Тарих: Дуброновадан келген хат
Нарын құмындағы Қаңбақты мекенінен 1942 жылдың ақпанында Ескі Әндірейдегі Есбол аудандық әскери комиссариатына шақырылып, Армияға алынған Сүлеймен Хасановтың жасы сол сәтте он сегізге енді ғана толып тұр еді.
Екі жыл өткен соң Отан қорғауға аттанған інісі Қабдел 1950 жылы ауылға оралған соң бұған дейін хабарсыз кеткен ағасы Сүлейменді іздеуге кіріседі. Әлбетте, ол байланыстың тапшы кезі. Әскери комиссариат арқылы іздегенмен, «хабар-ошарсыз» дегеннен басқа нақты жауап болмапты. Бәлкім, ол кезде соғыс мәліметтері толық айқындалмаған да шығар. Ақыры, бауырының хабарын толық біле алмай, Қабдел ақсақал шерменде күйде бақиға аттанды. Бірақ ол өз ұрпағына Сүлеймен көкелерінің бір хабарын білуді аманаттап кеткен еді.
Жуырда біздің редакциямызға Ақтау қаласынан хабарласқан Талғат Қабделұлы Хасанов неміс басқыншыларымен шайқас барысында ерлікпен қаза тапқан ағасы Сүлеймен Хасановтың жерленген жері жөнінде толыққанды дерек тапқанын айтып, қуанышын бөлісті. Сөйтсек, қатардағы жауынгер Сүлеймен Хасанов 1943 жылдың жазында 153-атқыштар дивизиясына қарасты 557-атқыштар полкі құрамында Смоленск облысындағы қарсы шабуылдау операцияларына қатысыпты. Әсіресе, әскери бөлімнің қайсарлығы әйгілі Ельня-Смоленск азат ету шайқастарында көрініс тапқан. Соның арқасында Смоленск жері толықтай жаудан азат етіліп, қазан айында 557-полк Белоруссия жеріне өтеді.
Онда Витебск облысының Гураки деревнясы маңындағы стратегиялық маңызы бар биіктікті басып алу үшін жауынгерлерге 20 шақырымдық марш жасауға тура келеді. Полк командирі, майор Ф.Федотов 557-атқыштар полкінің майдан жолдары бойынша «Полк продолжает бой» атты еңбегін жазған болатын. Бұл кітапта автор Гураки үшін болған қиян-кескі шайқасты ерекше суреттейді. Оның жазуынша, неміс әскерінің өте ірі бекінісін басып алу барысында Қызыл Армия жауынгерлері күшейтілген екі қорғаныс шебін бұзып өтіп, жау әскерлерімен қолма-қол төбелесуден де тайсалмаған. Мұндай ұрыстар майдан даласында кезкелген жерде болуы мүмкін дегенмен, ондай батыл қимылдар нағыз ерлік саналатын. Қолма-қол ұрыспен аяқталған осы шайқаста полктің басым бөлігі ерлікпен қаза табады.
Отан үшін мерт болған 62 жауынгердің қатарында 19 жасар Сүлеймен Хасанов та бар еді. Олардың мүрдесі әуелі сол кездегі әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Белорус КСР-іне қарасты Могилев облысының жаудан азат етілген Гураки деревнясындағы бауырластар зиратына жерленген. Бұл 1943 жылғы 17 қараша еді… Бұл жөнінде Москва облысында орналасқан Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас Храмының «Дорога памяти» мультимедиалық мемориалдық кешен-жобасында анық көрсетілген. Осының негізінде ағасына іздеу салған Т.Хасановқа Беларусь Республикасы Витебск облысы Дубровно аудандық атқару комитетінен 2021 жылғы 4 мамырда жауап хат келеді. Онда соғыс жеңіспен аяқталған соң жергілікті басшылықтың шешіміне сәйке с кішігірім әскери бейіттерді біріктіру мақсатында Гуракиде жерленген сарбаздардың мүрделері (олардың ішінде қатардағы жауынгер Сүлеймен Х а с а н о в ( Сул и й м е н Х а с а н о в и ч Хасанов) та бар) «Красная Слобода» деревнясындағы №4836 бауырластар бейітіне қайта жерленгені айтылады. Бұл зиратта жерленген 2280 жауынгердің е сімі арнайы мемориалдық тақтаға жазылған екен.
