Тасқынға – тосқауыл: Сарғайған газет беттері сыр шертеді

nlll Жаңалықтар

Тарихтағы оқиғалардың да, табиғаттың тосын құбылыстарының да қайталанып тұратыны жазылмаған заңдылық. Соның бірі – су тасқыны екені сөзсіз. Өткенге ой жүгіртсек, елдің есін алған тасқын судың келуі осыдан дәл отыз жыл бұрын (1993-1994 жылдары) болған. Сол кездегі тасқын судың тартқызған зардабы мен тигізген залалы әлі күнге есімізде. Осынша уақыттан соң қайталанған қауіпті ахуал – сындарлы шақта бір сәт өткеннің тағылымын ойымызға оралтып, санамызда саралауды жөн санадық.
Иә, ол мезгілде де біздің «атыраулық» әріптес аға-апаларымыз, журналистер оқиға ортасынан табылып, қолдарына қаламын алып, тосыннан төнген қауіп пен төтелеп келген тасқын судың салған ойранын оқырманға жеткізді. «Тілсіз жаудан» мал-жанды аман алып қалу, үй-жайлары суға кеткен жандарды баспанамен қамтамасыз ету, материалдық, моральдық тұрғыда зардап шеккен, қиындық көрген ағайынның басқа да әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында атқарылған жұмыстардың барысын басылым беттерінде жедел түрде жариялап отырды.


«Су деңгейі көтерілуде»


Облыстық «Атырау» газетінің 1994 жылғы 30 сәуір күнгі санында «Су деңгейі көтерілуде» тақырыбымен шағын хабар берілген.
Онда «25 сәуірдегі мәліметте Жайық өзені қалыпты деңгейден Атырау тұсында 35 см. биіктеген болса, енді 29 сәуірде ол көрсеткіш 46 см. жеткен екен. Аталған мерзім ішінде Махамбетте 42 см. көтерілген. Ауа райын зерттеу орталығының мәліметіне қарағанда, Қиғаш өзені күн сайын көтеріліп келеді. Алдыңғы өткен бір түнде Ганюшкин тұсы 2 см, ал Котяевкада 6 см. биіктеп отыр. Волгоградтағы су қоймасының ашылуына байланысты су деңгейі көтеріліп кету қаупі бар» деп жазылған.

«Өсе түскен өр суы…»


Ал, «Атыраудың» сол жылғы 17 мамырындағы нөмірінде газет тілшілері өр суы деңгейінің күн санап көтеріліп келе жатқанын, сол себепті одан келер қауіптің де күшейе түскенін, сондықтан тасқыннан қорғану шараларын шұғыл қолға алу қажеттігін айтып, дабыл қаққан.
«Өсе түскен өр суы: одан қорғану шараларын қауырт жүргізуді қажет етуде» тақырыбымен берілген жарияланымда төмендегідей деректер келтірілген; «Атырау қаласы тұсында былтыр өр суының ең жоғары деңгейі 575 см. болғаны аян. Гидрометеорология орталығы соңғы күндері биылға бірнеше болжам айтты: 585 см, 594 см, ақыр соңында 635 см. болады деп мәлімдеді. 16 мамырда ол 557 см. болды.
Қайткенде де, соңғы күндері өр суы көрінеу көзге өсіп отырғаны анық. Кеше облыстық әкімшілікте облыс әкімінің орынбасары, төтенше жағдай жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Б.Түсіпқалиевтың төрағалығымен облыстық мекеме, ұйымдар басшыларымен өткен кеңес тасқыннан қорғану мәселесіне арналды. Жасалған хабарламада соңғы күндері Атырау қаласы, Махамбет, Индер, Балықшы аудандары аумағында тасқын қаупі күшейе түскені айтылды».
Одан әрі басқосу барысында келтірілген деректер расталғаны, сондықтан шұғыл түрде су тасқынынан қорғану шараларын күшейту күн тәртібінде тұрған, кезек күттірмейтін міндет екені алға тартылыпты.


