«Телеарна таңдауы – 2018»
«Atyraý» телеарнасы әр саланың үздіктерін анықтауды дәстүрге айналдырды. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Жыл бойы төларнамен әріптес, серіктес болған ұжымдар мен мекемелер, үздік сала қызметкерлері марапатталды.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында дәстүрлі «Телеарна таңдауы – 2018» мерекелік бағдарламасы жұртшылық назарына ұсынылды. Сонымен қатар, бұл шара жылдың жағымды жаңалығын, жемісті нәтижелер қорытындысын жариялауға арналды. Бұл жолы телеарна таңдауында 13 аталым бойынша марапат тапсырылды.
Ауылдық елді мекендердің даму деңгейін насихаттайтын «Алтын тұғыр» бағдарламасымен бірлесе жұмыс атқарған және atyrautv.kz сайтында хабардың қаралымы бойынша ең көп көрсеткіш жинаған Құрманғазы ауылдық округі жыл үздігі ретінде таңдалды. Соған орай «Atyraý» телеарнасы Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Мұғалім Мұрабекті «Үздік ауыл әкімі» аталымына лайық деп таныды. «Рухани жаңғыру» жобасын іске асыруда, көрермендерге ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуде маңдай терін аямаған ардақты ақсақалдар жетерлік. Солардың бірі үнемі бұқаралық ақпарат құралдары мәртебесінің биік болуын қалап, соны пікір, тың идеяларды ортаға салып отыратын еңбек ардагері Абат Кенжеғалиев «Рухани қолдаушы» аталымына ие болды.
«Бейбіт күннің батыры» аталымы полиция кіші сержанты Алан Тұрлановқа берілді. Оған бұл марапат қызмет бабында жүріп, екі ана мен үш сәбидің өмірін өрттен құтқарып қалып, өскелең ұрпаққа ерен үлгі көрсеткені және кәсіби адалдығы мен айрықша ерлігі үшін табысталды. «Жылдың үздік қолдаушысы» номинациясы бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев пен Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлбаршын Мендақұлова марапатталды.
Жергілікті телеарнамен тығыз байланыста болып, білім саласын жетілдіру бағытындағы өзгерістерді бұқараға насихаттап, елдің болашағын тәрбиелейтін педагогтардың қызметін халыққа танытуға үлес қосқаны үшін Білім беру ісінің үздігі Злиха Дүйсекенованы «Рухани қолдаушы» номинациясының үздігі деп таныды. Талай жанның өмірін ажалдан арашалап, қатерлі ісік ауруларын емдеуде жемісті еңбек етіп, хирургиялық ота жасау арқылы жүктелген міндетке зор жауапкершілікпен қарап, сырқат жанына шипа болған медицина саласының ардагері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, онколог-хирург Жексенбай Нысанов «Ақ үміт сыйлаған абзал жан» аталымына ие болды.
Төларнаға жанашырлық танытып жүрген жомарт жандардың қолдауымен тың дүниелер көрерменге жол тартып, көзайымға айналды. Осы орайда «Сенімді серіктес» аталымына «Полифасад Атырау» ЖШС-нің директоры Асхат Бағытұлы лайықты деп таңдалды.
Ұлттық спортты, атбегілік өнерді өрістетуге атсалысушы Атырау таэквандо федерациясының президенті Арман Тоғаев «Ұлттық спортты ұлықтаушы» аталымы бойынша марапатталды. Облыстық телеарнамен ақпараттық және рухани байланыс орнатып, шығармашылық серіктестікте болғаны және халық әндерін, ұлттық өнер мен ұмыт болған көне музыкалық аспаптарды насихаттаудағы жұмысы үшін «Өнерді өрістеткен» аталымында «Қарақат» мектеп студиясының директоры Эльвира Батырқызының бағы жанды.
Аймақ деңгейіндегі мәдени шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, мәдениет пен өнер саласына қосқан ерекше үлесі үшін танымал әнші Ақмарал Машимова «Жылдың сахна саңлағы» аталымына ие болды. Орынды пікір, тың идеяларымен бөлісіп, телеарна ұжымына жанашыр болғаны үшін еңбек ардагері Сергей Алпатановты «Ең белсенді көрермен» аталымына лайық деп таныды. Панкратионнан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абылай Төлеш «Үздік спортшы» аталымының жеңімпазы атанды.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.
Суреттерді түсірген:
Ануар ӘБІЛҒАЗИЕВ.