Бізге хабарласқан Талғат Қабделұлының айтуынша, іздестіру жұмыстары барысында ағасы Сүлейменмен бір полкте соғысып, Смоленск-Витебск жерлерінде қаза болған бірнеше атыраулықтың бары анықталыпты. Атап айтқанда, Жылыой ауданының сол кездегі А.И.Микоян атындағы ұжымшарынан әскерге алынған Киниш (Канеш) Қитаров (1910 ж.т.-17.11.1943 ж., Гураки деревнясы) Сүлеймен ағамен бірге жерленген. Гураки түбіндегі осы шайқаста Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданының «Қызыл Ту» ұжымшарынан әскерге шақырылған сарбаз – полктің санитарлық инструкторы, «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Рахмет Қабдолов (1908 ж.т.) ауыр жарақат алып, Смоленск госпиталіне жөнелтіледі.
Бірақ жерлесіміз жарақатынан айықпаған күйі сол жылғы 24 қарашада көз жұмып, Смоленск қаласының Тихвин әскери зиратындағы №2386-шы орынға жерленген. Ал, Смоленск облысының Немерзь деревнясында жерленгендердің арасында да атыраулықтар жеткілікті екен. Олар: кіші сержант Успан Джангазиев (1924 ж.т., Есбол ауд., Жарсуат с.); Атравбай Жулуманов (Атыраубай Жоламанов, 1897 ж.т., Жылыой ауд., Құлс ары кәсіпш. Б ұ л с а р б а зд ы ұ л ы Жо л а м а н о в Әжібайдың іздестіргені туралы архив деректері бар, бірақ тапқантаппағаны белгісіз); Вячеслав Ильич Жариков (1924 ж.т., Гурьев қаласы).
Беларусь Республикасы Витебск облысына қарасты Каверзы деревнясында Батыргали Нагуманов (1896 ж.т., Ганюшкино с., «Комсомол» ұжымшары), Ре сейдің Смоленск облысының Азарово с ело сында Акцион Иржанов (Ақсүйін бо — луы мүмкін, 1896 ж.т., Теңіз ауд., «Красный Октябрь» ұжымшары) жерленген. – Ағамызбен майдандас болған тағы бір жауынгер – 1916 жылы туған Шайдолла Досмағұлов атты аққыстаулық азамат ұрыста жараланып, кейін денсаулығына байланысты елге аман оралған. Жауынгерлік ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталыпты.
Мұның барлығы да Сүлеймен ағамды іздеп жүріп тапқан деректерім еді. Мен сияқты қаншама шаңырақ соғыс салған зардаптан жандары жараланды. Соларға с ептігі тиер деген ниетпен редакцияға осы мәліметтерді ұсынып отырмын. Бәлкім, елге пайдасы тиер, – деп ағынан жарылды Талғат Қабделұлы. Шынында да, Хасановтар әулеті сияқты қаншама шаңырақ соғыс салған жараны жаза алмай, майдан даласынан із-түссіз жоғалған жақын-жуығын таба алмай жүр. Араға 78 жыл салып Дубровнодан келген хат үзіле бастаған үмітті қайта жалғағандай болды. Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан ағасына қай жерден топырақ бұйырғанын бауырлары ақыры тапты. Бұл есті ұрпақтың ерлікке деген мәңгі құрметі, ер есімін ардақтау. Ал, ерлікті ұмытпау – ұрпақтың парызы!
Назарбек ҚОСШИЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі