Баннер 9 мая от газеты Атырау

НАУРЫЗ: жаңару мен жаңғырудың белгісі

img 20240302 wa0040 Жаңалықтар

Ұлыстың ұлы күні Наурыз – барша қазақ елі үшін ұлттық мереке, достық пен сыйластықтың, ізгілік пен ынтымақтың, жаңару мен жаңғырудың белгісі. Бірақ бүгінде үш мың жылдық тарихы бар Наурыз мерекесінің тойлануы бірсарындылықтан арылған жоқ. Жыл сайын алаңдарда киіз үйлер тігіліп, көже ішіліп, бауырсақ ұсынылады, мерекелік іс-шаралар, этнографиялық көріністер ұйымдастырылады. Десек те мұның барлығында жасандылықтың көрінісі қалыптасып кеткені рас.

Төл мерекеміздің мазмұндылығын байытып, айшықтай түсу жұмыстары қазірден-ақ басталуы тиіс. Бұл үшін қоғамды тұтастандырып, аталған мерекені жаңаша сипатта атап өтетін кез келді. Облыстық бас редакторлар клубы мен «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы бірлесе ұйымдастырған «дөңгелек үстелдің» негізгі көздеген мақсаты да осы болды. Талқылау алаңына публицист-жазушы Өтепберген Әлімгереев, жазушы-өлкетанушы Мұрат Бектенов, ҚР Жазушылар одағы басқармасының батыс аймақтары бойынша хатшысы, ҚЖО Атыраудағы өкілі Әлия Дәулетбаева, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов, Махамбет Өтесімұлы атындағы акадамиялық қазақ драма театрының бас суретшісі, өнер зерттеушісі Темірбек Мұхтаров, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы басшысының орынбасары Ғабит Қайрекешов, ардагер журналист Нәсіп Шалабаева және жас ақын, журналист Асланбек Шығыр қатысып, тақырып аясында құнды ой-пікірлерін ортаға салды. Жиынға облыстық бас редакторлар клубының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Жанай Амантұрлы модераторлық етті. Алқалы басқосуда Наурыздың өткен, бүгінгі және алдағы кезеңдерде тойлануы туралы жан-жақты айтылып, жалпыхалықтық сипаттың орын алуы қажеттігі кеңінен талқыланды. Атыраулық зиялы қауым өкілдері Наурыздың жаңаша сипат алуын биыл жыл басы саналатын 14 наурыз, Көрісуден басталуы қажеттігін атап айтты. Бұл күннің мән-маңызын айшықтайтын ғылыми дәлелдер келтірілді. Сонымен қатар, бұл күн өңірлік, аймақтық қана мереке емес, қазіргі заман форматына сай қоғамның тұтастығы мен бірлігіне қызмет ететіндей жалпыхалықтық сипатта ұйымдастырудың тетіктері айтылды. Наурызды тойлауда арнайы мемлекеттік тұжырымдама әзірлеу жөнінде ұсыныстар да көтерілді. Толығырақ «Атырау» газетінің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

img 20240302 wa0045
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз