Тауық жылы сауық жылы болғай!
«Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы Махамбет атындағы облыстық драма театрында аз қамтылған және көп балалы отбасыларына арнап жаңажылдық шырша өткізді.
Жасыл шырша мерекесіне келген балаларды партия төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев құттықтады.
Бұдан кейін балаларға театр әртістері дайындаған жаңажылдық қойылым көрсетіліп, қызықты ойындар ойналды. Жаңа Тауық жылы: «Мешін жылы жұмыртқа 30 теңгеден болса, менің жылымда 15 теңгеге төмендейтін болады. Біз тауықтармен солай келісіп алдық…» — деген сөзі қызықты әрі орынды шықты.
— Өздеріңізге белгілісі, «Нұр Отан» партиясынан адамдар түрлі көмек сұрап келеді. Бүгін де партия сондай өтініштің біразын қанағаттандырып отыр. Аз қамтылған және көп балалы шаңырақтың жүзге жуық ұл-қызы осындай қызықтың бел ортасында жүр. Бәріне тәтті сыйлықтар тегін таратылады, — деді партияның баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.
Лиза СЕЙТІМОВА.
Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.