
Тәуелсіздік — елдің ерлік жолы
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашев атындағы Атырау жоғары политехникалық колледжінде тәрбиелік мәні мол, тағылымы зор шара ұйымдастырылды. “Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы” тақырыбында аға буын өкілдерінің жастармен және студенттермен кездесу кеші өтті.

Шараның шымылдығы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтің кіріспе құттықтауымен ашылды. Бұдан кейінгі сөз кезегін Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғызстанның Мәдениет қайраткері Ілия Жақанов, Атырау облысының Құрметті азаматы, І дәрежелі “Барыс” орденінің иегері Төкен Жұмағұлов, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Нұрпейіс Мақашев және басқа да тұлғалар алып, қазақ халқы мен қоғамының егемен ел, тәуелсіз мемлекет болу жолындағы ерлікке толы тарихы туралы тартымды әңгімелеп, әсерлі де мағыналы естеліктерімен бөлісті.
Жастардың атынан теміржол саласының жауапты қызметкері, білікті маман Ботагөз Тілешова, Атыраудағы корпоративтік сату орталығының бас маманы Айдос Иманқұлов, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының әдіскері Әсел Ығылова жылы лебіздерін білдірді.

Соңында оқу орнының басшысы Бағыт Шеркешбаева есте қаларлықтай жүздесу өткізуге ұйытқы болғаны үшін облыстық ардагерлер ұйымына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Әуелеген ән мен жақұт жыр, күмбірлеген күй кештің сәнін келтірді.
Айтпақшы, шара басталмас бұрын кеш қонақтары колледж музейіндегі жәдігерлермен танысып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор