Жарнама
Жаңалықтар

Театр сахнасында – балалар

Облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрынан «ARTscene» балалар студиясының қойылымын тамашалаудың сәті түсті. Балалардың кәсіби деңгейдегі әртістермен үлкен сахнада қойылым сомдауы тосын оқиға болғаны рас. Олар классик жазушы Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» атты туындысы негізіндегі қойылымды ұсынды.

«Әртістердің» ең кішісі – екі жас жарымдағы Айлана мен Дәрия болды. Ең үлкені – 14 жасар оқушылар.

Қырғыз жазушысының шығармасын бұған дейін де бірнеше рет оқыған едік. Тағы да қызығушылықпен көрдік. Өйткені, балалардың күрделі шығарманы түсінуі бір басқа да, оны ойнап шығуы, образға енуі – мүлде бөлек әңгіме. Повесте басты кейіпкер Толғанай ана мен жас келін Әлиманның қиын тағдыры баяндалады. Ер-азаматтарынан айырылған аналардың ішкі жан дүниесінің күйзелісі, соғыс кезіндегі елдің ауыр өмірі, осының бәрі балалардың кішкентай жүрегінің сүзгісінен өтуі таң қалдырды.

Қойылымның режиссері – Гүлназ Қамысбаева. Режиссердің айтуынша, балалар екі ай бойына әртістермен дайындық жасаған. Ана рөлін – әртіс Әйгерім Қабдешова, жас келіннің образын Әйгерім Көшәлиева сомдады. Жер Ана – әртіс Меруерт Танашева. Ананың кенже ұлы Жайнақ – Кирилл Адаев.

—  Біздің мақсатымыз өсіп келе жатқан талантты бүлдіршіндерді әртістермен араластыру, оларды қазіргі күннен өнерге баулу болатын, — дейді қоюшы режиссер. Студияның басшысы, сахна безендірушісі – Тимур Қоесовтың айтуынша, 19 шілдеде балалар Бурабайда ұйымдастырылған халықаралық фестивальда «Буратино» мен «Маугли» қойылымдарын қойып, бағын сынамақшы.

Айта кетейік, жас әртістер бұған дейін Елордада өткен халықаралық балалар фестивалінен «Күлше қыз» атты қойылымды сахналап, жеңімпаз атанып келіпті. Ендеше, талаптары таудай бүлдіршіндерге де біз сәттілік тіледік.

Нұргүл НАСЫР.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button