ТӘРКІЛЕНГЕН БАЛЫҚТЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ – БЕКІРЕ

6b4d2117bf609180bcb0e8f3e6f8f96f 696x447 1 Жаңалықтар

Жайық-Каспий бассейнінде жыл сайынғы «Бекіре-2021» балық қорғау акциясы аяқталды. Бұл туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының баспасөз қызметі хабарлады.

Екі ай мерзімге созылған іс-шараны Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдарының, шекара қызметінің өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1262 дерегі тіркеліп, қылмыстың жолы кесілді. Кінәлі деп танылған 862 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Одан бөлек, 114 іс бойынша жинақталған материалдар сот органдарына жолданды. Браконьерлік әрекеттеріне, соның ішінде, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерін заңсыз аулаумен айналысу фактілеріне қатысты 56 қылмыстық іс қозғалып, сотта қаралды. Заң бұзушыларға 15,4 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, мемлекетпайдасына өндіріліп алынды.

Мұның сыртында заңсыз айналымға түсіп, қолды болған 36 тоннаға жуық «су маржаны» тәркіленді. Оның астам балық алынды, оның ішінде 4,6 тоннадан астамы бекіре тұқымдас балық түрлері болып отыр. Сонымен қатар, браконьерлерден 908 бірлік балық аулау құралы, 23 автокөлік пен 95 су көлігі тартып алынды.

Күн сайын жүргізілген өзен арнасы мен теңіз акваториясын сүзу жұмыстарының барысында су айдындарында жалпы саны 3035 бірлік балық аулау құралының заңсыз пайдаланылғандығы анықталып, тиісті шарасы алынды.

Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің мәліметінше, «Бекіре-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында тәртіп сақшылары барлығы 2 тонна (оның тең жартысы бекіре тұқымдас) заңсыз ауланған балықты тәркіледі. Сол сияқты, 240-қа жуық балық аулау құралы 10-нан астам түрлі көлемдегі қайық тартып алынды. Осы кезеңде браконьерлерге қатысты барлығы 246 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркеліп, олардың үстінен 12 қылмыстық іс көтерілді.

Полиция департаментінен алынған ақпараттарға қарағанда, осы кезеңде облыс аумағымен өтетін Астрахан, Ақтөбе, Орал қалалары мен Индер ауданы бағытындағы республикалық маңызы бар, сондай-ақ Атырау қаласының аумағындағы автокөлік жолдарының бойында 35 мобильді топ жұмыс жасады.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз