АПАТ АРТЫ – АЙЫППҰЛ

Орталық дереккөздері таратқан ақпаратқа қарағанда, еліміздің мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қашаған кен орнын игерушілерге апат салдарынан экологиялық зиян келтіргені және өнім өндіруді тоқтатып қойғаны үшін айыппұл салынатындығын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, Қашағаннан өнім өндіру өткен жылғы 11 қыркүйекте ресми басталған-ды. Алайда, біраз күннен кейін теңіздегі «D» жасанды аралы мен «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысын жалғастыратын құбыр бойында ақау анықталып, жұмыс тоқтатылды. Рас, 6 қазанда өнім алу жалғастырылғанымен, үш күннен кейін құбыр бойында газ жіберу тағы байқалды. Міне, содан бері кеніш тоқтап тұр.

Ұзақбай Қарабалин «Казэнерджи» қауымдастығы кеңесінің қорытындылары бойынша өткізген баспасөз конференциясында өнім өндіру мерзімінің бұзылуына байланысты Қашаған кенішін игерушілерге келісімде көзделген санкциялар қолданылып, айыппұлдар салынатындығын айтқан.
Бұл ретте экологиялық талаптар да бар екендігін еске салған жөн. Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрлігі мердігер мекемелермен бірнеше мәрте кездесу өткізген. Табиғатқа нендей нақты залал келтірілгені осы айдың соңына дейін белгілі болады.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз