Тариф – төмен бағамен

20180219162614 Жаңалықтар

Елбасының тариф бағасын реттеу туралы тапсырмасы Атырауда нақты орындала бастады. Облыста халыққа арналған электр энергиясы тарифінің бағасы 20 қарашадан бастап 18 пайызға төмендейді. Енді тұтынушы кВт сағатына 4,35 теңгеден төлейтін болады. Кеше облыстық әкімшілікте аймақ басшысының орынбасары Нұрлан Таубаев төрағалық еткен жиында коммуналдық қызметтер тарифтеріне байланысты өзге де жаңалықтар айтылды.

20180219162614

– Қазіргі таңда облыстағы коммуналдық қызметтер үшін тарифтер республиканың басқа аймақтарымен салыстырғанда төмен деңгейде. Мәселен, электрмен және газбен жабдықтау тарифтары бойынша 17 орында, жылу беруде екінші, су және кәріз желісімен қамту тарифында 14-орында, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев.

«Атырау ЖылуЭлектрОрталығы» АҚ бойынша (жылумен қамту) биылғы жылдың 1 сәуірінен 2019 жылдың 31 наурызына дейін тұрғындар үшін 4 449,41 теңгеге (түсім – 1,3 пайыз), ал, заңды тұлғалар үшін 11 320,50 теңге (түсім – 1,3 пайыз, қосымша құн салығынсыз) мөлшерінде жылу энергиясы бойынша уақытша үстемдік орташа өткізу тарифы бекітілген. «АтырауЭнергосату» ЖШС осы жылдың 1 қыркүйегі мен 31 желтоқсан аралығында электр энергиясын бөлшек сату қызметі бойынша жеке тұлғалардың бағасын 5,31-ден 4,51 теңгеге төмендетіп отыр. Бұл облыстық прокуратураның кешенді тексеруі нәтижесінде мүмкін болды. Енді тұрғындар осы жылдың 20 қарашасынан бастап кВт сағатына 4,35 теңгеден төлемек.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев «АтырауСуАрнасы» КМК биылғы тамыздың 1-нен келесі жылдың 31 шілдесіне дейін сумен қамту тарифын тұрғындар үшін уақытша өтемдік тарифы 101,33 (текше метр) теңгеден 97,50 теңгеге, заңды тұлғалар үшін 316,72 теңгеден 307,69-ға (қосымша құн салығынсыз) төмендегенін баяндады. Кәріз желісімен қамту 3 теңгеге кеміпті. Заңды тұлғалар үшін 151,98 теңгеден 140,64-ке азайған.

–  «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның 2018 жылдың 1 тамызынан бастап тұрғындар үшін  газ тарифы 7,27 теңге көлемінде қалды. Заңды тұлғалар үшін 17,49 теңге көлемінде бекітілді, – деді Мұрат Жаубайұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев алдағы уақытта монополистердің тарифтерді негізсіз көтеруіне жол берілмейтінін атап айтты.

«Инвестициялық бағдарламалардың орындалысы қатаң бақылауға алынады. Осы мақсатта арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасайтын болады», – деді ол.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз