Жарнама
Жаңалықтар

Татулыққа үндейді

Біздің ата-бабамыздың туып-өскен жері – Қарағанды өңірі. Ата-әжемізден естуіміз бойынша, біздің жақтың халқы наурыз мейрамын қазіргідей Арқаның қақаған қысындағы наурыздың ішінде тойламаған. Көктем шыға қар еріп, ел жайланып, жаңа қонысқа көшкен жаймашуақ кезеңде тойлайтынын айтады. Бұл шамамен сәуір, мамыр айларының іші болса керек. Қай үйдің биесі құлындаса, сол үйге барып қымыз ішетін дәстүр болған. Оны қымызмұрындық деп атайды. Үлкен кісілер солай болғанын айтып отыратын.

Ертеде қай үйдің биесі құлындап, қымыз ішетін күнге жетсе, ел ақсақалдары ауыл аралап, сол үйге барып қымыз ішіп, баталарын беретін. Бұл дәстүр бізде әлі күнге дейін бар. Оны «қымызмұрындық» деп атайды. Мамыр айының аяғына дейін ауылда бүкіл биелер құлындап, әр үйде күмпілдеп күбі пісіліп, қымыз сапырып, елдің аузы аққа тие бастайды. Әсіресе, Жаңаарқа өңірінде қазірдің өзінде әр үйде кем дегенде 2-ден 10 биеге дейін, тіпті одан да көп сауатындар баршылық. Осындай бір сәтте ауыл ақсақалдары қымызмұрындық өткізу керектігін айтады. Ел ортаға қыстан қалған сүр етін әкеліп тай қазанға асып жатады, қымыздарын әкеліп, үлкен тостаққа құйып сапырып жатады. Киіз үйлер тігіліп, ет желініп, қымыз ішіледі, ақсақалдар баталарын береді. Соңы балалардың қыс бойы үйреткен тайын жарыстырып, оны қызықтап, жастардың күресі, басқа да ойын-сауыққа жалғасады.

Баршаға белгілі, кеңес өкіметі кезінде қолдан тыйым салып, наурыз мерекесін ұмыттырды ғой. Кейін төл мерекеміз қайта оралды. Қазір елдің әр өңірінен Астанаға қоныс аударғандармен басымыз қосылып, олардың да жергілікті салт-дәстүрін біле бастадық. Олардың арасында батыстағы төрт облыстан келген дос-жаран, әріптестерімізбен туыстай араласып, тіпті құда болып араласып жатқан жайымыз бар. Олар 14 наурыз күні ұлттық киімін киіп, дәмін ұсынып, бізді құшақ жая қарсы алып, «Бір жасқа шығуыңмен!», «Амал күні құтты болсын!» деп ақжарма тілектерін айтып, құттықтап жатады. Біз де бұл күнді жатсынбай, ежелден атап өтіп келе жатқан төл мереке ретінде жылы қабылдадық. Бұл күн қазақтың бағзыдан келе жатқан дәстүрі болғандықтан бір-бірімізді табыстыратын, жақындастыратын игі күн деп білемін. Қазақтың кәдесіне асатын, достығын арттыратын салт-дәстүрді қашан да жақын тұтуымыз керек.

Ал өзім туып-өскен Арқа өңірінде көрісу деген салт жоқ, Амал күні дегенді де естіген жоқпыз. Бір қызығы, біздің жақта «көрісу» деген сөзді айтқызбайтын. Мұның сыры – біздің жақта бұл сөз жақынынан айырылған адамды жұбатып, басу айтып көрісе келетін дәстүрге байланысты қолданылады. Сондықтан, үлкендер жағы «көрісу деген сөзді айтпаңдар, жамандық шақырмаңдар» деп ескертетін. Бұл да әр өңірдің өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты туындаған дүние болса керек.

Ал батыс өңіріндегі көрісудің мәні мүлдем бөлек. Керісінше, бұл күні жер беті жіпсіп, көктем айы туа бастағанда алыс-жақындағы ағайын бірін-бірі іздеп, сағынысып көрісіп жатады.

Мұның бәрі қазақтың ұлттық идеологиясына айналуы тиіс. Осындай қастерлі салт-дәстүрді, ана тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды, асыл қасиеттерімізді сақтай отырып, елімізді рухани тұрғыдан өсіп-өркендетуге міндеттіміз. Жан-жаққа тартпай, барша қазақтың басын қосатын рухани тұғырда бірлесіп, Отанымыздың дамуына, жеріміздің гүлденуіне қол жеткізуіміз керек.

Бұл мереке – достық, сыйластық пен ынтымақтың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Ерлан КҮЗЕКБАЙ, журналист-өлкетанушы

Астана қаласы

whatsapp image 2024 03 15 at 11.24.36

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button