Жауапкершіліктің жүгі ауыр


Газеттің 1994 жылғы 14 мамырындағы санында «Өр суында толас жоқ» деп дабыл қағылған.
«Кеше, 13 мамыр күні облыстық ауа райын зерттеу орталығынан мынадай мәлімет алынды: Су келіп жатыр. Мысалы, Махамбетте бір тәулікте 14 см, соңғы үш күнде 35 см. биіктеді. Ал, осы мерзімде Атырау қаласы тұсында 13 см. көтеріліп, жалпы 548 см-ге жеткен-ді. Соңғы уақыттағы желдің әсері ме, осы көрсеткіш 13 мамырда өзгеріссіз қалыпты. Соңғы күндері Қиғаш өзені 12 см, Шароновка өзені 7 см. көтерілген. Жайық тасу үстінде және Атырауға алда да су келеді. Сақ болғанымыз жөн» делінген онда.
Сол сияқты, басылымның осы мамырдағы сандарының бірінде өңірімізде өр суының келу екпінінің әнебір баяулай қоймағаны баяндалса, маусымда да жағдайдың тұрақтамай, тасқын айтарлықтай азайғанымен, қауіптің толықтай сейіле қоймағанына назар аударылған. Бейқам отыруға болмайтыны ескертілген. Бұл сөзімізді «Өр суы өнжеулі қайтпай тұр» (08.06. 1994 ж), «Су деңгейі қандай?» (07.06.2024 ж), «Қауіп әлі төніп тұр» (25.05.1994 ж), «Сәл саябырсу бар», «Су деңгейі төмен түссе де…» (01.06.2024 ж), т.б. тақырыптармен облыстық «Атырау» газетінің беттерінде жарық көрген, көлемі шағын болса да, көтерер жүгі салмақты, сөзі салиқалы хабарлар, су тасқынына тосқауыл төңірегіндегі әңгімені арқау еткен, «Апат айтып келмейді» атты ортақ тақырып аясына топтастырылған материалдар дәлелдей түскендей.
Әрине, бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, талдау жасасақ та артық болмасын білеміз. Ең бастысы, бұлардың бәрі де мәселенің маңызы мен мәніне жете көңіл бөліп, «өр суының қаупін қайтсек сейілтеміз, қиындықты қалай жеңеміз, табиғат апатын болдырмау үшін не істеуіміз керек?» деген сауалдарға жауап іздеу мақсатын көздейді. Соны бұқара мен билік өкілдерінің талқысына ұсынады. Оған қоса, табиғаттың тосын құбылысынан зардап шегіп, баспанасы мен мал-мүлкінен, басқа да материалдық игіліктерінен айырылып, қиындықта қалған адамдарға жәрдемдесіп, көмек қолын, бүлінгенді қалпына келтіруге үлес қосу – мемлекеттің ғана емес, әрбір саналы адамның азаматтық борышы екенін ұмытпау қажеттігін алға тартады.
Осының өзінен қай заман, қандай кезеңде де журналист жұмысының жеңіл болмағанын аңғару қиын емес. Ендеше, басын қауіп пен қатерге тігіп, халыққа шынайы ақпаратты жеткізіп, ел ішінде дүрбелең туғызатын алыпқашпа әңгімелердің тарап кетпеуі үшін қызмет қылып, міндеттерін адал атқарған аға буынның өнегелі ісін кейінгі толқын үлгі тұтуы тиіс. Газеттің сарғайған беттерін ақтара отырып, оқырман назарына ұсынғанымыз соның бір парасы ғана.


Өткеннен – сабақ, болашаққа – бағдар
Осы мәселе бүгінгі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Әлі сол күрмеулі түйін тарқатылмаған, шешімін таппаған күйінде қалулы. Салыстырып қарасақ, қазірде оны жүйелі жолға қоюға қажетті күш те, мүмкіндік те жеткілікті. Тек соған жұмылатындай мүдделілік пен көзқарас, ынта мен жігер, азаматтық позиция мен жауапкершілік жетіспейді. Бұл ащы да болса шындық. Өскелең ұрпақтың өткеннен алар сабағы да, болашаққа бағдары да осы болса керек.
Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз