Бізді бірінші болып таныған ел – Түркия

таным Жаңалықтар

Биыл ЮНЕСКО шешімімен Қожа Ахмет Яссауи жылы деп жарияланғандықтан, түркі әлемінің ғалымдары мен қоғамдық ұйым өкілдері ойшыл, данышпан атамыздың өшпес ілімін кеңінен насихаттауда. Соның айғағы ретінде жуырда Түркияның Анталья қаласында педагогика және әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша түркі әлемінің халықаралық конференциясын өткізген болатын. 

%d1%82%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d0%bc

Бұл шараны Еуразиялық халықаралық білім беру кәсіподағы Түркия, Косова, Македония, Әзербайжан, Қырғызстан, Иран, Өзбекстан, Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағымен бірлесе ұйымдастырды.

Халықаралық конгресске барлығы 22 мемлекеттен түркі әлемі ғалымдары мен кәсіподақ ұйымы белсенділерінен 900-ге жуық адам қатысып, мыңнан астам баяндама түсті. Қазақстан Республикасы тарапынан жиырма баяндама жасалды.

Алғашқы пленарлық мәжіліс Анталья қаласындағы «Топкапи» қонақүйінің «Османлы Бало» атты үлкен залында өтті. Конгрессті кіріспе сөзбен ашқан Түркия біріккен кәсіподақ ұйымының Бас хатшысы Исмаил Конжук әлемнің әр түкпірінен жиналған қонақтарға ризашылдығын білдіріп, конференция жұмысына табыс тіледі. Мұнан әрі Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы М.Амантаева сөз сөйлеп, Түркиядағы саяси және әлеуметтік қайшылықтарға қарамастан, осындай жиынды өткізіп отырғанына делегация атынан үлкен рахметін айтты.

– Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі тойын атап өткен шақта осынау мінбеден алғаш рет бізді егеменді ел болған қуанышты сәтімізбен құттықтаған ел бауырлас Түркия елі болды. Міне, содан бері екі ел арасында саяси-экономикалық және мәдени байланыс тұрақты орнады. Біздің елімізде тұңғыш мемлекеттік ресми идеология жарияланды. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясын білдіретін түйін-тұжырым. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея дүние есігін ашты. Ол – «Мәңгілік ел» идеясы. Бұл  барша қазақстандықтардың патриоттық ұраны десек, еш қателеспейміз, – деді ол.

Бұдан әрі пленарлық мәжілісте профессорлар Өзкүл Чобани, Исман Якіт, Надим Мажит, Себаһат Денис және тағы басқалар құттықтау сөз сөйледі.

Келесі күндері  секциялық бөлімдер бойынша Қожа Ахмет Яссауи, Абай Құнанбаев, Исмаил Бей Гаспаралы, Бақтияр Вахабзаде, Шыңғыс Айтматов, Мұстафа Кемаль Ата Түрік, Әмір Темір және доктор Неджад Кошан мәжілістерінің отырысы болды. Бұл мәжілістерде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Омар Темірбеков, осы оқу орнының Халықаралық қатынастар факультетінің PhD докторы Мирас Қосыбаев, «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет жобасының редакторы Руслан Беген, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры Жанат Мұқатаева, Атырау облыстық «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы» АҚ басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Маржан Ғалымжанова мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің З.Қабдол атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы баяндама жасады.

Түркі әлемі ғалымдарының басын қосқан халықаралық конгресс күн тәртібі бойынша тиісті қарар қабылдады.

Айгүл ЕРТіЛЕУ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз