметке кіріссе, кейбірі сол күйі тарс жабық. Жуырда инстаәлемді парақтап отырып, Атырауға танымал тігінші келіншектің бұрынғы мейрамхана залын тігін цехына айналдырғанын көріп, әрі таңғалып, әрі сүйсініп қалдық.
Отағасының ақталған сенімі
Тойханадан тігін цехын ашқан кәсіп иесімен сөйлесу аса ұзаққа созылған жоқ. Ақтау қаласының тумасы Мейрамгүл Иманғалиева құлсарылық жігітпен дәм-тұзы жарасып, 2014 жылы Атырау қаласына көшіп келеді. Бір-біріне тете дүниеге келген үш баланың тәрбиесімен жүргенде тұрақты жұмыс жасай алмайтынын біліп, үйден кәсіп бастауға ниет етеді. Бұрын тігін шеберханасында еңбек еткен оның таңдауында екі нұсқа болыпты. Бірі – қағаздан кәрзеңке тоқып, оны түрлі түске бояп сату, екіншісі – оюлы құрақ көрпе тігу. Жас баламен кәрзеңке тоқуды отағасы құптай қоймапты. Бір жолы жарының тәжірибесіне сеніп, нарықта «ханшайым мақпалы» («коро-левский велюр») деп аталатын сапалы матаның екі түсінен екі метрден сатып әкеліп береді. Бұл – 2015 жылдың күзі…
– Ол жылдары оюлы құрақ көрпе жалпыда бірдей болма-ды. Маған алғашқы болып қыз жасауына тапсырыс берген ана ұзатқалы отырған қызына ұлттық нақыштағы ерекше жасау бергісі келген. Қосымша тағы мата са-тып алып, қазаннан бастап үш ай бойы алғашқы тапсырысымды абыроймен аяқтадым. Сол жасаумен ұзатылған қыз «Сіздің сапа-лы да әдемі көрпелеріңізді үнемі той-қуанышқа төсеп келемін. Кәсібіңіздің көркейгеніне қуаныштымын!» деп әлі күнге ризашылығын айтудан жалыққан емес, — деп алғашқы іс бастаған күндерін еске алды ісмер келіншек.
Еңбектің наны тәтті
2016 жылы ай сайын бір тап-сырысты аяқтап, бір жылда 12 қыз жасауын дайындап берген Мейрамгүлдің бұл кезде бала-лары да жетіліп, сұраныс көбейе бастаған еді. Сол себепті кәсібін кеңейтпек оймен қала іргесіндегі Көкарна ауылынан шағын цех ашып, қолынан іс келетін бес келіншекті қызметке алды. Сол кезде «бұл жаққа кім келеді?» деп мысқылдағандар да болыпты.
Алайда, оған қыңбаған Мейрамгүл тоқтап қалмай, қызмет сапасын одан әрі көтеру үшін соңғы екі жыл қатарынан әрқайсысының құны 1 000 000 теңге тұратын ою оятын лазерлі екі станок сатып алды. Тапсырыс күрт көбейіп, бұрын ай сайын бір ғана қыз жасауын тіккен ісмер енді айына 100-150 дана жинаққа сұраныс қабылдайтын болды. Себебі, тігін машинасының өнімділігі жоғары. Ақшаға құнықпай, сапаны басты орынға қойған шеберге тұтынушы да, қасындағы көмекшілері де риза.
Оюлы көрпенің құны
Ошақтың айнасы – әйел десек, олардың көкейіндегі сұрақтың бірі де осыған қатысты. Шын мәнінде, ою – қазақтыкі. Тігінші қазақ болғанымен, негізгі шикізат шетелден келеді. Міне, қазір іс бастаған әр азаматқа кедергі болатын да осы жайт. Демек сырттан келген тауар өзге валютамен есептеледі.
– Бізде ең бірінші, шикізат қымбат. Бұған дейін қажетті мата мен құралдарды жергілікті базардан көтерме бағаға са-тып алып жүр едік. Енді оны тікелей жеткізушіден алуды жоспарлап отырмыз. Матаның құны неғұрлым арзан болса, дайындаған бұйымдардың құны да тұтынушыға соғұрлым тиімді болады. Қыз ұзатқалы отырған отбасыға 20-25 мың теңге бол-са да үнем ғой. Бәлкім, оны басқа бір қажетіне жұмсар. Қазір әлемдегі жағдай халықтың тұрмысына да әсер етіп отыр. Бірақ, біз табысымыздың кемитініне де қарамастан, 10 пай-ыз жеңілдік жасап отырмыз. Ең бастысы, тұтынушы риза болса, көңіліміз көтеріңкі, жұмысымыз жүйелі болады. Ұстаным – осы. Көрпенің бағасын қымбатсытқан жоқпыз, бастапқыдағы 12-20 мың теңгенің аралығында. Меніңше, қолжетімді баға, — дейді Мейрамгүл Ерболатқызы.
Ол қарауындағы тігіншілерді тегін түскі аспен қамтамасыз етіп, ай сайын 80-150 мың теңге мөлшерінде жалақы төлеп отыр.
Тойхана неге таңдалды?
Бизнестің өз заңы бар. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын, ғимарат тарлық ете бастайды. Бұлар да сондай қиындыққа тап болды. Көкарнадағы шағын шеберханаға сыймауға айналды. Мұндай тығырықтан шығудың түрлі жолдарын іздестірген Мейрамгүл отағасымен ақылдасып, оның да үйлесімін тапты. «Ізденген жетер мұратқа» деген осы ғой.
Наурыз айынан бері қаңырап бос тұрған Көкарнадағы «Ажар» мейрамханасын жуырда жалға алып, қызметкерлер санын 25-ке жеткізді. Сұраныс болғандықтан, жұмыс та қыза түскен.Әрине, бұл жерде бұрынғы тойхананың жалға алу құнының қанша екені маңызды емес. Ең бастысы, істің көзін таба білген ерекше қабілетте. Әйтпесе, ел-жұртқа даңғазалы той өтетін даңғарадай ғимараттан гөрі кәсібін дамыта білер іскер жанның шаруасы шайқалмағаны тиімді. Дамуға бет бұрған ісмер жанның бұл әрекеті бізді де шын қуантты.
Жеңіл өнеркәсіп Атырау тұрмақ, Қазақстан аумағында кенже қалған саланың бірі. Соның кесірінен шыт матадан айна-тараққа дейінгі ұсақ-түйектің бәрін көрші ел-ден сатып алып жүргеніміз рас. Шикізат өндірісін талдауға тісіміз де батпайды. Қайтпек керек? «Өкімет маған не береді деп емес, халқыма қандай пайда тигізсем» деген құлшыныспен екі қолға бір күрек алған жөн сияқты.
Бұл – жарнама емес
Мейрамгүлдің кәсібі дәл қазір жарнамаға мұқтаж да емес. Тапсырыстар жылдың аяғына дейін толық. Мақсаты айқын, жұмысы қызу жүріп жатыр.Ал, біз бұл кейіпкерді неге таңдадық? Әлеуметтік желіде «Көп балалымын, жұмыс жа-сай алмаймын. Маған ақша жіберіңізші», «Қаланың сыр-тында тұрамын, менің өнімімді кім сатып алады?», «Бірдеңе жа-сайын десем ақшам жоқ» деген «арзанқол» жарнамалар мен өзін-өзі «жарымжанға» теңеген қайыр сұраулар көбейді. Сол себепті, жұмыс жасауға келгенде сан сыл-тау айтатын қыз-келіншектерге өзгеге алақан жаймай-ақ, табан ақы, маңдай терімен іс бастаған қарапайым ғана көп балалы ананың жігерлі қадамы көпке үлгі болса дедік.
Әлі жетіліп кете қоймаған үш баламен құрақ құрау кімге оңай? Шаршаған кездері де болды, ба-ласы етегінен тартып, келген қонағы күтіп те қалды. Бірақ, ол еңбекқорлығынан танған жоқ. Болашаққа деген күш-жігер қандай қиындықты да жеңіп шықты.Қазақта ине-жіпке икемсіз қыз-келіншек кемде-кем. Әлеуметтік желідегі «әдемі» өмірге телміргенше, тер төгіп, адал еңбек еткенге ғана Жаратқан берекетін берген. Өз тұрмысымыз – өз қолымызда. Ендеше, «өгіз қара күшімізді» өз болашағымызға арнайық!
Салтанат АҚТӘЖИЕВА