ТЕЛЕФОН ТЕРРОРИЗМІНІҢ ЖАЗАСЫ ҚАТАҢ
Еске сала кетейік, биыл мамыр айында Атырау облыстық жедел басқару орталығына облыстық ішкі істер басқармасының ғимаратына жарылғыш қондырғы қойылғандығы туралы қоңырау шалынған болатын. Жарылғыш затты іздестіру және залалсыздандыруға тиісті барлық күштік құрылымдар жұмыла жұмыс жасады. Абырой болғанда, ғимараттан қауіпті құрылғы табылмады.
Әдетте азды-көпті ішімдік ішкен адам шама келгенше полиция қызметкерлерінен аулақ жүруге тырысады. Ал, Н.Мосунова «ащы суға» тойып алып, дайындалып жатқан жалған терроризм туралы облыстық ішкі істер басқармасына көршісінің үйінен телефон шалады.
Құзырлы орын өкілдері қоңыраудың қайдан, қашан соғылғанын тез анықтап, айтылған сөздердің үтір-нүктесіне дейін жазылып алынатынын қаперіне ілмейді. Өзін бір кездері «ренжіткен» полиция қызметкерлерімен осылайша «есеп айырысам» деп ойлаған Надежданың оқиғаның басқа бағыт алып, қолына темір кісен салынатыны үш ұйықтаса да түсіне кірмеген.
Атырау қаласы №2 сотының үкімімен Н.Мосунова еліміздің Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оны жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.
Сотталушының баласының жасы 14-ке толмағаны ескеріліп, үкімді орындау мерзімі бес жылға кейінге қалдырылды. Ал, материалдық шығын келтіргені үшін одан 23 мың 800 теңге айыппұл өндірілді.
Алтыншаш
НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.