
Тасжолға ақылы жүйе енгізілді
Көлік қозғалысына кедергі келтіретін шұрық-тесік жолдар, жиі жөндеуден өтсе де ұзаққа бармайтын трассалар, сапасыз жобалар мен әлсіз бақылау – осы және өзге де түйткілдер облыстық «Атырау» газетінің кезекті подкастында сөз болды.
Подкасты газет шолушысы Алмас ҚАБДОЛ жүргізіп, инженер-механик, Парламент Мәжілісінің үш шақырылымының экс-депутаты, Махамбет ауданының Құрметті азаматы Ұзаққали ЕЛУБАЕВ, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау филиалының директоры Аслан ДҮЙСЕНОВ, «Қазавтожол» ҰК АҚ-ның сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бастығы Аслан САҒИДУЛЛИН подкаст қонағы болды.
Облыстағы жолдардың қазіргі жағдайы, қоғамдық сын-ескертпелердің ескерілуі, сондай-ақ сапаны арттыру бағытында қолға алынып жатқан шаралар кеңінен талқыланған подкаст барысында 24 мамырдан бастап «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тасжолы бойынша «Ақтөбе – Атырау» бағытында, 100-інші және 480-інші шақырым аралығындағы жол учаскелерінде ақылы жүйе енгізілгендігі белгілі болды.
Қазір облыста бұл жүйе осы бағытта ғана жұмыс істейді. Алдағы уақытта толық аяқталғаннан кейін «Атырау-Астрахан» жолына да ақылы жүйе орнатылады. Екінші санаттағы жолдарда жеңіл көліктерге ақы алынбайды, ал автобустар мен жүк көліктері төлемге жатады. Ақылы жол учаскелері нақты шақырымдық шектеулерге бөлініп, әрбір бөлік үшін төлем жеке есептеледі. Жолақы көлік түрі мен салмағына байланысты өзгеріп отырады.
Сонымен бірге көршілес қалалар арасындағы автобус парктері жергілікті әкімдік реестрінде тіркелгендіктен, олар ақылы жүйеден босатылды.
Подкастың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Алмас ҚАБДОЛ
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