Атырауда 15 бала қызылшамен тіркелді

nveknk Жаңалықтар

Atr.kz/29 қаңтар, 2020 жыл. Биыл қаңтар айында облыста қызылша ауруының 15 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, тіркелген 15 жағдайдың алтауы – екпе салдырудан бас тартқандар.  Төртеуінің екпе құжаты жоқ болса, екеуінің екпе алуға жасы жетпеген. Ал, біреуінің екпе салдыруға медициналық қарсы көрсеткіші болса, екі бала  ғана екпемен қамтылған.

«Ал, былтыр аймақта 774 қызылша ауруы тіркелді. Жүз адамға шаққандағы ауру көрсеткіші 123,41-ді құрады. Сәуір айынан бастап 9-10 айлық балаларды қызылшаға қарсы екпемен қамту шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 10387 бала екпемен қамтылды. Ал, қосымша иммундаумен 40 жасқа дейінгі 3933 медицина қызметкерлері жүз пайыз екпе алды. Ал, 20-29 жас аралағындағы  тұрғындар арасында 46668 адамға қызылша мен қызамыққа қарсы екпе жұмыстары  жүргізілді. Осынау жұмыстардың нәтижесінде  қызылша аурушаңдығының төмендеуіне қол жеткізілді. Дәлірек айтқанда, өткен жылдың бірінші жартыжылдығына 763 жағдай тіркелсе, екінші жартыжылдықта 11 жағдай орын алды»  деді Амантай Төлегенұлы.

Спикер елімізде, оның ішінде біздің аймақта 2019-2020 жылдың эпидемиологиялық маусымында  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, айналымда тұмаудың В типті вирусы болады деп болжамдалғанын  айрықша айтты. Былтыр 1 қазан мен биылғы 17 қаңтар аралығында жіті респираторлық вирустық инфекцияның 1145 жағдайы тіркелді. Оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар саны – 165. 

Ал, тұмаудың зертханалық дәлелденген 14 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 13-інен В типті, біреуінен А типті вирус анықталды. Бұдан басқа  облыста тұмау емес риновирус, РС вирус, парагрипп, бокавирус, метапневмовирус секілді вирустар айналымда бар. Спикер жұқпалы мұндай дерттердің  алдын алу үшін арнайы екпе алудың маңыздылығына да тоқталды.

«Тұмаудың алдын алу мақсатында былтыр оған қарсы екпемен қамтуға  жергілікті бюджеттен 30 мың доза вакцина алуға қаражат бөлініп, осынша адам егілді. Сондай-ақ, жұмыс беруші тарапынан және ақылы екпе жүргізу арқылы қамтылғандар бар» деді А.Жұмағалиев.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз