
”Талшын” театры “Әпке” қойылымын көрсетті
Атыраудағы «Талшын» инклюзивті театры Дулат Исабековтің «Әпке» драмасын сахналап, көрермендерге отбасы құндылығы мен бауыр арасындағы мейірім туралы терең ой салды. Басты рөлді танымал блогер Әлия Досмұханова сомдап, өзінің актерлік дебютін сәтті өткізді. Қойылым «Біз де адамбыз» қорының «Шексіз шығармашылық» жобасы аясында «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асты.
Басты рөлді Атырау жұртшылығына блогерлігімен танымал Әлия Досмұханова сомдап, актерлік дебют жасады. Жастайынан бір қолынан айырылса да, белсенді өмірлік ұстанымымен көпке үлгі болып жүрген Алия бұл рөл арқылы үлкен сахнаға қадам басты.
– Қамажайдың образын алып шығу үлкен жауапкершілік болды. Көрерменге жүрек арқылы жеткізуге тырыстым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді ол.

Бүгінде «Шексіз шығармашылық» жобасы аясында Атыраудағы «Талшын» театры және вокал, би, актерлік шеберлік, арт-терапия бағытындағы үйірмелер, ал Құлсарыда вокал, би және қолөнер бағыттары жұмыс істеп, мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық дамуына және қоғаммен араласуына мүмкіндік беріп отыр.
– «Талшын» театры мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт сыйлап келеді. Екінші жыл жұмыс істеп жатқан театр осы уақыт ішінде жаңа қатысушылармен толықты, сахна оларды тәрбиелеп, ынталандырып, алға жетелеуде. Көрермендердің ыстық ықыласы мен актерлердің еңбегінің бағалануы – үлкен қуаныш. Алда жаңа қойылымдар мен концерттер жоспарда бар. «Теңізшевройл» компаниясына қолдауы, ал көрермендерге жүрекжарды ықыласы үшін алғысымызды білдіреміз», – деді «Біз де адамбыз» қорының жетекшісі Гүлназ Қосмұрзиева.
Тоғжан ЕРМЕК