Тәуелсіздік-30: Ұстаздарымның ұстазы…
Қазақ заңгерлері когортасының көшбасшысы — академик Салық Зиманұлының туғанына биыл 100 жыл толды.
Осы бір қарапайым да айбарлы есімді бүгінде білмейтін, құрметтемейтін адам алты алашта жоқ десем, еш асыра айтқандық емес. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің тұғырлы болуына, оның Ата Заңының қабылдануына өлшеусіз үлес қосқан заңгер-ғалымды еліміздің сот, прокуратура, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздеріне ұстаз, ақылшы аға ретінде қабылдайды. Ол кісінің алдын көрген, тәрбиесін алған шәкірттерін, олардың адалдық эстафетасын одан әрі жалғастырған сан жүздеген заңгерлерді еліміздің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады.
Данышпан Абай атамыздың «Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі» деген даналық сөзі бар. Ендеше, көзі тірісінде-ақ заң ғылымының патриархы атанған Салық Зимановтың көркем бейнесі санамыздан ешқашанда өшірілмейді. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Өйткені, оның артында мыңдаған шәкірттері, жоқтаушылары, тілеулестері бар. Оған дәлел сенатор, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бастауымен үш комитет төрағасы, үш генерал және үш академик қол қойған Премьер-министрдің атына жолданған депутаттық сауалда С.Зимановтың жүзжылдығы Үкіметтің жыл кестесіндегі мерейтойлар тізбесінен тыс қалғандығы айтылды. Сондай-ақ, оның тәуелсіз Ққазақстанның заң ғылымының өркендеуіне сіңірген өлшеусіз еңбегі, білікті, дарынды заңгерлер корпусын қалыптастырудағы ұстаздық қызметі тайға таңба басқандай санап көрсетілген.
«Салық Зиманов 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, комитет төрағасы әрі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының жобасын дайындаған депутаттық комиссияның басшысы болды. Кейін, 1991 жылы 14-16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдау барысында 2 күн айтыс-тартысқа түсіп, мәселе тығырыққа тірелгенде тағы да келісім комиссиясының құрамына кіріп, бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы атты жаңа тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келгенін күллі әлемге танытқан тарихи құжаттың қабылдануына заңгер, депутат ретінде зор үлес қосты. Оның сол кезде сөйлеген сөздері мен тегеурінді пікірлері Парламент мұрағатында сайрап тұр. Ол 1994 жылы Жоғарғы Кеңеске екінші мәрте депутат ретінде сайланып, өмірінің соңына дейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бәріне дерлік абыз ақсақал ретінде белсене араласты. Сенат пен Мәжіліс Төрағалары, Премьер-Министр және республикалық құқық қорғау органдары басшыларына ұдайы өзінің толымды ұсыныс, тағылымды пікірлерін жолдап отырды. Елбасының саяси-құқықтық реформаларына үнемі қолдау көрсетті» делінген хатта.
Аға буын өкілдері қаһарман Салық Зимановтың азаттығымызға жарқын жол ашқан Желтоқсан көтерілісінен кейін зиялы қауымның ерік-жігерін басу үшін 1986 жылдың 29 желтоқсанында Ұлттық Ғылым академиясына келген М.Соломенцев пен Г.Колбиннің алдында ақырып теңдік сұраған ақсарағат сөздерін де ұмытпады. Иә, империялық орталықтың лауазымды өкілдерінің қазақ халқы атына айтқан астам пікірлеріне тайсалмай қарсы шығып, ұлт намысын, ел абыройын кесімді дәлелдермен қорғап қалғанын бүкіл жұртшылық біледі.
Дәлелді деректермен сөйлеген депутат, академик Мұхтар Құл-Мұхаммед ғалымның есімін ұлықтау туралы ұсыныс айтты. «…Осыған орай, академик Салық Зимановтың ғасырлық мерейтойын лайықты атап өту үшін: қаһарман ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, танымдық-тағылымдық шаралар өткізу, есімін Атырау мен Алматы қалаларының көшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған мектептердің біріне беру, туған жерінде еңселі ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды сұраймыз» деген сөзбен түйіндеді ол.
