
«Tauman» командасы футзалдан ауыспалы кубоктің үш дүркін иегері атанды
Республика күні қарсаңында Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен футзалдан БАҚ қызметкерлері арасында Тауман Амандосов атындағы ауыспалы кубогіне арналған жарыс өтті.

Биыл үшінші мәрте өткізіліп отырған жарысқа ауыспалы кубоктің екі дүркін иегері «Tauman», облыстың бас телеарнасы «Atyraý TV», баспасөздің конвейері саналған «Баспахана», шоқтығы биік «Аудандар», талабы таудай «Atyraý-Aqparat», тыңнан түрен салуға асыққан «Электронды БАҚ» секілді алты команда бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатына облыстық ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, «Ақ жол» партиясы Атырау облыстық филиалының саяси кеңесшісі Әбілхан Төлеуішов, Қазақстанның құрметті журналисі Нұрлан Қабылов, облыстық бас редакторлар клубының төрағасы Жанай Амантурлин, Қазақстан Журналистер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Алма Қалусариева қатысты.
– Сіздерді ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Саламатты өмір салтын сақтауға бағытталған осы шараға қатысып жатқан барша әріптестерімізге алғысымды білдіремін. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жарыста шын мықтының жеңіске жетуіне тілекшімін, — деді Жанай Исламғалиұлы.

Жарысқа қатысқан командалар өзара 15 ойын өткізді.
Тартысқа толы ойынның қорытындысында «Tauman» командасы жеңімпаз атанып, кубокті өз командасында сақтап қалды. Былтырғы жарыстың нәтижесін қайталаған «Atyraý-Aqparat» командасы II орынға табан тіресе, «Atyraý TV» командасы үздік үштікке ілінді.
Ойын барысында «Үздік қақпашы» аталымына Қанат Елеуов (Tauman), «Үздік ойыншы» аталымына Дәулет Иманғалиев (Atyraý TV), 12 рет көзге түсіп, «Үздік сұрмерген» аталымына Қайсар Жетпісбаев (Atyraý-Aqparat) ие болды.
Олардың әрқайсына 20 мың теңгеден берілді.
Ал турнирде бірінші орынды жеңіп алған «Tauman» командасына 170 мың, екінші орын алған «Atyraý-Aqparat» командасына 130 мың және үшінші орынға ие болған облыстық телеарна ойыншыларына 100 мың теңге бұйырды.
Алмас ҚАБДОЛОВ
суреттер автордікі