ЖАРЫҚ СЫЙЛАҒАН ЖАН (очерк)

nabor 2 Экономика

Аtr.kz/11 маусым, 2020 жыл. Аз ғана уақытта отандық энергетика саласында қарапайым электр шеберінен бастап вице-президент лауазымына дейін көтерілген жан кемде-кем.

Міне, біз бүгін осындай еселі еңбек пен таудай талаптың арқасында еліміздің энергетика саласына саналы ғұмырын арнап келе жатқан Тоқмағанбет Идаятұлы жөнінде әңгіме өрбіткенді жөн көрдік. Оның үстіне, кейіпкеріміз тура бүгін алып жастың асқарына аяқ басып отыр.

Ол сонау 1960 жылы Атырау облысы Жылой ауданы Қаратон қалашығында қарапайым еңбек адамдары Идаят пен Тәнзиланың шаңғырағында дүниеге келді. Зеректігімен және зияткерлігімен кішкентайдан көзге түскен жас өрен өсе келе арман қуып Алматыға аттанады. Сол кезде алақандай ауылдан шығып, басқа емес, Алматының өзінен білім іздеу дегеніңіз батырлықпен бірдей болатын.

11

Ақыры, асқақ арманы алдамай, Алматы энергетика институтына оқуға түсті. Мұнда жүріп те бойында бұғып жатқан барлық қарым-қабілетін байқатты. Осылайша, оқуды ойдағыдай аяқтаған жас жігіт «Мысыр шаһары» – туған топырағына оралды.

Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, 1984 жылы «Атырау жылу электр орталығында» алғашқы еңбек жолын электр монтеры болып бастады. Осында электр цехының кезекшілік бастығының орынбасары, кейін басшысы да болды. Майталман маман көп кідірместен бас инженердің орынбасарына дейін көтерілді. Бұл жерде зор еңбек етіп, мол тәжірибе жинады. Ал, 2004 жылы электр желілерін басқару бойынша қазақстандық компания – «KEGOC» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) акционерлік қоғамы «Батыс магистральдық электр желілері» филиалында бас инженер орынбасарының қызметін атқарды. Сынаптай сырғып өткен қырық жылға жуық уақыт ішінде ол күрмеуі көп сан қырлы электр-энергетика саласының бетке ұстар айнасы мен ардақты ардагеріне айналды.

amt5585

Сол жиған-терген білім-білігін өзінің ізінен қуып келе жатқан жастарға жалғады. Олармен қоян-қолтық жұмыс жасап, бар білгенін үйретіп бақты. Әсіресе, жоғары кернеулі электр қондырғыларын құрастыру мен пайдалану, күрделі энергетикалық қондырғыларды жөндеуді жас мамандар Тоқмағанбет Идаятұлынан үйренді. Энергетиктердің бірнеше толқыны оның жүріс-тұрысы мен киім киісін, сөйлеген сөзі мен адамгершілік жеке қасиеттерін үлгі етіп, өнеге алды. Иә, ұрпақ сабақтастығы мен дәстүр жалғастығы деген осы шығар, сірә!

Міне, Каспий өңірінің энергетикасын дамытуға үлкен үлесін қосқан Тоқмағанбет Идаятұлының сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан соң саланы қайта қалыптастырудағы қолтаңбасы айқын екені айдан анық аңғарылып тұр. Шүкір, еткен еңбек еш кетпей, сала жетекшілері мен басшылардың түрлі дәрежедегі марапаты мен шарапатына ие болды. 2009 жылы оған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) Құрмет грамотасы салтанатты түрде табысталды. Ал, өткен жылы «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі» атанды.

nabor 1

P.S.

Тоқмағанбет Идаятұлы жасалған жұмыстың бағасын тек халық беретінін және ең жоғары атақ – бұқараның аппақ алғысы екенін үнемі айтып отырады. Расымен де, ер ағасының ел алдындағы еңбегін жаңа буын жалғайды. Ал, ұлағатты өмір-өнегесін ұрпағы ұлығылайды. Олар – бала-келіндері Бауыржан-Әсел, Бақытжан-Айгерім, қыз-күйеу балалары Айгерім-Олжас, балдай тәтті немере-жиендері – Элхан, Кәусар, Бақдәулет, Имран және Мағжан.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

***

*Сіз не дейсіз?

Айбар РАХМАНОВ,

«Атырау ЖЭО» электр кешені басшысының  кеңесшісі:

– Тоқмағанбет Идаятұлымен таныстығым университет жатақханасынан басталған еді. Содан бері берік байланыстамыз. Ол қай жерде, қандай лауазымда да ұтқыр ұйымдастырушы, білгір басшы бола білді. Біз бір-бірімізді тек әріптес қана емес, жақын адамдай сырласып, сыйласып келеміз. Бүгінде ол өз саласының мықты маманы болуымен бірге, жарасымды жанұяның тірегі мен жүрегі. Жаңылсындай жұбайының жазылмас жұбы, ұл-қызының үлгілі әкесі және немере-жиендерінің сүйікті атасы. Ендеше, халықтың алғысын алып, ортаның мәні мен сәні болып жүре берсін деп тілек білдіремін.

Константин ЧЕРНОХАЕВ,

«KEGOC» АҚ «Батыс МЭЖ» филиалының директоры:

– Біздің филиал 1998 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бүгінге дейін көптеген көлемді жобаларды жүзеге асырып үлгерді. Тың технологияға қанша жерден таңдай қақсақ та, кез келген мекеме үшін ондағы қызметкерлерден құнды ештеңе жоқ. Біздегі ұядай ұжымның ұйымшыл жұмысы да өз жемісін бермей қоймады. Осы орайда, мен Тоқмағанбет Идаятұлының есімін ерекше атап өткім келеді. Ол қарапайым шеберден бастап білікті басшыға дейінгі еңбек жолының барлық сатысынан өтті. Демек, бұдан артық айтудың да қажеті жоқ.

 Алтай МИНСЕИТОВ,

сыйлас досы:

– Төкен екеуміз түйедей құрдаспыз. 1977 жылы Алматы энергетика институтына бір жылда қабылдандық. Бес жыл бірге оқып, жатақхананың бір бөлмесін бөлістік. Ал, оқу аяқталысымен екеуміз екі қалаға қызметке орналастық. Жолымыз екі бөлінгенімен, өзіміз бір бүтін болып қалдық. Достығымыз үзілген емес. Өйткені, ол – ар, адалдық, адамгершілік сияқты құнды қасиеттерді бәрінен биік қоятын жан. Айналасындағы адамдардың сеніміне ие бола білгені де сондықтан.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз