Теңіздіктерді не толғандырады?
№18 сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Зинуллин Құрманғазы ауданының Теңіз ауылдық округінде тұрғындармен кездесті.
Облыстық мәслихат депутаты Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан істер туралы атап айтты.
Солардың бірі – «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы. Бұл бағытта 44 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның 34-і осы жылдың аяғына дейін беріледі. «7-20-25» бағдарламасын іске асыру мақсатында көлемі 1400 га жер бөлініп, жаңа ықшамаудандарда 430 көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда.
Көгілдір отынға қолжетімділікті арттыру мақсатында нақты жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 7 мыңнан астам халық тұратын Азғыр өңіріндегі 10 елді мекенді газдандыру жұмыстары бастау алды. Ұзындығы 365 шақырымды құрайтын магистральды газ құбырын жүргізу жалғасуда.
Аталмыш аудан халқы үшін маңызды мәселенің бірі – «Атырау-Астрахан» тас жолының жөнделуі. Тиісті жұмыстардың кешеуілдеу себебін қаржы тапшылығымен түсіндірген депутат «Ислам даму» банкі бұл жобадан шығып отыр. Енді басқа жолдары қарастырылып өзге банкілермен келіссөздер жүргізілуде» деді.
Кездесуге қатынасқан тұрғындар өңір үшін өзекті мәселелерді көтеріп, облыстық мәслихат депутатының жіті назар аударуын сұрады. Шабындық жерлерге қатысты қиындық туғызып отырған мәселелер мен ауыз судың азабын айтқан ауыл адамдары иесіз қалған су жүйесі тезірек сенімгерлік басқаруға берілгенін қалайды.
Жиын соңында облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Зинуллин көтерілген мәселелерге қатысты өз ұсынысын айтып, оларды шешуге жұмыстанатынын жеткізді.
Өз тілшіміз.
Құрманғазы ауданы.