ШАТТЫҚ СЫЙЛАҒАН ШЫРША

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен жаңа жылдық қайырымдылық акциясы өтті. Оған әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған отбасы балалары мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдер қатысты.
Жаңа жылдық кешті партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Әлия Әмірова ашып, құттықтау лебізін білдірді. Ол өз сөзінде биылғы жылы қоғамдық қабылдау бөліміне бес мыңнан астам арыз, өтініш түскенін, соның ішінде бүгінгі күні елу бала жаңа жылдық шыршаға шақырылғанын айтты.

Кеш барысында «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов құттықтау сөз сөйледі.
«Балалар – ертеңгі болашағымыз. Сондықтан, оларға не жасасақ та артық емес. Елдегі атқарылып жатқан істердің барлығы болашақ ұрпақ үшін жасалуда. Болашақтарыңыз ашық болсын. Ең бастысы, дендеріңіз сау болып, оқуда үздік болыңыздар!» деген Асқар Төребайұлы партия филиалы атынан балаларға арнайы дайындалған сыйлықтарды табыс етті.
Одан әрі жаңа жылдық кеш мерекелік көріністермен жалғасты. Ертегілер әлеміне саяхат жасалып, түрлі кейіпкерлер рөлі сомдалды. Балалар шыршаны айнала ән салып, би билеп, көпшілікті өз өнерлерімен тәнті етті. Мерекелік сценарийге сәйкес жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар балақайлармен қосыла ән шырқап, кештің сәнін келтірді. Шырша соңында балалар жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз