Теңіз кенішінде вахталық жұмыс мерзімі ұзарады
Аtr.kz/22 маусым, 2020 жыл. Атырау облысындағы Теңіз кенішінде вахталық жұмыс мерзімі екі есе ұзартылады.
«Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтың мәліметінше, 15 маусым күні Теңіз кенішінде жұмысшылардың вахталық ауысуы басталған.
«Енді бұрын 14 күн жұмыс істегендер 28 күнге ауыстырылады. Ал, 28 күндік вахтаға келгендер енді 56 күн жұмыс істейді. Вахталық жұмыс мерзімінің ұзартылуы Қазақстанның еңбек заңдылығына сәйкес жұмысшылардың келісімімен жүргізіледі», — деді Рзабек Артығалиев.
Оның айтуынша, Теңіз кен орнында 13 700 адам жұмыс істеп жатыр. ТШО қызметкерлерінің арасынан — 73, ал мердігер мекемелерден — 1194 адам қауіпті індетті жұқтырған. Сондай-ақ, коронавирус инфекциясынан 806 адам жазылған. Қазір Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 208 адам жатыр. Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда карантин шектеуі қайта күшейтілді.
«ҚазАқпарат»