ПИК тұрғын үй қорын басқаруға қауқарлы ма?

29d8837e44401c8b3bcaea9ee2552d73 crop l 7 t 9 w 739 h 416 resize w 1140 h 696 Жаңалықтар

Республикамызда  тұрғын үй шаруашылығын басқарудың  тиімді жүйесін қалыптастыру қажет. Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметі мен жергілікті атқарушы билік құрылымдарының алдына осындай міндет жүктеді. Бұл бағытта жекелеген аймақтарда жүйелі іс-шаралар қолға алынды. Біздің бүгінгі әңгімеміз қаладағы тұрғын үй қорын басқарушы бірден бір құрылым – пәтер иелері кооперативтерінің қызметі, терможаң-ғырту жұмыстарының жай-күйі, жалпы осы салаға қатысты мәселелер төңірегінде өрбімек.

29d8837e44401c8b3bcaea9ee2552d73_crop_l_7_t_9_w_739_h_416_resize_w_1140_h_696

Жөнделетін нысан аудитпен анықталады

Күрделі жөндеуді қажетсінетін 91 көпқабатты үйге қатысты энергетикалық аудит жүргізу жоспарға енгізілген. Бұлар – салынғанына әрісі 40 жылдан асқан, берісі 25 жыл толған үйлер. Әдетте, терможаңғырту жұмыстары оған кіретін үй тұрғындарының 70 пайызы келісім берген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Оның қай жерін (төбешатыры, кірмедәлізі, есік-терезесі, инженерлік коммуникация желілері,т.б.) жөндеу керектігін де тұрғындардың өздері шешеді. Пәтер иелері кеңесіп, атқарылатын шаруаның ауқымын анықтағаннан кейін ғана күрделі жөндеуден өткізілетін нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, мердігер ұйым таңдалынады. Бұл мәселелердің бәрімен әкімдіктің жанынан құрылған «Қаланың тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС айналысады. Сол мекеме арқылы терможаңғыртуға қажетті қаражат бөлініп, орындалған жұмыстардың сапасы бақыланады.

Апатты баспана – 61

Атырау қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат Хабиевтің айтуынша, қазір шаһардағы «апатты жағдайда» деп танылған үйлердің саны 61-ді құраса, оның 12-сі жатақхана екен. Олар кезінде қабырғасы қамыстан қаланып, тозығы жеткен екі қабатты ғимараттар. Қазіргі таңда бұлар кондоминиум нысандарының санатына кірмей, қараусыз қалғандар санатына жатады. Шынын айтқанда, бұл үйлердің бәрі дерлік бұзылуға жатады, ал, тұрғындары жаңа баспаналарға көшірілуі тиіс. Бірақ, нақты шешім қалалық мәслихат депутаттарының ұйғарымымен, тұрғындардың 100 пайыз келісімімен ғана қабылданады.

Ал, оған дейін сол үйлердің техникалық жағдайын тексеретін компанияны анықтауға тендер жарияланады. Содан соң оның бұзылуға жататындығы немесе жатпайтындығы жөнінде  қорытынды шығарылады. Өткен жылы қалалық тұрғын үй инспекциясы 15 көпқабатты үйдің техникалық жағдайын тексеріп, олардың жетеуінің бұзылуға жататындығын, қалған сегізін күрделі жөндеуден өткізуге болатындығын анықтаған. Биыл тағы да көппәтерлі 9 үйге техникалық зерделеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Мұның сыртында, тұрғын үй қатынастары заңдылықтарының сақталуына байланысты жеке және заңды тұлғалардан тұрғын үй инспекциясына түскен арызшағымдар бойынша 7 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, біраз кемшіліктердің беті ашылған. Тұрғындар пәтер иелері кооперативтері басшыларының тарапынан жіберілген кемшіліктерге назар аударған. Ашығын айтқанда, қалада құрылған ПИК-тердің бірқатары әлі күнге дейін әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Жарғыда солай атап көрсетілгенімен, нақтысына келгенде, олар тоқсан сайын тұрғындар алдында атқарылған жұмыстары туралы есеп бермейді.  Келісім-шарт бойынша тұрғындардың жөндеу жұмыстарына төлейтін ақшаларын аударып тұратын банкілік есеп-шоттарын рәсімдеуде де кідірістерге жол берілгені белгілі болды.

Бірлік бар жерде тірлік бар

Жасыратыны жоқ, ел ішінде «пәтер иелері кооперативтері не үшін керек, олардан қандай көмек көріп отырмыз?» деген пікірлер айтылуда. Соған қарамастан, халықтың ПИК-терге деген сенімінің жоғала қоймағандығын байқадық. Осыған байланысты қаладағы бірқатар пәтер иелері кооперативтері басшылары мен тұрғындардың ойларын білген едік.

Людмила ШАРОВАТОВА, Атырау қаласы бойынша ПИКтер қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Әнуар Авангард» пәтер иелері кооперативінің басшысы:

– Қаламызда 1200-дей көпқабатты үйді біріктіретін 72 пәтер иелері кооперативі құрылған. Алайда, олардың бәрі бірдей қауымдастықтың құрамына кірмейді. Осының өзі кейбір бірлесіп шешетін мәселелерді талқылап, жұмысты жақсарту бағытында ортақ бір байламға келер кезде елеулі кедергілер мен пікір қайшылығын тудыратынына куә болып жүрміз.

