Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeШаһар шырайы

Терможаңғырту төңірегіндегі түйткілдер

Atr.kz/30 қазан, 2020 жыл. «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011- 2020 жылдарға арналған» және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламалары аясында Атырау қаласында күрделі жөндеуден өтіп жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің сапасына қоғамдық бақылау жүргізді. Мобильді топтың жұмысына облысқа іссапармен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктестік департаментінің басшысы Расул Медетов те қатысты.

Тұрғындардың базынасы

Аталған бағдарлама аясында биыл 19 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланды. Әзірге қаладағы «СМП163» шағынаудандарындағы 3 және 5, «Вокзал маңы» шағынауданындағы 25 а және Авангард-2 шағынауданы, 16 мекен-жайларындағы 5 қабатты 4 тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары басталды.

Бұл жолы Авангард-2, 16 үй нысанаға алынды. Қ ұ р ы л ы с ы 1 9 7 4 жылы с а лынған бұл үйге терможаңғырту жұмыстары биыл маусым айында басталыпты. Төбесіне шатыр жабылып, сырты әрленді. Подъездегі электр желілері де ауыстырылып, қабырғалары әктеліп, сырланды. Барлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Алайда, «әттеген-ай» деген тұстар жетіп артылады. Соның бірі – үйдің жертөлесін тазарту жұмыстары сметалық құжатқа енгізілмеген. Соның кесірінен жертөледегі мүңкіген иіс қолқаны қабады.

Олардың айтуынша, сапасыз атқарылған жұмыстың салдарынан жертөле суға жиі толып кетеді. Сондайақ, үй қабырғасының ескі сылағын түсірмей, үстіне құрылыс материалын жаға салған тұстар да кездескен. Есік алдында қоқыс жәшігі жоқ. Бір ғана үйден осындай бірнеше олқылықты байқауға болады. Бұл үйге қатысты терможаңғырту жұмыстары келісім-шартқа сәйкес 4 айда аяқталуы қажет.

Алайда, құрылыс материалдарының кешігіп жетуіне байланысты қазір жөндеу жұмыстарының 85 пайызы бітіп тұр. Әрі қарай жұмыстың сапалы орындалуына қадағалау жүргізу үшін біз тұрғындардың ватсап чатына қосылдық. Әрбір тұрғынның жөндеу жұмыстарына байланысты мәселесіне құлақ асып, мән-жайды бақылап отырмыз, — деді «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Әдиева.

Көзбояушылық па, әлде?..

– Негізінде тұрғын үйлерге әр 10 жыл сайын терможаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сонда бүгінгідей проблемалар орын алмас еді. Бізде мұндай жұмыстар 30-40 жылдан соң ғана жасалады. Сондай-ақ, терможаңғырту үшін үйге арналған ақаулы анықтаманы жасақтауда тұрғындардың барлығы бірдей қатыспайды. 70 пайызы ғана келісім берсе, қажетті құжат жасақтала береді. Жөндеу жұмыстарына арналған қаражат 3-4 жылдан соң бөлінеді. Ал, бұл уақытта анықтамаға енбей қалған тозығы жеткен тұстардың шыға беретіні анық, — деді А.Әдиева.

Мәселен, 2017-2019 жылдары күрделі жөндеуден өткен көп қабатты тұрғын үйлердің жағдайы да бүгінде сын көтермейді. Көпшілік арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі күрделі жөндеуден өткен үй тұрғындарының 73 пайызы модернизация жұмысына қанағаттанбайтынын және тұрғындардың басым бөлігінің жұмысты қабылдау ісіне мүлдем қатыспағандығын көрсетті.

Сонымен қатар, Атырау қалалық тұрғын үй инспекциясы және «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС тұрғындарға жөңдеу жұмысын жүргізетін құрылыс компаниялары туралы мәлімет ұсынуы қажет, яғни мердігер мекеме тұрғындардың келісімімен таңдалуы керек. Алайда, 2018 жылдан бері жөңдеуден өткен 4 үйдің тұрғындарына ғана құрылыс компанияларын таңдау мүмкіндігі ұсынылған.

Ал, өзге «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС тұрғындардың келісімінсіз құрылыс компанияларына мемлекеттік тапсырысты беріп, құрылыс жұмыстарын жүргізуді сеніп тапсырған. Б ұ л м ә с е л е г е қ а т ы с т ы терможаңғыртуды жүргізетін құрылыс компаниясының таңдалуында ашықтық жоқ деуге негіз бар. Өйткені, бақылау тобының өкілдері мониторинг кезінде терможаңғыртуды өткізуге құрылыс компанияларын шақыру жөнінде хабарламаларды еш жерден таппаған. Оларды таңдау критерийлері бар болғанымен, комиссия отырысының қалай, кімдермен өткізілгендігі жөнінде ешқандай ашық ақпарат болмады. Сондықтан, мамандар терможаңғырту жұмыстарын ұйымдастыруда тұрғындармен онлайн форматта жүздесіп, мәселелерді алдын ала реттей білу маңызды екенін алға тартты.

Ал, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серіктестік департаментінің басшысы Расул Медетов мердігер компаниялардың тарапынан жұмыстың жүйелі, әрі сапалы атқарылуын бақылау назарда болатынын атап айтты.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button