Тегін азық-түлік жиынтығын кімдер алатыны белгілі болды
Atr.kz/25 наурыз, 2020 жыл. 109 номеріне хабарласып, азық-түлікке тапсырыс беруге болады деген ақпарат жалған. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кеше ғана мен Президент тапсырмасы бойынша тегін азық-түлік жиынтығы туралы ақпарат жария еткен болатынмын. Оны азаматтардың 4 санаты ала алатынын еске салғым келеді. Бірінші санат — атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары. 2, 3, 4-санат — карантиндік аймақта тұратын азаматтар. Нақты айтқанда, АӘК алатын отбасылардың барлық ересек мүшесі, оның ішінде көпбалалы отбасылар, барлық жастағы 1 және 2-топтағы мүгедектер мен мүгедек балалар, мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар», — деді министр.
Сонымен қатар ол қазір әртүрлі мессенджерде 109 номеріне хабарласып, азық-түлікке тапсырыс беруге болады деген хабар тарап жатқанын айтты.
«Бұл — жалған ақпарат. Оны жасаған адамдар табылады және заңға сәйкес жазаланады», — деді ол.