Шындығында, қауымдастық құрылып, іске кіріскелі бері қызметімізде тың серпіліс пен алға қарай ұмтылыс пайда болды. Бір бірімізбен тәжірибе алмасып, қажет жерінде қолдау көрсетіп, проблеманы шешу жолдарын бірлесіп ойласамыз. Басты қиындық, кезіндегі жөндеу-пайдалану басқармаларының қарамағында болған көпқабатты үйлердің лас суға толы жертөлесі мен шатыры, барлық инженерлік коммуникацияларының  жөндеусіз, мекеме шығындары мен тұрғындар қарызының қайтарылмаған, бережақтың өтелмеген күйінде ПИК-тердің қарамағына беріліп кетуі жаңа құрылымды тығырыққа тіреп, үлкен қиындықтарға душар етті.

Десек те, мұнда «әттеген-ай» дегізер  жайлардың да барын жасыруға болмайды. Мәселен, қыруар қаражатқа күрделі жөндеуден өткен үйлердің төбесіндегі ауа келіп тұратын жүйелердің айналасы арзан тастармен өріліп, сапасыз салынғандықтан опырылып түскен. Өзге де, сметаға кіргізіліп, ақысы төленген жұмыстардың тиісті деңгейіне жеткізілмеуі себепті келеңсіздіктердің орын алғанын көзімізбен көрдік. Бұған кезінде жауапты құрылымдар тарапынан жүйелі бақылау, қатаң талап қойылмады. Оған қоса, биылғы жылдың басында «Мерей» базарының маңындағы № 11 үйдің кәріз құбыры жарылып, тұрғындар үшін қолайсыз жағдай туғызды. Бұдан осы аумақтағы  өзге де ПИК-тердің  үйлері зардап шекті. Міне, содан бері қаншама уақыт өтсе де «Атырау су арнасы» КМК түрлі сылтауларды алға тосып, жағдайды ретке келтіре алмай әлек.

Светлана ҒАЛИЕВА, «Мұхамбет» ПИК-нің төрайымы:

– Бізге қарайтын 11 көпқабатты  үйдің (1100 пәтер)  9-ы терможаңғыртудан өткен.Біреуінде бұл жұмыс биыл аяқталса, қалған біреуі алдағы жылдардың еншісінде. Үйлердің көбі ескі, елу жылға жуықтаған. Әйтсе де, мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған жұмыстардың арқасында төбешатырынан жаңбыр тамшылап, жертөлесі лас суға толып, кірмедәлізінің есігі ашық, іші алқа-салқа болып тұратын үйлеріміз өзгеше бір реңге енді. Бұған тұрғындар да дән риза.

Қанша жерден қымбатшылық қыспаққа алса да, тұрғындардың пайдалану шығындарына төлейтін ақысын 25 теңгемен (1 шаршы метрге) қалдырдық. Ақша төлеу жүйесінде де біраз жеңілдіктер жасалды. Қауқарымыз жететіндей апатты жағдайларды өз күшімізбен жөнге келтіреміз. Тұрғындардың ПИК-ке деген көзқарасы дұрыс. Олардың 80 пайызы бұл құрылымның бұрынғысынша сақтал-ғанын қалайды.

Наталья КИМ, Авангард-3 шағынауданы, 31-үйдің тұрғыны:

– Біздің үйіміз «Мұхамбет» ПИК-іне қарайды. Кооперативтің қызметі бізді қанағаттандырады. Жарық, жылу, суымыз, газымыз болмай, кірмедәліздегі шамымыз жанбай қалса, бірден кезекшіге телефон шалып, жағдайымызды айтамыз. Қайткенде де бізге кооператив керек.

Марина НҰРМАНОВА, Владимирский көшесі 100-үйдің тұрғыны:

– Бірнеше жылдан бері отбасыммен осы үйде тұрамын. Басқаларынан басты бір айырмашылығы сол, біздің үйіміз сегіз подъезден, 120 пәтерден тұрады, соған сай тұрғындарының саны жөнінен де артықшылығы басым. Сондықтан, мұндай үйді күтіп-ұстап, қызмет көрсету де оңай шаруа емес. Ал, «Рахман» ПИК-і болса өз міндетін абыроймен орындап, өзгелеріне үлгі болуда. Күндіз-түн демей, жағдайымызды жасап, ешқашан қабақ шытып көрген емес. Егер барлық кооперативтер жұмысына осындай жауаптылықпен қараса, бәрі де дұрыс болады деп ойлаймын.

ПИК-тер мәселесі Астанада Үкімет деңгейінде қарастырылып, талқылануда. Ал, оның нақты қалай шешілетінін, жалпы тұрғын үй қорын басқару жүйесінде қандай өзгерістер болатынын уақыт көрсетеді.

 Дәулетқали Аруев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз