Теңіз кенішінде оқыс оқиға орын алды
Үстіміздегі жылдың 30 мамырында таңертеңгі сағат 10.00 шамасында Жылыой аудандық прокуратурасы облыстық экология департаментіне «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты вахталық қалашықта тұрбадан ауаға газ тарап жатқандығын хабарлаған.
Бірлескен кәсіпорын басшылығы төтенше жағдай орын алғандығын жасырмайды. Компанияның мәліметіне қарағанда, оқиға кешенді технологиялық жүйеде электр энергиясының кенеттен өшіп қалуы салдарынан болған. Өндірісте жұмыс дереу тоқтатылып, адамдар қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың жарақат алуы, мұнай төгілуі мен жабдықтарға зиян келуі тіркелмеген. ТШО ілеспе газды тұрбада жағу арқылы өзінің және мердігер мекемелер қызметкерлерінің, кеніштегі қондырғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Электр энергиясы көп ұзамай қалпына келтіріліп, зауыт қызметкерлері жұмыс орнына оралған. Қазір кәсіпорын қызметін жалғастыруда.
Оқыс оқиға Энергетика министрлігіне де мәлім болды. Алдыңғы күні Астанадан әдейі келген Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Азамат Әлімбаев ТШО компаниясының кеңсесінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін ұйымдастырылған брифингте бүгінде жедел құрылған арнайы комиссия жан-жақты тексеру жүргізіп жатқандығын жеткізді. Яғни, мәселе министрлік тарапынан бақылауға алынған. Алдымен, әрине, залал көлемін анықтау қажет. Ол үшін қоршаған ортаға қанша улы газ таралғанын білу керек.
Әйтсе де, бірлескен кәсіпорын өкілі Имре Боннер ханымның ауаға залалды заттар шығарылмағаны, адамдардың зардап шекпегені туралы баяндауы басқосуға қатысқандарды қанағаттандырмады. Ал, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстанов мәселенің аймақ басшысының жеке бақылауында екендігін айтты.
Журналистер, әрине, облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапановтың пікірін білуге асықты. Оның айтуынша, мұндай апаттан кейін қоршаған ортаға зиян келтірілмеуі мүмкін емес. Ауаға улы ма, басқа ма, әйтеуір газ тарағаны кәміл. Төңірекке күкіртті сутегі жайылуын да жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі жүргізіліп жатқан кешенді тексеру бір ай шамасына созылады. Соның қорытындысымен жаза көлемі белгіленеді. ТШО ірі өндіріс ошағы ретінде бұрын да аймақтағы қоршаған ортаны көп көлемде ластаушы кәсіпорындар қатарында аталады. Ал, бұл жолғы оқиға, әрине, шарасыз қалмайды.
Әйтсе де, ТШО компаниясы Астанадағы министрліктерге мәлімет жөнелтіп отырғанымен, жергілікті мемлекеттік мекемелерге сараңдық танытатын көрінеді. Оның үстіне, брифинг барысында бұдан 6-7 жыл бұрын кеніште орын алған оқыс оқиға ойымызға оралды. Сонда да осындай апат болып, адамдарды қауіпсіз орынға көшіруге тура келген. Оның себебі ретінде электр энергиясының кенет өшіп қалуы айтылған. Қазір де сондай жағдай қайталанып отыр. Ал, ертең ше? Тағы да төтенше жағдайдың болмауына кім кепілдік береді? Осы орайда стратегиялық маңызы бар ірі зауытта лезде іске қосылатын қосалқы энергетикалық қуат орнатылмағаны ма? Осындай жауапсыз сауалдар көкейімізде кетті.
Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ.