Жарнама
Жаңалықтар

ТЕҢІЗДІҢ ТІЛЕЙТІНІ – ТЫНЫШТЫҚ

БАСТАЛҒАН ІС АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Алдымен аймақ басшысы атынан  облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев жиналғандарды белсенділікке шақырды. Солтүстік Каспий жобасының аса маңыздылығын тағы да еске салған ол жұртшылықтың нақты ұсыныс, құнды пікір айтқандары жөн екендігін білдірді. Сынның да сындарлы болғаны абзал. Өзгені оңды-солды кінәлай бергенше, ортақ істі ойласып тындырған дұрыс.

НКОК компаниясының басқарушы директоры Стефан де Майе мырза да көпшілік пікірімен санасуға дайындығын айтып өтті. Солтүстік Каспий жобасын басқаруда орын алған өзгерістер оның жұмысына түбегейлі әсер етпейтіндігін еске салды. Жобаға қатысушылардың әрқайсысы өзіне жүктелген міндет аясында қызметін жалғастырады. Өнімді бөлу шеңберінде де өзгерістер болмайды. Тіпті қазақстандық мазмұн арта түспек. Бүгінде отандық мамандардың кейбірі маңызды өндіріс тұтқасын да ұстап отыр. Мұндай оң өзгеріс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Демек, басталған іс біраз жылға созылғанымен, түбі аяғына жеткізіледі. Оның үстіне, жалпы ұзындығы екі жүз шақырымға жуық құбырларды ауыстыру жұмысының 2016 жылы бітуі күтілуде. Алдымыздағы жылдың бірінші тоқсанында қазу жұмыстары басталады. Ал, компания қоршаған ортаны қорғауға қатысты еліміздің заңдылықтарын сақтауға уәде береді.

Содан соң НКОК компаниясының Қашаған жобасы бойынша басқарушы директоры Жанкарло Руйю тұрбаларды ауыстыру жөнінде баяндады. Әрине, алдымен бұрынғы құбырдың неліктен сыр бергеніне тоқталды. Сөйтсек, ұзындығы 96 км және диаметрі 28 дюйм болатын тұрбаның бойында да, оның дәнекерленген жерінде де сызат білінген. Мамандар мұндай жағдайдың қалыптасуы аса қатты қысымның салдарынан деп отыр. Оның үстіне, Қашаған мұнайының құрамында көп көлемде күкірт бар екендігін ескерсек, оны тасымалдауға кез келген құбырдың шыдамасы тағы анық.

Рас, кейін қоғамдық тыңдау барысында мердігер мекемелердің кінәсі бар-жоғы жөнінде сауал қойылды. Компания басшылығы сол жұмысты жүргізген кәсіпорындардың өз міндетін атқарғанын айтқанымен, келешекте тұрбаларды ауыстыру жұмыстарына олардың қатыспайтындығы да белгілі болды. Ақыры бір шикілік бар шығар. Жә, ол – компанияның өз шаруасы. Оның үстіне, бұған дейін де айтылғанындай, бұрынғы тұрбаларды жаңасымен ауыстыруға байланысты жұмсалатын шығынды Қазақстан жағы көтермейді. Халыққа қажеті – Қашаған кенішінің қауіпсіз игерілуі.     

 

ОРАЛЫМСЫЗДЫҚ ОРЫН  АЛМАСА…

Компания басшылығы өздері ғана білетін құпияны жұртшылыққа жариялаудан бас тартқанымен, қайткенде де, сол құбырлардыжүргізгенде  қателік орын алғандығы ақиқат. Қоғамдық тыңдау барысында бұрынғы тұрбаларды тезірек төсеуге тура келгендігі, өйткені белгіленген уақытқа үлгеру талабы қойылғандығы айтылып қалды. Ау, бұған дейін де Қашағанның алғашқы өнімін алу мерзімі бірнеше мәрте кейінге шегерілді ғой. Ендеше, тағы сәл шыдағанда мұндай оралымсыздық болмас па еді? Ақыры, бәрібір екі жыл уақытты жоғалтқалы отырмыз.

Жалпы, НКОК компаниясы қоршаған ортаны қорғау, денсаулық, еңбек және орнықты даму департаментінің директоры Игорь Лукашовтың айтуынша, құбырларды ауыстыру барысында қоршаған ортаға айтарлықтай әсер болмайды. Рас, құрылыс кезінде теңіз түбі қазылатындықтан, судың лайлану мөлшері артады. Тұтастай алғанда, айдынның физикалық параметрлері өзгереді. Бұл, әрине, сондағы тіршілік әлемінің тірлігіне кері әсерін тигізеді. Оны барынша азайту мақсатында судағы шаруаны тезірек тындыруға күш салынады.

Теңіз түбіндегі қос құбыр су астында қалғалы тұр. НКОК мамандары мұны уақытша шара дегенімен, сірә, сол күйінде жататын шығар. Ал, жаңа тұрбалар соның бойымен, бірақ біраз қашықтықта төселеді. Құрлықтағы құбыр ауыстырылады. Бұрынғысы қазылып алынып, орнына жаңасы салынады.

Әрине, 96 шақырымдық құбыр бойының жағрапиялық бедері бірдей емес. Жазығы да бар, қыраты да кездеседі. Бір жері құрғақ болса, екіншісі ылғал. Сондықтан, әр учаскеде заманауи жабдықтармен жарақтандырылған жаңаша технология қолданылмақ. Бұл жолғы салынатын тұрба – бірнеше қабат қорғаныш қабілеті бар, күкіртті мұнайға есептелген, қатты қысымға төзімді  қоспалардан жасалған тың материал. Мамандар солай деп отыр. Әлемнің әр елінде қолданылған екен, жақсы техникалық көрсеткіштерімен ерекшеленіпті. Сапасы да қатты қадағаланғанға ұқсайды. Демек, сенім артып көрелік.

 

ТОЛҒАНДЫРҒАН САУАЛ КӨП

Әділін айтқанда, өздері қолға алған жобалардың қоршаған ортаға әсерін баяндауға байланысты компаниялардың еңбегін өз басым бағалаймын. Қомақты қаржы шығарып, түрлі зерттеу институттарына тапсырыс береді, Ғарыштан да суретке түсіреді. Мамандары бірнеше ай бойы сонымен ғана шұғылданады. Ал, қоғамдық тыңдауға келгенде қарапайым сауалдардан тосылады. Өздері күнде айналысып жүрген, кез келген уақытта жадында болуы тиіс деректер мен дәйектерді есіне түсіре алмайды. Бұл жолы да солай болды.

Академик Муфтах Диаровтың жолдаған сауалдары НКОК мамандарын сан соқтырды. Мәселен, құбыр бойының ауасы, су құрамы мен өсімдіктер әлемі қалай зерттелді? Құрылыс жүргізілетін жердің биоөнімділігі қаншалықты өзгеріске ұшырайды? Ықтимал техногендік жер сілкінісі кезінде тұрбалардың дәнекерленген тұсы ағытылып кетпей ме? Ал, осы сауалдарға жауап берудің қаншалықты қиындығы бар? Осындай қоғамдық тыңдау барысында туындауы мүмкін сұрақтар емес пе?

Рас, компания экологтарының айтуынша, қосымша қадағалау стансалары салынады. Қоршаған орта ұдайы бақылауда болады. Әрине, мұндай жалпылама жауап академикті қанағаттандырмады. Ақыры мамандар оған бәрін жазбаша жеткізетіндігін айтып құтылды.

Балық шаруашылығының ардагері Бостан Сүлейменов итбалықтар ахуалын сұраған. Сонау 2007 жылы олардың жаппай қырылғаны мәлім. Сол оқиға қыстың тым жылылығымен жабылды. Шындығында солай ма? Ендеше, «ит індеті» аталатын ауру неге ауызға алынды? Мүмкін теңіздегі итбалықтар қоректенетін ұсақ жәндіктер құрып бара жатқан шығар?

Атырау зерттеу лабораториясының меңгерушісі Ғалия Үмбетәлиева су шөгінділеріне қатысты шекті деңгей мөлшері қолданыста жоқ екенін, ендеше,  НКОК мамандары бұл бағыттағы мәліметті қайдан алғандығын сұрады. Сөйтсек, оны өздері зерттепті.

«Глобус» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Галина Чернова да өзі жолдаған сауалдарына жарытусыз жауап берілгеніне ренішті. НКОК мамандары оған да жазбаша жеткізетіндігін айтты.

Атырау мұнай-газ институтының оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Рафаэл Меңдібаев бір сауалды бірнеше мәрте қайталап, ақыры жауабын алды. Бірақ, көңілі толыңқырамаған тәрізді.

Құбырды ауыстыру жұмысына қанша қаражат жұмсалатындығы да айтылмады. Қателеспесек, бұл мәлімет Астанадағы бір басқосуда таратылған тәрізді еді. Бұл жолы компания басшылығы тендердің әлі толық өтпегендігін, сондықтан нақты дерек жоқтығын тілге тиек етіп,  дұрыс  дәйек бермеді. Әйтсе де, бірнеше миллиард доллар шығындалатындығын жасырмады.

Кейде ойлаймыз ғой, осы қоғамдық тыңдауға қатысушы бірен-саран белсенділер тырнақ астынан кір іздеп немесе өздерін көрсетуге тырысып, ұсақ-түйек сауалдарын жолдай бере ме деп.  Уақыттың зая өтіп бара жатқанына да ренжиміз. Сөйтсек, бір қарағанда қарапайым саналатын сауалдың астарында да үлкен мәселе жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, кейбір экологиялық мекемелер басшылары қызметіне қатысты да деректер алғысы келеді. Ал, одан жұртшылық та ұтады. Қажетті мәліметке олар да ие болады. Міне, сондықтан, қоғамдық тыңдауда баяндама жасайтын мамандар жан-жақты дайындықпен келгендері жөн. Әйтпесе, көпшіліктің алдында сабақ оқымаған баладай төмен қарап тұрғандары жарасымсыз.

 

Түйін

Сайып келгенде, қоғамдық тыңдауда тоқсан ауыз сөздің түйінін академик Муфтах Диаров айтты.

— Осы шара барысында, — деді қадірменді қарт, — Қашаған кенішіне қатысты толық мағлұмат алдық. Әрине, ХХІ ғасырда әлемге әйгілі жеті компанияның бір кен орнын игере алмай жатқандығы өкінішті.

Рас, бұл кеніш керемет. Мұнда мол мұнай бар. Бірақ, соның бәрін тездетіп алу міндет пе? Жылына 50-70 млн. тонна «қара алтын» өндіруге асыққанша, 15 млн. тоннамен ғана шектелсек қайтеді? Жалпы, өнім өндірудің өзіндік  технологиясы болады. Соны сақтау қажет.

Анау Теңіз кенішінде көбірек мұнай алуға асықтық.  Бүгінде сондағы қабат қысымы тым төмендеп кетіпті. Жер астында бос қуыстар пайда болды. Соның салдарынан техногендік сипаттағы жер сілкіністері орын алады. Биыл 20 мамырда Теңізде осындай оқиға  байқалды. Оны біреу сезсе, екіншісі аңғармады. Ал, мұндай жағдай келешекте жиі қайталануы да ықтимал.

Каспий теңізінде 2001 жылы жер сілкінісі болды. Ол айдынның орта шенінде орын алғанымен, әсері Атырауға да жетті. Ертең Қашағанның мұнайын тағылықпен тезірек алуға тырыссақ, мұндай жағдай теңіздің қазақстандық бөлігінде де болады. Соны ойлау керек.

…Осы шараны жүргізген геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Қосан Тасқынбаевтың айтуынша, қоғамдық тыңдауда айтылған көпшілік пікірі хаттама ретінде бес күнде жұртшылыққа жария болуы тиіс. Одан әрі, жеті күн мерзімде оған әркім өз пікірін білдіре алады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button