Айтса айтқандай. Елі үшін, ұлты үшін осыншама еңбек сіңірген дарабоз заңгер ағамыздың мерейтойын елеусіз қалдыру біз үшін де, келешек ұрпақ үшінде кешірілмейтін қателік деп айтуға болады. Өмір бойы адалдықтың ақ жолынан тайқымаған, айтайын дегенін орағытып, мәймөңкелетпей тура айтып өткен С.Зимановтың өткен өмір жолы ұрпаққа үлгі болмақ. Еліне еңбегі сіңген ғалым Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденімен, екі мәрте «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Салық Зиманұлының бір естелігінен үйіне түскен ұры туралы айтқан әңгімесін оқыдым. Ол ұрыны Днепрден бірге өткен майдандағы досына қатты ұқсатып, барынша қамқорлық танытады. Осы оқиға туралы білетін әріптестері «Салық Зиманұлы өз ұрысын өзі ақтап шығарды» деп әзілдеуші еді. Былай қарағанда болмашы нәрсе сияқты. Ал тереңнен ойлап, алыстан қозғасақ не деген қарапайымдылық! Не деген мәрттік! Мен айтар едім, ұлылық деп. Өмір бойы заңдылықтың, әділдіктің жолында күресіп, басқаларды да соған үндеп, осы салаға мыңдаған кадрлар дайындап келе жатқан адамның бұған дейін жеті рет сотталып, ол аз болғандай жиған-тергенін үптеп кеткен кәнігі ұрыға араша түсуі, оның түрмеден кейінгі тіршілігіне араласып, оған сеніммен қарап, қолұшын беруі шынында да таңғаларлық жайт. Ауыздығымен алысып, тұяғымен жер тарпыған, түзелуден мүлдем кетті деген кісікиіктердің жүрегінің түбінен болмашы үміт ұшқынын көріп, соны өшіріп алмау үшін онсызда жетпей жатқан алтын уақытын бөлуі кім-кімге де үлгі боларлық. Санасында саңылау бар адамды ойландыруы тиісті.
Мен университетте оқып жүрген кезде С.Зиманов бізге «Мемлекет және құқық теориясы» пәні бойынша тапсырылатын сынақ бойынша мемлекеттік комиссия төрағасы болды. Айта кетерлік жайт, ол кісінің алдын көру біз үшін, қарапайым студенттер үшін үлкен мәртебе еді. Сынақ кезінде сөзімізді бөлмейтін. Тіліміздің ұшында тұрған нәрсені айтып, жеткізе алмай тұрғанда ауызымызға сөз салып, жетелейтін. Жанама сұрақтар арқылы тақырыпты жетік білетінімізге көз жеткізсе көп қинамайтын. Комиссия мүшелерінен де соны талап ететін. Менің заңгерлік қызметтегі ұстаздарым — Қ.Мәми, О.Жұмабеков және Б.Бекназаров -Салық ағамыздың шәкірттері. Яғни, ол кісі біздің ұстаздарымыздың ұстазы.
Қазақстан ғылымының тарихында үш академиктер отбасы бар. Бірі – Фазыл Мұхамедғалиұлы мен Нәйла Оразғұлқызы Базанова, екіншісі — Серік Смайылұлы Қирабаев пен Әлия Сәрсенқызы Бейсенова, үшіншісі — Салық Зиманұлы мен Шәрбан Батталқызы. Барлығы да Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшелері.
Салық ағамыздың мерейтойы қарсаңында Атырау қаласынан бір көшенің атын беру мәселесін қолға алдық. 2008 жылы өзара келісім-шарт бойынша ғұлама заңгер өз мұрасының көпшілік бөлігін Алматыда тұратын атыраулық ғалым-баспагер, филология ғылымдарының докторы, професссор, «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Ғарифолла Қабдолқайырұлы Әнеске аманаттаған екен. Бүгінгі күнге дейін 5 томдығы жарыққа шыққты. Қазіргі кезде қалған 2 томдық пен С.Зиманов туралы замандастарының естеліктері, деректі мақалалар қамтылған заманауи энциклопедиялық анықтамалық шығаруға жұмыстанып жатырмыз.
Егерде осы жұмыстар дер кезінде жүзеге асса аты алты Алашқа мәлім ұлы жерлесіміздің есімін ұлықтау, оның ұшан-теңіз ғылыми мұрасын ел жадында қайталап жаңғырту – академик С.Зиманов тікелей атсалысқан Ел Тәуелсіздігіне үлкен тарту, Қазақстан Республикасының 30 жылдық торқалы тойына толымды шашу болар еді.
Бауыржан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Атырау облыстық сотының төрағасы